Тойхана тігін шеберханасы болды
Тойхана тігін шеберханасы болды
312
оқылды

Әлемді дүрліктіріп, экономика саласын құлдыратуға дейін жеткізген пандемиядан соң бизнес саласы өз қызметтерін әртараптандыра бастады. Сәулеті жарасқан, аумағы атшаптырым тойханалар халық  сұранысын қажет еткен жобаларға ыңғайланып қайта жарақтандырылуда.

Атыраулық кәсіпкер  Мейрамгүл Иман­ғалиева кәсіпкерлікке жан-жақты дайындықпен келген. Бала тәрбиесімен үйде отырған ана бастапқы кездері өзінің ісмерлік өнерімен «Ханшайым мақпалы» деп аталатын екі метр матадан көрпе тігіп табыс табуды бастайды. «Мен тігіншілік ісімді бастағанда   құрақ көрпе жалпыда бірдей болмады.  Үйде тапсырыс қабылдап, ісімді ұлттық нақыштағы көрпе-төсек тігуден бастадым», – дейді Мейрам­гүл Иманғалиева. Үлкен тәжірибе жинаған ісмер 2016 жылы өз кәсібін ашады. Ұлттық үлгідегі қыз жасауы мен киім-кешек және түрлі бұйымдарды сәндеп тігетін шебер отбасылық өнерін кеңейтіп, тапсырыс көлемін арттырған. Кәсіпкердің айтуынша, қазір жалпы әлемде болып жатқан қиындыққа қарамастан, қыз жасауына сұраныс артып келеді. «Тапсырыс көбейіп, қызметкерлер саны артқан соң шағын цехқа сыймауға айналдық. Сол себепті наурыз айынан бері Атырау қала­сының іргесіндегі Көкарна ауылында бос тұрған «Ажар» тойханасын жалға алып, жұмысымызды жандандырдық», – дейді М.Иманғалиева. Цехқа соңғы жылдары оюға арналған екі лазерлі станок алынған. Қазір айына 100-150 дана жинаққа тапсырыс түсіп тұр. Кәсіпкер тігін цехында қызмет істейтін 25 тігіншіні тегін түскі аспен қамтып отыр.  Қызметкерлері 150 мың теңгеге дейін жалақы алады. Сайып келгенде, ұлт амандығы қыл үстінде тұрған қауіпті күнде де қазақ халқын ұлттық өнер табысты етіп, тұрмыстық жағдай­дың тұралап қалмауына септігін тигізіп отыр.  width=     Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы