Нұрлан ӘБДІРОВ, Мәжіліс депутаты: Қажетті сүзгі елді қуатты етеді
Нұрлан ӘБДІРОВ, Мәжіліс депутаты: Қажетті сүзгі елді қуатты етеді
137
оқылды

Заңгер ретінде айтарым, Президент Қ.Тоқаев қабылдаған шешім Ата заңға толық сәйкес келеді. Ол ұлттық қауіпсіздікті қорғауға бағытталған.

Қазіргі кезде қоғамда жауапкершілік мәселесі бойынша үлкен сұрау бар. Әр саладағы, әр өңірдегі, әр кәсіпорындағы жағдайға кім дербес жауап береді? Бүгін ел Парламенті қабылдаған заң жобасына сәйкес, өз бағыныштыларының сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін енді бірінші басшы да жауап беретін болады. Осының барлығы – бір қисын және ол дұрыс.

Елді дүрліктіріп отырған қауесетке қарсы дәйектеме келтіру үшін екі құжатқа үңілсек, жеткілікті. Бірі – 2012 жылғы «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңы, екіншісі – өткен жылғы «Қауіпсіздік кеңесі туралы» заңы. Екеуі де ел Конституциясы негізінде жасалған. Бірінші құжатта ұлттық қауіпсіздікке не жататыны нақты айтылған. Ең басты үш қауіпсіздік нысаны бар, бұлар – адам; қоғам; мемлекет.

Сондай-ақ заңда ұлттық қауіпсіздікке төнген тәуекелдер атап көрсетілген. Олардың барлығы Қауіпсіздік кеңесінің назарында.

Қауіпсіздік кеңесі жыл сайын елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Үкіметтің есебін тыңдап отырады. Оған экономиканың барлық салаларының ахуалы кіреді.

ҚК отырыстарында министрлердің, салалардың бірінші басшыларының есептері тыңдалады.

Бұдан бөлек, заңда атап өтілгендей, әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдар басшылығы лауазымына тағайындалатын кандидатураларды міндетті түрде Қауіпсіздік кеңесі талқылап, қарайды.

Өйткені бұл – конституциялық орган. Оның құрамына биліктің заң шығару, атқарушы және сот тармақтарының басшылары тегіс кіреді.

Қандай да бір саланың тізгіні сеніп тапсырылатын тұлғаның осы алқалы орган сүзгісінен өткені маңызды. Мен мұны тамаша тетік деп санаймын. Ол үздік мамандар, барынша дайындалған тұлғалар басшы болуына ықпал етеді.

Мынаған назар аударыңыз: Қауіпсіздік кеңесінің құрамын, яғни оған кім кіретінін ҚК төрағасымен келісе отырып, Қазақстан Президенті айқындайды!

Қауіпсіздік кеңесі шешім қабылдауы үшін оның барлық мүшелерінің кем дегенде 50 пайызы жақтап дауыс беруі керек.

Ендеше Мемлекет басшысының аталған Жарлығы қажетті, әрі пайдалы құжат. Ол жоғарғы менеджментке қатысты қоғамда қордаланған көптеген сұрақтардың жауабын беріп, мәселелерді шешуге мүмкіндік береді деп сенемін.

Елімізде қос билік болуы мүмкін емес. Себебі, ақырғы шешімді ел Президенті қабылдайды. Жарлыққа қол қоятын да сол. Ешкім де оған қандай да бір шешімді таңа алмайды. Біз унитарлы мемлекетпіз. Бізде тек бір ғана Мемлекет басшысы бар.