Әйелдер денсаулыққа салғырт қарайды
Әйелдер денсаулыққа салғырт қарайды
1,231
оқылды

Кейінгі 5-10 жыл ішінде гинекологиялық аурулар «жасарып» барады. Бұл жөнінде Belon Medical орталығының директоры Дариға Сабденова ой қозғап, мәселе көтерген еді. Оған қоса, қыз-келіншектер үй жағдайында емделуге әуес екен.  Гинекологтер әйелдердің тексеруден өтуді кейінге қалдырып, салғырттық танытатынын айтады. Көбінесе мұның соңы аурудың асқынуы мен бедеулікке әкеледі. Сондықтан дәрігерлер әйелдердің гинекологиялық сауатын арттыруды жолға қоюды ұсынады.

Бақсы-балгерлерге баратындар әлі бар

Гинекологтер тексеруден өтудің, кон­сультация алудың маңызды екенін жиі ай­тады. Неліктен? Өйткені етеккірдің уақы­тылы келуі денсаулықта кінәрат жоғын білдірмейді. Гинеколог Дариға Сабденова БАҚ-қа берген сұхбатында 16 жастағы бойжеткеннен де жатыр мойны аурулары анықталғанын айтқан. Демек, уақытылы тексеруден өту – денсаулық ке­пілі. Се­бебі қоғамда жатыр мойны жаралары, жа­тырдағы қатерсіз ісік, жыныстық жолмен жұғатын ауру түрлері көбейген. Сол үшін гинекологтер жүк­тілікті жоспарлаудан бастап, витамин мен екпе қа­былдауды дәрі­гермен ақылдасып шешкен дұрыс еке­нін ескертеді.
"Еліміздегі біраз әйелдің қателігі – өз білгенінше әрекет ету. Жүктілікке жос­парды метронидазол(метрид,метрогил) мен ыстық укол (кальций хлорид) сал­дырудан бастайды. Мұның арты бірнеше асқынуға алып келетінін білмейді,мәселен жүрек фибрилляциясы,психикалық бұзылулар,депрессия,ауызда бор дәмін сезіну,есекжем,метаболизмдік бұзылу,енгізу орнындағы реакциялар: көктамыр бойлай ауыру және гиперемия. Елден не естісе, соны істеуге құмар. Содан жатырдағы инфекцияға қарамастан бала көтереді. Соңы түсік тастау, ерте босану мен іштегі баланың дамуына кері әсер етеді. Мысалы, қыздар тұрмысқа шыққан соң 1-2 ай бала көтере алмаса, дюфастон препаратын қа­былдайды. Ал бұл овуляция кезеңі жұ­мысын шектейді. Яғни, аталған дәріні іш­кен әйелде біразға дейін овуляция бол­майды. Ал бала көтеру үшін овуляция ке­зеңі маңызды. Бала көтере алмау себебін ги­неколог тексеруден соң айтып береді. Мә­­селен, овуляция күніне түспеу немесе ер мен әйелге жай ғана микроэлемент же­тіспеген болар», – дейді гинеколог Сым­бат Нұрқожақызы.
Дәрігердің айтуынша, бала көтермес бұрын ке­шен­ді тексеруден өтіп, қан тал­дамасын жасау ке­рек. Бұл арқылы ағзаға же­тіспейтін витаминдер мен кем­шілікті анық­тауға болады. Әрі ер-азаматтың да қа­былдауға келіп, қан талдамасын жасағаны аб­зал. Өйт­кені әйелдің де, ер адамның да ағзасында инфек­ция болуы мүмкін. Сымбат Нұрқожақызының сөзіне мән берсек, бала көтерген соң да дәрігерге бармай, «өзім білемінге» салатындар бар екен. Себебі қазір әйелдер арасында бақ­сы-балгердің көмегіне жүгініп, өзіндік ем қолданушылардың қатары көп. «Бізде әйелдер бала көтере алмаса, бақсы-бал­гер­лерге барады. Бұл – дұрыс емес. Алдымен қан талдамасын тапсырып, бойындағы кемшілікті білу керек. Мы­салы, маған осыған ұқсас оқиғасын ай­тып бір келіншек келді. Оған қоңыр түс­ті етеккір келген. Бұл – іштегі балаға қа­уіп төнгенін білдіретін сигнал. Ал әйел  себебін анықтау үшін гинекологқа емес, бақсы-балгерге барған. Ол жатырға мас­саж жасап берген. Артынша әйел түсік тас­таған. Осындай жағдайға тап болмас үшін әйелдердің гинекологиялық сауатын ашып, ақпарат кеңістігін кеңейту қажет», – дейді гинеколог Сымбат Нұрқожақызы.

 Комплекс дейтін бір түйін...

Ал гинекологтер айтқан тексеру құны қанша теңге? Мұны қарапайым әйел­дің қалтасы көтере ме? Айта кетерлігі, егер бала көтерген әйел өзі тіркелген ем­ханада талдамалардың бірқатарын тегін тап­сыра алады. Талдаманы жекеменшік кли­никада тапсырғысы келсе, 30-40 мың тең­ге қаражат керек. Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы ЭКО бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Тілеу­лесқызының айтуынша, бедеулік себебін анықтау талдамалары 70 мың теңгеден бас­талады. Әйелдердің дені талдаманы жеке­меншік клиникада жасауды құп көреді. Консультация мен кешенді тексерілуде де аталған емханалардың қызметіне жүгінеді. Мәселен, кейіпкеріміз Самал Мақсатқызы бірінші жүктілігінде түсік тастаған. Себебі мен салдарын анықтау үшін өзі тіркелген емханаға барған. «Түсік тастағаннан кейін екінші рет мұндай жағдай қайталанбауы үшін ем­делуді жөн көрдім. Гармон түріне, ин­фекцияға және тағы басқаларына тал­дама жасаттым. Мұның бәрі 70-80 мың теңге тұрады. Алғашында тіркеуге тұрған №17 поликлиникаға бардым.  «От­басын жоспарлау» кабинетіндегі гине­кологтер бірнеше сұрақ қойып, жауап алды. Кейіннен олардың жеке кітапшама «жа­ғын­дыға (мазок) талдама алдым» деп жаз­ғанын білдім. Оның үстіне, алғашқы жүк­тілік кезінде цистит мазалаған. Сонда ги­некологтерден «осы уақытқа дейін қа­лай емделмей жүрсің?» деп кекесін біл­діргені бар. Мұндай атмосферада тек­серуден өткім келмей, жекеменшік кли­никаны таңдадым», – дейді Самал Мақсатқызы.

Салғырт қараудың соңы – бедеулік

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әйелдер арасындағы бедеуліктің  20, ер­лер арасындағы бедеуліктің 22 себебін анықтаған. Бірінші кезекте – инфекцияны асқындырып алу мен өзін-өзі емдеу тұр. Ана мен балаұлттық ғылыми орталығы ЭКО бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Тілеулесқызының айтуынша, үй жағдайында ем-шара қолдануға мүлдем болмайды. «35 жасқа дейінгі әйелдер 1 жыл ішінде бала кө­термесе, міндетті түрде тексерілуге келуі керек. Ал 35 жастан асқан жандар көп уақыт өткізіп алмай, 6 ай ішінде тексерілуден өтуі қажет. Ерлі-зайыптылар ұзақ уақыт балалы болмаса, «шешімі  – ЭКО» деп ойлау қате.  Мүмкін, әйел жас кезінде жатырында қабыну болып, оны өз білгенінше немесе толыққанды емдемеген болар. Содан жатыр түтікшелері бітеліп қалғанын білмеуі мүмкін. Неғұрлым се­бе­бін ерте анықтаса, соғұрлым жақсы», – дей­ді гинеколог Гүлнар Тілеулесқызы. Сондай-ақ дәрігер әйелдердің пси­хологиялық күйі де бала көтеру-көтер­меуіне әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, іштей дайындықты да гине­колог­пен бірге бастаған жөн. «Анам 8 бала көтерген жан, менің бала көтермеуім мүм­кін емес» деп ойлаудың қате түсінік екенін баса айтты. Өйткені орталыққа келген әйелдердің біразы спортпен ай­на­лысатынын, көпбалалы отбасында тәр­биеленгенін алға тартады екен. «Орталықта әйелдер арасында анонимді сауал­нама жүргіздік. Себебі  неліктен олардың дәрігер көмегіне кеш жүгінетінін білгіміз келді. Нәтижесін ағылшын тілінде жарық көретін халықаралық журналда жарияладық. Расымен, елімізде әйелдердің гинекологиялық сауаты төмен. Өйткені сауалнамаға жауап бергендердің көбі тексеруден өту жолдары жайлы ақпаратты білме­ген», – дейді Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы ЭКО бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Тілеулесқызы. Жоғары білікті дәрігер жастардың ақпаратпен сусындап, гинекологиялық сауатын көтергенін қалайды. Сонда бедеу­ліктің алдын алуға, дені сау ұрпақ сүюге мүмкіндік көп екен.  Өйткені сәбидің жа­тыр ішінде 6 айға дейін қалыпты дамуын қадағалау маңызды. Мәселен, жатырдағы нәресте ұл болса, анасы қабылдауға бол­майтын препараттарды ішсе, бала крип­торхизмге шалдығуы мүмкін. Ал крип­торхизм ерлер арасындағы бедеулікке әке­ле­ді. Әрине, мұны да ерте сатыдан анық­тап, емдеуге болады. Сондықтан дерт­ті дер кезінде анықтап, шипа табу кім­ге болмасын қажет-ақ.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ