Ақшаға айналған ағза

Ақшаға айналған ағза

Белгілі трансплантолог дәрігер Ғани Құттымұратовтың уақытша қамау изоляторында (СИЗО) отырғанына жарты жылға жуықтады. Ол күдікті ретінде Қылмыстық ко­декс­тің 116-бабы 3-бөлімі (екі немесе одан да көп адам­ға қатысты адам терісі мен органдарын заңсыз жолмен алу немесе алуға мәжбүрлеу), 264-баптың 2-бөлімі (транс­ұлттық ұйымдасқан топқа немесе трансұлттық ұйым­­ға қатысу) бойынша тергеуге жіберілген. Транс­план­­толог Ғани Құттымұратов 2019 жылдың 1 мамырында ұсталған еді. Әзірге тергеу амалдары жалғасуда.

Трансплантология саласында білікті дәрігер жетіспейді. Санаулы ғана. Сол санаулылардың қата­рын­да Ғани Құттымұратовтың есі­мі аталушы еді. Науқастар да бұл дәрігерге көптеп кезекке тұратын. Ол бұған дейін 300-ге жуық ота жасаған екен. Демек, 300 адамның өмірін сақтап қалды деген сөз. Әріптестері де, науқастар да білікті дәрігердің қамалғанына наразы. Президенттің атына, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрлігіне, Бас прокурорға хат жазып, араша сұрап жатқандар да жетерлік.

 

Елімізде донор тапшылығы тағы бар

Елімізде 9-ға жуық трансплан­тологиялық орталық бар. Олардың дені – Нұр-Сұлтан мен Алматыда. Одан бөлек Ақтөбе мен Шым­кентте ғана бар. Келешекте Өс­ке­мен қаласында да транспланттау орталығын ашу көзделіп отыр. Ал осындай операция жасайтын білікті мамандар саны да көп емес, он шақты адам.

Ағза ауыстыруға мұқтаж жан­дардың көбі – бүйрегі сыр бер­гендер. 200-ге жуық адам жүрек алмастырғысы келеді. Бүйрек ке­зегінде тұрғандар саны – 5 500. Одан кейінгі орында – бауыр, сосын ұйқы безін алмастырғысы келетіндер тұр. Операция жасат­қысы келетіндер саны да жыл сайын артып келеді. Керісінше, операция өте аз жасалады. Ағза алмастыру бойынша операция жасау 2012 жылдан басталған. Жыл сайын шамамен 300-дей операция жасалады. Оның көбі – бүйрек пен бауыры ауыратындар. Елімізде жүрек, өкпе, бауыр, бүйректен бөлек, ұйқы безін де сәтті алмас­тырып жүр. Демек, донор табылса, ауру бүйрегіңізді сау бүйрекке алмастырып алу оңай шаруа се­кілді. Мәселе – донор табуда. Өзі­не сәйкес келетін донорды он жыл­дап күтетіндер бар. Елімізде ағзасын транспланттауға мұқтаж адамдар өте көп. Сосын амалсыз мәйіт донорын іздеуге тура келеді. Оның өзінде «рұқсат етпейтін» туыстар көп. Белгілі хирург Жақ­сылық Досқалиевтың айтуынша, «Егер адам тірі кезінде өзі өлгеннен кейін ағзама тимеңіз десе, оған ешкім қол ұшын тигізбейді. Қолхат жазылмаса, дәрігердің шешімімен ағзаларын алуға рұқсат. Әдетте, донорлыққа рұқсат бергісі келе­тіндер учаске дәрігеріне барып, мәйіт донорлығына келісім бере­тінін жеткізеді. Одан кейін толық тексеріс жүргізіліп, қолхаттың бір нұсқасы – координациялық ор­талыққа, екіншісі – туысқандары­на жолданады. Донорлық туралы мә­ліметтер базада сақтаулы, жа­бық күйде болады. Заңда туыс­қандарының рұқсатынсыз алуға болады. Дегенмен біз небәрі 18 мил­лион тұрғыны бар, енді дамып келе жатқан елміз. Сондықтан жақындарымен келісіп жасаған дұрыс деп санаймыз. Тірі адамнан гөрі мәйіт донорлығы тиімдірек. Өйткені оның бірнеше ағзасын алып, көп адамның өмірін сақтап қалуға болады» дейді.

Бірақ тірі кезінде өзі рұқсат бермесе, кез келген адамның ағза­сын алуға болмайтыны тағы бар. Оған заңмен тыйым салынған. Оны тек «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексінің 169-бабы 10-тар­мағына сәйкес реттеуге тура келеді. Ал 169-баптың 3-тармағында: «Адамның тіндерін (тіннің бір бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзасының бір бөлігін) сатуға, сатып алуға тыйым салынады» де­лінген. Демек, ағза алмастыру қалай болса, солай емес, тек заңды түрде жүзеге асуы тиіс.

 

Жабайы нарықтың күні өткен

Әлемде жыл сайын 100 мыңнан астам ағза ауыстыратын көрінеді. Оның ішінде ең көбі – бүйрек пен бауыр алмастыратындар. Америка, Африка, Еуропа, Шығыс Жерорта теңізі аймағы, Тынық мұхитының батыс бөлігі, Оңтүстік-шығыс Азия аймағы елдері донорлық пен транспланттау бағдарламасын көп қолданатын көрінеді.

Кез келген денсаулығы дұрыс адам донор бола ала ма? Ағзаны ауыстыру үшін донор мен науқастың қан тобы бірдей және 70 пайыздан астам тіндер сәйкестігі болуы шарт. 18 бен 65 жасқа дейінгі адамдардың ағзасын ауыстыруға болады. Бірақ ағза берушіге де қойылатын талап қатаң. Сонымен, донор табылды делік. Бірақ ағза алмастырудың да өз тәртібі бар емес пе? Айналып келгенде науқас квота мен ақылы көмекке жүгінуге мәжбүр. Жан қиналғанда, қолдан келетін шараның бәрін істеуге ұмтылатыны жасырын емес.

Ішкі істер министрлігі крими­налды полиция бөлімінің мәлі­метіне сүйенсек, елімізде биылғы жылдың өзінде адам саудасына қарсы күрес бойынша 141 қыл­мыстық іс қозғалған екен. Соның 59-ы – адам ағзасы мен тіндерін саудалауға қатысты. Қазақстанда 2017 жылдан бастап адам ағзасын заңсыз саудалайтын трансұлттық қылмыстық топ жұмыс істеген. До­норды Өзбекстан, Қырғыз­стан мен Украинадан әкелген. Ал реципиенттерді Израильден алдыртқан. Жақында ІІМ адам ағзаларын трансплантациялаумен айналысатын трансұлттық ұйым­дасқан қылмыстық топты құрық­тады. Ведомство өкілдерінің ай­туынша, қылмыскерлер мен ме­дицина қызметкерлері донорды өзара «ет» деп атайтын көрінеді. Полиция қызметкерлерінің бол­жа­мынша, олар 50-ден астам заң­сыз ота жасап, 10 млн АҚШ дол­лары көлемінде пайда тапқан де­седі. Кезек күтуге мүмкін болмаған жағдайда амалсыз осындай «кезек­сіз» ота жасататын қадамға бара­тын секілді. Халі мүшкіл науқастың күтіп отыруға уақыты жоқ. Осыдан барып, қылмыс күшейіп, әртүрлі топ құрылады.

Донор демекші, Информбюро ақпарат агенттігі Украина ұлттық полиция төрағасының экс-орын­басары Вячеслав Аброськиннің Facebook-ке жариялаған постынан үзінді келтірді. Онда: «Қазақстанда бірнеше адам тұтқынға алынды. Олардың арасында – трансп­лантолог та бар. Бүйрегін сатқан­дардың 20-сы – Украина азама­т­ы. Әр бүйрегі үшін 10-15 мың доллар көлемінде ақша сұраған. Біздің бір жерлесіміз бүйрегін обыр дертімен ауыратын әйеліне ақша қажет болғасын амалсыз осындай әрекетке барса, екіншісі өмір сүру үшін сатуға мәжбүр болған. Мұның бәрінің артында адам қайғы-қасіретінен пайда табатын халықаралық қылмыстық топ тұр» деп жазады.

 

Кім ағзасын бере алады?

Бүйрегін беріп, донор болған­ның бірі – әріптесіміз Әдебиет Белгібайұлы. «Мен бүйрек доноры болдым. Елімізде қазір көптеген науқас ағза ауыстыру кезегінде тұр. Апамның ұлы, яғни жиенім креа­тинині (оны денсаулық саласын­дағылар жақсы біледі) күрт көте­ріліп, жағдайы қиындап кеткенде, маған апам хабарласты. «Жаңа­бекке көмек керек» деді. Жиеніме жараса, «бір бүйрегімді берейін» дедім. Айтпақшы, бұл операцияға дейін, жиеніме туған апасы бір бүй­регін берген болатын. Үш жыл­дан кейін сыр берді. Біраз туыстары анализ тапсырды. Бірақ менің қан тобым ғана сәйкес келіп, донор болдым. Дәрігерге жеке бас құжаты мен нотариус арқылы туыстығы­мызды дәлелдейтін қол қойылып, мөр басылған арнайы қағаз бердік. Ал қалғаны толық медициналық тексеру болды. Жалпы, бастағы шаштан бастап, аяқтағы тырнаққа дейін тексеріп шықты. Бізде бөтен адамдарға ағза сатуға болмайды. Туғаны ғана донор бола алады. Бұл да дұрыс. Әйтпесе, ағза сату қыл­мысы өршіп кетер еді. Жалпы, қай­тыс болған адамдардың ағза­сын реципиенттерге беруге қарсы емеспін. Өйткені қаншама адам кезекте тұр. Егер «мәйіттің ағзасы бір адамның өмірін сақтап қалса, неге пайдаланбасқа?» деп ойлай­мын. Әрине, оған келісім беру-бермеуді әр адамның өзі, сосын туыстары, ағайындары шешетіні белгілі. Бастысы, қылмыстық жол­мен емес, туыстық, заңды жолмен шешілгені дұрыс» дейді.

Операцияны кез келген адам жасай алмайды. «Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орын­басары Ерік Байжүнісов өзінің Facebook-тағы парақшасында: «Науқас қайтыс болған клиника дәрігерінің ағзаны кесіп алуына тыйым салынады. Ол үшін арнайы маманданған топтар бар. Солар ғана науқасқа қажетті ағзаны алуына болады. Ондай сәтте әрбір минут қымбат. Еліміздің екінші бір түкпірінде сол ағзаны күтіп жатқан науқас бар. Сол үшін де бұл опера­цияның құны жоғары» деп жазады.

Ал «Ұлттық ғылыми кардио­хирургия орталығы» АҚ төрағасы Юрий Пя БАҚ-қа берген пікірінде: «Донордың жетіспеушілігі қоғам болып атсалыссақ қана шешімін таппақ. Біздің елімізде туыстары марқұмның ағзаларын қайырым­дылыққа беру керек дегенге ке­ліспейді. Сондықтан жылына ары кеткенде, 8-20 трансплантация жа­сай аламыз. Бұл – өте төмен көр­сеткіш. Дәрігер ағзаны заңсыз жинады деп айыпталғалы бері жағдай тіптен күрделене түсті. Соңғы бірнеше ай ішінде біздің клиникада бірде-бір өкпе мен жүрек трансплантациясы жасалған жоқ» дейді. Қалай десек те, адам өмірін құтқарып қалуды ғана ой­лайды дәрігерлер.

Осыдан бір жыл бұрын «Ай­қын» газетіне (17 наурыз, 2018 жыл) берген пікірінде Республи­калық трансплантация орталығы басшы­сының орынбасары Серік Наға­шы­байұлы отандық транс­планто­логияның көш ілгері жыл­жып келе жатқанын айтқан бо­латын. Ол: «Қазақстанда транс­плантология саласы қарқын алып келеді деп айтуға негіз бар. Жыл­дан-жылға жасалған оталар мен трансплан­тология орталық­та­ры­ның саны артып келеді. Еліміздің медици­налық оқу орындарында арнайы трансплантология бағыты жоқ. Бізде трансплантолог дәрі­герлерді хирургия саласы маман­дарынан дайындау тәжірибесі қалыптасқан. Оларды жаңа салаға бейімдеу үшін шетелден арнайы мамандар ша­қыр­тып, шеберлік сыныптарын өт­кіземіз. Біздің ма­мандар да Бела­русь, Оңтүстік Корея, Түркия, Жа­пония, Еуропа мемлекеттеріне ба­рып, дайын­дықтан өтеді. Сонымен қатар трансплантология орталықта­рын­да дене мүшелерін алу, сақтау және қажетті ағзаға қондыру тә­жірибесі бойынша сабақтар жүр­гізіледі. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы ко­дексте до­нордың екі түріне рұқ­сат беріл­ген: біріншісі – науқастың туыс­тары не оған қайтарымсыз ­не­гізде ерікті түрде көмек бергісі келген эмо­ционалды донор (досы, көрші­сі не өзге бөгде адамдар), ­екін­шісі – тірі кезінде дене мүше­лерін мұқтаж адамдарға беруге қар­сылық білдір­мегенін жақын­дары растаған өлі донор» деген болатын.

 

Сөз соңы

Донор мәселесі – ең өзекті тақырыптың бірі. Бүгінде трансплантация жасау тұрғысынан Израиль­дің көш бастап тұрғаны бел­гілі. Оның себебі – аль­труист донор көп. Олар өз еркімен келісім бере алады. Әрі науқасқа туысқан болу міндет емес. Елімізде туыс­қаны ғана донор болуға мүм­кіндігі бар. Өйткені бізде коммерциялық тұрғыда до­нор болуға тыйым салын­ған. Солай бола тұра, өз кәсібін «дөңгелетіп» отыр­ған трансұлттық қыл­мыс­тық топтарға шектеу қоя аламыз ба? Мәселе – осында.

Ең өкініштісі, науқас до­норға, донор «ақшаға» тәуелді заман болып тұр... Шерхан Мұртаза ағамыз айт­қандай, «Бір кем дүние!..».

 


Бөрте ҚОҢЫРАТ