Қаңғыбас итті қайтеміз?
Қаңғыбас итті қайтеміз?
1,045
оқылды

Қазақстандықтар ит пен мысыққа таласып жатыр. Бір тарабы: «қаңғыбас үй жануарларынан қауіп көп, оларды жаппай аулап, атып тастау керек» десе, қарсы жағы: «қоғам жауыз болып барады, мемлекет ізгілік танытып, бұларға көбірек пана ашуы қажет» деседі. Ал Алматы осы салада бұрын-соңды болмаған бағдарлама әзірледі. Өйткені еліміздің ең ірі мегаполисі үшін бұл мәселе көкейкесті: жыл сайын 21 мыңдай ит пен мысық ұсталып, өлтіріледі.  

«Адамзаттың қатыгездігінде шек жоқ»

Негізі, үйсіз-күйсіз жануарларды еш кінәсіз «ең жоғарғы жазаға» кесуге адам­заттың қақысы жоқ. Олар да Тәңірдің жа­рат­қан мақұлығы. Оларды қабаған, долы ететін адамдардың өздері. Түркістан об­лысы Жетісай қаласының белсендісі Мария Мацко өлімнен қашқан иттерді көр­генде жүрегі жаншылып, алқымына ашу, көзіне жас тығылатынын айтады. Бас сау­ғалар жер, жанын аман сақтап қалар пана таппай аласұрған жануарлар тапа-тал түс­те ұлып, бір жерде ұйлыға қыңсылап, көр­ген жанды жыларман етеді екен.
«Бізде Константин деген адам бар. Дүр­кін-дүркін мұздай қаруланып, таң азанда қала көшелерін аралап, кездескен, көзі түскен иттерді еш себепсіз атып тастайды. Қаң­ғыған ит пе, әлде иесі серуендеп кел­сін деп үйінен шығарып жіберген бе, оған бәрібір. Тұрғындардың көбі оны қол­дайды, «қаланы тазалап жүр» деп са­най­ды. «Ол ауру жануарларды азаптан құт­қарады, әйтпесе олар балаларға залал кел­тіреді» деп ақтайды. Алайда бейшара жа­нуарларды адам баласының өзі соған ара­ндатады. Үлкені-кішісі көре қалса, тас, таяқ лақтырады, әдейі ызаландырады. Олар­дың аянышты тағдыры ешкімді алаң­датпайды», – дейді М.Мацко.
Ол мұндай қаскөйлікке тосқауыл қо­йылуы керек деген пікірде. Шығысқазақстандық Тыныскүл Са­быр­бай иттерді босқа қыруға қарсы.
«Өскеменде иттерді ату науқаны іске асырылып тұрады. Жергілікті жұртшылық мұндай қаскүнем тәсілге қарсы. Біразы петицияға қол қойды. Мемлекет дамыған елдер қатарына ұмтылып отыр екен, солар­дағыдай пана ашуы, өз бетінше көбеймеуі үшін стерилизациялауы, адамдарға бас тартқан жануарларын сонда тапсыруға мүмкіндік жасауы керек», – дейді ол.
Айта кету керек, бүгінде елімізде 237 ветеринарлық станса бар. Біраз өңірде жаңадан қабылданған ере­желерге сәйкес, кезбе жануарлар ау­ланған соң алдымен уақытша ұстау изо­ляторына жеткізілуі тиіс. Онда олар 2 ай ұсталады. Осы кезеңде қожайыны іздеп келсе, со­ған табысталады. Иесіз жануарға во­­лон­­терлер жаңа қожайын іздеп табуға тыры­сады. «Сұраныс» болмаған ауру, ем­делмейтін дерті бар жануарға «ізгілікті өлтіру» (эвтаназии) қолданылады: яғни денесіне улы препарат егіледі. Өлек­сесі инсинераторда жойылады. Дегенмен біраз өңірде жануарлар мүр­десін жағатын арнайы пештер жоқ не­м­­­есе істемейді. Мысалы, СҚО-ның «Үй жануарларын ұстау ережелерінде»: «қо­ғамдық жерлерде, көшелер мен парктерде иесiз жүрген иттер мен мысықтар иесiз қаң­ғырып жүргендер болып саналады, олар ұсталып немесе атылуы тиiстi» деп ашық жазылған.

 «Иттен келер қауіп көп»

Азаматтардың екінші бөлігі көше кез­ген жануарлардан үрейленеді. Алматылық қоғам белсендісі Татьяна Тевелевич ит ату мәселесі бойынша қала әкімін 2016 жылдан бері үздіксіз мазалап жүр.
«Біздің Ақсай-1 ықшамауданындағы спорт мектебі жанында және үй аула­ларында қаңғыбас иттер қаптап кет­кен. Аналар кішкентай балаларымен бір­ге серуен құрады. Сорақысы сол ит­тер көше мысықтарын да, көршінің кіш­кентай ғана чихуахуа итін де талап, парша-паршасын шығарды. Балалар жаны ашып, таланған, қан-қан мысықтарды қолдан тамақтандырып жүреді. Бір жолы иттердің велосипед тепкен балаларды қуалағанына куә болдым», – дейді ол.
Қала белсендісі ит аулайтын қызмет­терге әлденеше рет хабарласыпты. Бірақ нәтиже болмаған. Ақмола облысындағы Целиноград ау­даны­ның Қызылсуат кентінің тұрғындары да иесіз иттердің есіріп алғанына шағым­данған болатын. Елді мекен Нұр-Сұлтан­ның іргесінде, 20 шақырым қашықта ор­наласқан. ит Елдімекенде әлеуметтік мәселелермен қатар қаңғыбас иттердің де  адамдарға маза бермей тұрғанын айтады ауыл тұрғыны Лаула Саға­това.
Бұған кенттің қоқысқа көмілуі себеп болуы мүмкін: онда тұрмыстық қатты қал­дық­тар­ды орталықтандырылған түр­де әкету жолға қойылмаған. Наразы қызыл­суаттықтар былтыр бірнеше рет жол­ға шығып, тасжолды жапты, БАҚ-ты шақырды. Іргесінде отырғандықтан, олар Нұр-Сұлтан әкімдігіне өтініш жа­зыпты. Елорда әкімдігі өз аумағына жат­пайтындықтан, шағымын елеусіз қал­дыр­ған. Ал Ақмола облысы мен аудан әкім­­дігі «мәселені шешпейді», – дейді қызыл­суаттықтар.
Ауыл жақта аш иттер малды тамақтап не жаралап кететін кезі болады. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жергілікті бюджет мүмкін­шілігіне қарай аталған кенттің мәселелері шешімін тауап жатқаны туралы құлағдар етті.
«Қаңғырған иттер мен мысықтарды аулау және көзін жою аудан бюджеті есебінен жүргізіледі. Қазіргі кезде аудан бойынша 2 329 ит ауланып, өлтірілді. Соның ішінде Талапкер ауылында 447 ит, Қызылсуат ауылында 37 ит ұсталды. Целиноград ауданында кезбе иттер мен мысықтарды аулаумен «Төрт түлік» ком­муналдық кәсіпорны айналысады. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда», – деді әкім.
Жалпы, елде иттен зардап шеккен адам­дар саны мыңдап есептеледі. Мысалы, 2017 жылы – 4 305 адамды, 2018 жылы – 4 457, 2019 жылы – 4 794, ал 2020 жылғы 7 айда 1 937 адамды ит қапқан. Яғни, мұндай оқиғалар жыл сайын орта есеппен 3-8%-ға артуда.

 Иесіз иттер Instagram-ға шығады

Осы орайда, алғашқы болып Алма­ты қаласы «Мейірімді қала» жануарлардың әл-ауқатының жол картасын» бекітуде. 2021-2024 жылдарға арналған жобаның мақсаты – жануарларды күтіп-ұстаудың адамгершілік қағидатына негізделген жағдай жасау, үй жануарларының санын реттеу, Petcontrol бірыңғай дерекқорына енгізу. Алматыда бүгінде 99 мың 289 ит пен мысық тіркелген. Қалада 3,5 жыл ішінде 69 мың 300 қараусыз ит пен мысық ауланған, соның ішінде осы жылдың 8 айында 12 мыңы «құрықталды». Біразы көрші облыстардан ауып келеді. Олардың кейінгі тағдыры не болды? Аз бөлігі ғана ескі және жаңа иелеріне тапсырылған: 2017 жылы – 3 315-і, 2018 жылы – 2 817-сі, 2019 жылы – 2 148-і және 2020 жылдың бірінші жартысында – 1 280-і. Қалғаны өлтірілді: 2017 жылы – 21 000, 2018 жылы – 14 400, 2019 жылы – 16 200, 2020 жылдың  8 айында – 11 200 ит пен мысық. ит Бұдан бөлек, қаншама иесіз жануар көшеде өліп жатқан жерінен табылады және бұл сан өсуде: 2017 жылы – 470, 2018 жылы – 385, 2019 жылы – 809, 2020 жыл­дың 8 айында 527 өлексе жинап алынған. Жаңа жоба аясында тұрғындар қолын­дағы ит пен мысық атаулыны жаппай «чиптеу» ұсынылады. Сонда біріншіден, жоғалған жануардың иесі тез анықталады. Екіншіден, егер қожайыны ит не мысықты қажет емес деп көшеге лақтырып тастаса, ол адамның кім екені де белгілі болады. Бұл іс ілгерілеуде: былтыр – 20 мың, биыл­ғы 8 айда 14 500 ит пен мысық денесіне чип ендіріліпті. Жол картасы аясында жергілікті ит пен мысықтарға 2024 жылға дейін 50 мың микрочип енгізіледі. Алматыдағы барлық ветклиника чипті оқи алатын сканер сатып алуға міндеттеледі. Сонымен қатар ит пен мысықтарды кастрациялау және зарарсыздандыру іске асырылады. 2019 жылы – 8 мыңы, осы жылы 3 300-і «піштірілген». 2024 жыл­ға дейін тағы 32 мың жануар осы процедураны бастан кешпек. Қалада бұл іспен 50 ветемхана шұғылданады. Қараусыз жануарларға арналған 9 жеке пана бар. Енді қалада кезбе иттер мен мысықтар қолға түссе, клиникалық тексеруден өткіз­іле­ді және чипі тексеріледі. Чипі бар бол­са, ветеринарлық клиникаға дереу ақ­парат жолданады: олар жануардың иесі кім екенін айқындайды және соған хабар салады. Келіп түскен барлық ит пен мысық суретке түсіріледі. Фотосы vca_gov Instagram парақшасына орналастырылып, ауланған ауданы мен жануардың жынысы жазылады. Егер «мейірімді қалада» оған жаны ашитын адам шықса, оның қолына табыстамас бұрын иесіз жануар чиптеліп, кастрацияланады. Осылайша, жол картасы аясында Алматы қараусыз жануарлардың жанын жаһаннамға жібермеудің түрлі жолын қарастырмақ ниетте. Бәлкім, одан жақсы нәтиже шықса, тәжірибесі өзге өңірлерге таралар.

Елдос СЕНБАЙ