Жалпы, әлемде 10 жыл сайын сұраныстағы мамандықтар ауысып отыратын дағды бар. Дегенмен пандемия осы дағдыны аз уақыттың ішінде ілгерілетіп жіберетіндей көрінген. Күнделікті өмір ағымы өзгеріске түскен соң, шынында да солай боларына сендік. Індет жайлағалы жарты жылдан астам уақыт өтті, ал сұраныстағы мамандықтар өзгерді ме?
Біз күткендей болмады
Төтенше жағдай кезінде күнделікті тіршілік пен жұмыс істеудің өзі мұңға айналған болатын. Күнделікті тұрмысқа қажетті дүкен, дәріханалар қызметін айтпағанда түгел саланың жұмысы ақсады. Сол кезде жұмыс ұсынушы агенттіктердің басым бөлігі келешекте қай саладағы мамандардың тасы өрге домалайтынын айтып, болжам жасап жарысты. Болжам демекші, көбінің қисыны бір арнаға тоғысқан. «Қазіргідей білек күшін талап ететін жұмыстар қалыс қалады, көп қызмет қашықтан атқарылып, технологиялық эволюция болады» десіп жатты. Яғни, қарабайыр тілмен жеткізсек «online өмір» дәуіріне қадам басқандай болдық. Бірақ карантин сәл жеңілдеп, баяғы өмір қалыпты арнасына түскендей болғанда сұраныстағы мамандықтар аса өзгере қоймапты. Жоғарыда айтқан «технологиялық эволюцияның» шаңы да көрінбейді. Мысалы, жуырда еліміздегі тұрғыны ең көп қала Алматыдағы сұранысқа ие мамандықтардың тізімі жарияланды. Тізімге көз жүгіртсек, ең тапшы мамандықтардың алғашқы орнында күзетші (702 бос орын) тұр екен. Одан кейін әлеуметтік қызметкер (629 бос орын) мен дәнекерлеуші (567 бос орын) жайғасыпты. Содан соң өнеркәсіп, құрылыс саласы болып жалғасып кетеді. Бір қызығы, оңтүстік астанамызда қызметкерлері шамадан тыс артық мамандықтардың көшін хирург дәрігер, терапевт дәрігер мен шет тілі мұғалімдері бастапты. Мұнымен келісуге толық негіз бар, себебі еліміздің барлық өңірінде дәрігерлер жетіспей жатқанда Нұр-Сұлтан мен Алматыда олардың тым көбейіп кеткенін осы уақытқа дейін жазғанбыз. Енді елорданың еңбек нарығына көз жүгіртсек. Мұндағы халықты жұмыспен қамту орталығының қыркүйекте шығарған дерегіне сенсек, алғашқы орында құрылыс саласының мамандары сұранысқа ие екен. Атап айтқанда, инженер, тас қалаушы, арматурашы мен бетоншы және учаске электригі. Өз кезегінде сауда саласында кадр тапшылығы байқалған. Сатушы, кассир, менеджер мен жанармай құюшы жетіспейді. Біз мұны жеңілдетілген карантин кезінде қайта жандана бастаған сауда-саттықтың әсерінен деп ұқтық. Дегенмен дәрігері жеткілікті деген бас қалаға санитарлар мен медбике тапшылығы білініпті. Сонымен, қаптаған болжамның орындалмауына не себеп болды? Әлде, аяқасты бүлінген тіршілік кезінде сарапшылар ойында да «уақытша дүрбелең» болды ма екен? Ал Account expert агенттігінің директоры Алена Соколова сұраныстағы мамандықтардың айтарлықтай өзгере қоймайтынын әуел бастан білгенін айтады. – Карантинде сәл ғана өзгеріс болды. Мүмкіндігі бар көп жұмыс орындары қашықтан жұмыс істеуге аздап үйрене бастады. Жеткізу қызметі ілгері басты. Жалпы, «карантиннен кейін қай мамандық сұраныста болады?» деген сауал маған көп қойылды. Ұстанымым біреу – айтарлықтай өзгеріс болмайды. Көп адамның сіз айтқандай «технологиялық эволюция» боларына сенген болжамын талай естідім. Оның уақытша дүрбелең екенін де білдім. Өзгеріс күту үшін адамдардың санасында жаппай жаңа дүмпу болу қажет. Пандемия алғашында бәрінің мазасын алды, түрлі әңгіме тарады, бұл да – соның бір айғағы. Өмір уақытша шектелді, бәрі қайта қалпына түсті. Солай жалғаса береді, – дейді ол.Жұмыс іздеген көп, жұмыс аз
Пандемия жағдайы болмай тұрғанда, 2020 жылы ақпанда Еңбек ресурстарын дамыту орталығы еңбек биржасына 1 миллионнан астам бос жұмыс орны орналастырылатынын хабарлады. Сұраныста болатын мамандыққа дәрігер мен мұғалімдерді жатқызған. Қазір де осы екі мамандық сұраныста, өзгеріссіз қалды. Бірақ бос жұмыс орындарының саны едәуір азайыпты. Дәл сол Еңбек ресурстарын дамыту орталығына қарасты enbek.kz сайтында еліміздегі барлық өңірді қоса алғанда 44 мың бос жұмыс орны бар екен. Алайда түйіндеме саны одан 6 есе көп – 263 мың. Ал сұранысқа ие мамандықтар тізімін көбіне жалдамалы жұмыс түріне жататын қосалқы жұмысшылар бастаған. Әрі қарай күзетші, медбике мен біліктілігі жоқ құрылысшы, тәрбиешілерге сұраныс бар. Бұл стастистика елдегі жағдайдың айқын көрінісі деп кесіп айта алмаспыз, бірақ шындыққа жақын. HeadHunter мамандары карантиннен кейін сұраныс артатын мамандықтарға жасаған болжамы да айтарлықтай өзгерістің болмайтынын аңғартатын секілді. Тек екі саладағы өзгеріс байқалды – турагенттіктер мен экскурсия жетекшілеріне сұраныс азайды, ал интернет-дүкендерінің сатушы-менеджерлерінің айы оңынан туды. Қалғаны бәз баяғы қалпында. Қазақстанда бұрын да сұраныста болған дәрігер, мұғалімдер мен құрылысшылар әлі де тапшы. Күзетші мен сатушыға сұраныстың артуы – заңды. Себебі карантин кезінде уақытша жабылған мекемелер мен сауда орындары осы жұмысшыларды босатуға мәжбүр болды. Енді олардың қайта көбейер жөні бар. Түйіндей келе, бір жайтты ескере кетсек, көрші Ресейде «Жаңа мамандықтар бағдары» атты ХХІ ғасырда әлем үшін сұраныста болатын мамандықтар негізінде бағдарлама әзірленген. Осы бағдарламада дүниежүзінде айы оңынан туған төрт сала көрсетілген екен, олар – ғылым мен ғарыштағы байланыс, бизнес пен ақпараттық технология, жарнама және сауда, білім мен медицина. Елімізде аталған төрт саланың соңғы екеуі сұраныста. Бірақ біз үшін жар сала айтқан «технологиялық эволюцияның» ауылы әлі алыс секілді.Мадияр ТӨЛЕУ