Атыраудың дәрілері Ақтөбеден табылды
Атыраудың дәрілері Ақтөбеден табылды
234
оқылды

Пандемияның алғашқы толқынында Атырау аймағы­ның тұрғындары қатты зардап шекті. Індетпен дәрі-дәрмек­сіз, жалаң қол алыспақшы болған бас­шылардың жауап­сыздығынан пневмониядан 500-ден аса тұрғын қайтыс болды. Ал бүгін «екінші тол­қынға дайын­быз» деген жер­гілікті атқарушы билікке сеніп отырған жұрт­шылық Аты­рауға тиесілі дәрі қорының Ақтөбенің қойма­ларында сақ­таулы тұрғанынан хабар­дар болды.

Атырауға бөлінген дәрі-дәр­мектің Ақтөбе облысында сақ­таулы тұрғанын Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Атырау облысы бойынша департаменті, «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қызмет­керлері және қоғам белсенді­ле­рінен құрылған жұмыс тобы арнайы орындарға мониторинг ұйымдастырып, бақылау жүргіз­генде анықтаған.

Кемшілік анықталса, ақталуға даяр тұрады

Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, коронавирус инфек­циясына қарсы препараттардың қоры облыстың медициналық мекемелерінде жеткілікті. Жеке қорғаныс құралдары апта сайын үздіксіз жеткізіліп тұр. Корона­вирус инфекциясымен ауырып жатқан науқастар үшін амикацин, азитромицин, натрий гепарині, дексаметазон, декса­меде­томидин, басқа да антибио­тиктердің бір­неше түрі толық жеткілікті. Алайда мониторинг тобы мү­шелерінің Атырау қалалық №3 ем­ханасындағы жағдайға көңілдері көншіген жоқ. Олар ғимараттың кі­реберісінен-ақ медициналық бет­перденің болмауын сынға алды. Есік алдындағы жауапты қызметкер бет­перденің қазір ғана таусылып қал­ғанын айтып әлек болды. Ал дәрі-дәрмек сақтау қоймасында біраз түсініспеушілік туындады. 4 900 па­циентті қамтитын емхана үшін қордағы дәрі-дәрмектің кей­бірінің саны жеткіліксіз екен. Мә­селен, мамандардың айтуынша, ксарелто таблеткасы мен дексамета­зонның шамамен екі айға жеткілікті мөлшері 5 000 дана болуы қажет. Мұн­дағы қоймада аталған дәрілер­дің небәрі 10 қорабы ғана бар. Аталған емхананың директоры Ай­ман Өтегенова қалған дәрі-дәрмек бірінші қабаттағы дәрі­ханада барын айтты. Бірақ топ мү­шелері бұл жауапқа қанағаттанбай, қоймадағы қажетті дәрі-дәрмектің қорын әлі де толықтыру қажетін алға тартты. Қоғамдық бақылаудың кезінде қызметін тәуір ұйымдастырған ұйым­­дар да, салғырттық таныт­қан­дар да болды. Атап айтқанда «СҚ-Фар­мация» мекемесінің Аты­рау об­лысындағы қоймасы тес­керу­­­ші­лердің көңілінен шықпаған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау об­лысы бойынша департаменті бас­шысының орынбасары Айдос Ма­мыт «СҚ-Фармация» мекеме­сінің Атырау облы­сындағы қойма­сында көптеген олқы­лық бар екенін ай­­тады. «Ба­қылау барысында қой­мада ешқандай дәрі-дәрмек, жеке қор­ғану құралдары жоқ екені анық­талды. Алайда «СҚ-Фар­мация» Аты­рау облы­­сындағы өкілінің айтуы бойын­ша, тиісті 2 айлық дәрі-дәрмек қоры Ақтөбе облы­сында сақ­талуда. Бұл жағдайдың өзі об­лыста 2 айлық қор толыққанды жүзеге асы­­рылмағанын көрсетіп отыр», – деді А.Мамыт.
Ал Атырау облысындағы кар­­диологиялық орталыққа коро­­­на­вирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеу үшін 2 айлық қор жеткізілмеген. Орталық дирек­торы М.Қонысов коронавирус ин­фек­­­­циясын жұқтырған науқас­тарды кардиологиялық ауруды ем­дейтін науқастарға арналған дәрі-дәр­мек­пен емдеуге болатынын атап өтті.
Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тексерістен кейін дереу ақпарат таратты. Олар барынша ақта­лып бағуда. «Басқармаға қарас­ты Аты­­рау қалалық №3 емханасында және «СҚ-Фармация» ЖШС-нің Аты­рау облысындағы операциялық қойма­сын­да екі айлық қор толық емес деген ақпарат шықты. Оның ешқандай негізі жоқ. Өйткені коро­навирус инфек­циясын емдеу үшін амбула­ториялық дәрі-дәр­мек­тер­мен қамта­масыз етуге арнал­ған Денсаулық сақтау министр­лігінің №666 бұйрығы шыққан болатын. Соған сәйкес, осы жылдың 20 шіл­десінде емдеу тізіміне 3 анти­­коагулянт пен 2 қызу түсіретін дәрі­лік препарат енгізілген болатын. Бүгінгі күні оның облыс бойынша 194 460 данасы әкелінген. Яғни, бұл дәрілік заттардың барлығы бас­тапқы меди­циналық санитарлық ұйым­­­­дардың қоймаларында сақ­таулы», – дейді басқармадағылар. Сонымен қатар қалалық №3 емха­надағы жағ­дайды да өздерінше ақ­тауға тырыс­қан. «№3 емханаға кел­сек, 53 380 дана дәрілік зат қо­рында тұр. Айта кетерлігі, панде­мия­­ның бірінші тол­қынында атал­ған емхана тір­келу­шілерінің 1 пайызы ғана коро­на­вирус инфек­циясына шал­дыққан. Осы көр­сеткішті басшылыққа ала отырып есептесек, №3 емхананың қойма­сында қазір тіркелушілердің 7 пайы­зына жететіндей дәрілік заттар бар. Емханаға келген топ емханадағы күнделікті дәріні ғана қараған», – деп түсіндірді Атырау облыстық Ден­саулық сақтау басқармасының ме­ди­­­­­циналық көмекті ұйымдастыру және лицензиялау бөлімінің бас­шысы Нина Оспанова.
Ал мониторинг тобының негізгі қоймаға барған кезде дәрілік зат­тардың болмауы себебін «СҚ-Фар­мация» ЖШС-нің өкілі опера­циялық қоймаға дәрілік заттар тек медици­налық ұйымдардың сұраны­сына сәйкес әкелінетінімен түсін­дірді. Ба­тыс өңірі үшін дәрілік заттар Ақтөбе қаласындағы үлкен қоймада сақта­лады. Атырау об­лысындағы фи­лиалдың сұра­нысына сай дәрілер әр аптаның сәрсенбі күні әкелінеді. Ал мониторинг топ қоймадағы дәріні облыстағы ұйым­­дарға таратып боса­ған кезіне тап келген-мыс. «Қордағы дәрі мәселесі көте­рілгенде Денсаулық сақтау министр­лігі және «СҚ-Фармация» ЖШС басшы­лығымен хабарласып, Атырау облы­сына тиесілі дәрілік заттарды өңірдегі қоймаға әкеліп қою туралы сөйлескен едік. Бірақ ол тарап бү­гінгі күні Атырау облысындағы емхана мен қоймадағы қажетті дә­рілік зат­тардың жеткілікті екенін алға тар­тып отыр. Мәселен, кешенің өзінде, яғни 21 қазан күні «СҚ-Фармация» ЖШС қоймасына 35,6 миллион теңгеге 80 атауы дәрі әке­лінді», – деді Нина Оспанова.

Заңды аттап, қаржыны мақсатсыз жұмсап...

Облыс шенеуніктерінің сал­ғырттығы дәрі-дәрмекке ғана қа­тыс­ты емес, тұтас денсаулық сақтау саласына байланысты болып тұр. Атап айтқанда, облыста тауар мен қызмет құнын өсіріп, түрлі заңсыз­дыққа барған денсаулық сақтау мекемелері анық­талды. Атырау облысының тексеру комиссиясы бюджеттен бө­лін­ген 37 млрд теңге­нің пайдала­нылуын тек­сергенде 346 млн теңгеге қаржылық тәртіп­бұзу­­­шылық белгілі болған-ды. Бұ­лар­дың бірқатары денсаулық сақтау саласына қатысты болып шыққан. Атырау Комиссия мүшесі Асылан Құ­маровтың айтуынша, денсаулық сақтау басқармасының №3 Атырау қалалық емханасының лауазымды тұлғалары көрсетілген қызмет құ­нын бекiтілген сметалар сомасынан асы­рып қабыл­даған. Шенділер мердігер «Эдельвейс» ЖШС-імен арада жасалған 2020 жылғы 13 ма­­мырдағы №037 шартта құрылыс-монтаж жұмыстары нақты құнынан 5 млн теңгеге артық бағалап жі­берген. Ал мердігер «Данас и К» ЖШС-імен жасалған 2020 жылғы 12 мамырдағы №036 шартта құ­рылыс-монтаж жұмыстарының құнын 7 млн 979 мың теңгеге артық бағалапты. Сонымен қатар Денсаулық сақ­тау басқарамасына резервтен бө­­лінген бюджет қаражатына аудит жүр­гізу барысында біраз құқық­бұзу­шылыққа жол берілгені анық­талды. Мәселен, Денсаулық сақтау бас­қармасы мен «Қаламқас» жеке кә­сіп­керлігі арасында 2020 жылдың 22 тамызында медициналық қолғап сатып алуға қатысты келісім жа­­­сал­ған. Басқарма 68 млн теңгеге тауар сатып алуы тиіс еді. Әрі тапсырыс беруші 30 пайыз мөл­шерінде аванс та төлеп, «Қаламқас» ЖК-ге, яғни 19 млн 719 мың теңге бюджет қара­жатын аударған. Сөйтіп, басқарма әр жұбы 70,40 теңге тұратын 933 666 жұп қолғап сатып алуды жос­парлаған. Бірақ қолғап сатып алу үшін мем­лекеттік сатып алу веб-порталында сол кезеңдердегі жа­рияланған хабар­ламаларға талдау жүргізіліп Әділет департаментінің хаттамасына сәйкес Денсаулық сақтау басқармасы қол­ғаптың әр жұбын 60 теңгеден сатып алған. Ал «Атырау қаласы әкімінің аппараты» қорытынды туралы хатта­масына сәй­кес қолғап бағасы 33,22 теңгеден түскен. Осы­лайша, Ден­­саулық сақ­тау басқармасы тарапынан сатып алынған қолғап бағасы 23,79 теңгеге қымбат екені анықталды. Сөйтіп, басқарма бюд­жет қаржысын 22 млн теңгеге қате жос­парлаған. Медициналық қолғапқа бюджет қаржысын молынан жұмсаған са­лада өзге құралдар үшін де ақша аямағаны байқалады. Айталық, басқарма BestEquip ЖШС-інен 120 мл Dana Sept атаулы 8 940 дана антисеп­тикалық спрейдің әрқай­сысын 900 теңгеден 8 млн теңгеге сатып алуға шарт жасааған. Тіпті, құны да тө­­ленген. Кейін тексеру комиссиясы бұл антисептикалық спрейдің на­рықтағы бағасы 520 тең­ге екенін анықтаған. Сайып кел­генде, Ден­саулық сақтау бас­қар­масы анти­септикалық спрейді 380 тең­­геге қым­батқа алғаны анық­тал­­­ды. Нә­тижесінде 397,2 мың тең­геге бюджет қаражаты тиімсіз жұм­­салған. Сонымен қатар «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заңның 5-ба­бының 10-тармағының талаптары сақталмағаны анықталып отыр, яғни мекеменің жылдық мем­ле­кеттік сатып алу жоспарында атал­ған тауар­ларды сатып алу көзделмесе де, Ден­саулық сақтау басқарма­сының лауа­зымды тұлға­лары не­гізсіз сатып алу­дың 3 оқи­ғасына жол берген. Қорыта айтсақ, Денсаулық сақ­тау басқармасының лауазымды тұлға­лары тым еркінсіп кеткен тә­різді. Әйтпесе, облыс қазы­насын­дағы қар­жыға мұншама сал­ғырт қа­рамаған болар еді. Шенді­лердің «қоныштан басуға» ұмтылуы халық денсаулығына зиян келтір­­генін жазда көрдік.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы