Еліміздегі барлық ауылдың 2 мыңы немесе 36%-ы таза ауызсусыз отыр. Жергілікті жолдардың шамамен 30 мың шақырымы ойқы-шойқы, жүруге жарамсыз. Кеше Сенатта парламенттік тыңдау өтіп, онда ауылды әлеуметтік-экономикалық дамытудың жай-күйі және келешегі жан-жақты талқыланды. Жиында сөз сөйлеген Жоғарғы палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарының табысын арттыру және ауыл инфрақұрылымының сапасын жақсарту жөнінде нақты міндеттер қойғанын атап өтті. Қазір Қазақстан халқының 41%-ы ауылдық жерлерде тұрады.
– Әр бесінші ауылда білім беру нысандары жөндеуді қажет етеді. Ауылдық жердегі денсаулық сақтау мекемелерінің де жағдайы мәз емес. Олардың үштен біріне жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Кадр тапшылығы да үлкен мәселе, – деді М.Әшімбаев.Оның айтуынша, ауылдарды мемлекеттік қолдаудың тиімділігі төмен болып отыр. Ауылдық аумақтарды орнықты дамыту міндетін орындау үшін жүйелі саясат қажет. Палата Төрағасы бұған дейін сенаторлар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына ұлттық жоба мәртебесін беру туралы жақсы ұсыныс жасағанын еске салды. Бұл осы саладағы мәселелерді кешенді түрде шешуге, ауылды мемлекеттік қолдауды жүйелендіруге мүмкіндік береді.
– Ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттырудың негізгі факторы – сапалы инфрақұрылым қалыптастыру екені түсінікті. Ол дегеніміз – денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, баспана мәселелерін оңтайлы шешу деген сөз. Сондай-ақ сапалы жол мен цифрлы инфрақұрылымды дамыту. Сондықтан ауылды дамытуды қаржыландыру – республикалық бюджеттің басым бағыттарының бірі болуы керек деп есептейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.Сенат басшысы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және олардың табысын арттыру да ең өзекті мәселелердің бірі екенін нықтады. Осы мақсатта, ең алдымен жұмыс орындарын ашу, ауыл бизнесін дамыту және қосымша мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру қажет екені айтылды. Тыңдауды Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Ә.Бектаев жүргізіп отырды.
Айхан ШӘРІП