Пандемияның алғашқы толқынында Атырау аймағының тұрғындары қатты зардап шекті. Індетпен дәрі-дәрмексіз, жалаң қол алыспақшы болған басшылардың жауапсыздығынан пневмониядан 500-ден аса тұрғын қайтыс болды. Ал бүгін «екінші толқынға дайынбыз» деген жергілікті атқарушы билікке сеніп отырған жұртшылық Атырауға тиесілі дәрі қорының Ақтөбенің қоймаларында сақтаулы тұрғанынан хабардар болды.
Атырауға бөлінген дәрі-дәрмектің Ақтөбе облысында сақтаулы тұрғанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті, «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қызметкерлері және қоғам белсенділерінен құрылған жұмыс тобы арнайы орындарға мониторинг ұйымдастырып, бақылау жүргізгенде анықтаған.Кемшілік анықталса, ақталуға даяр тұрады
Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, коронавирус инфекциясына қарсы препараттардың қоры облыстың медициналық мекемелерінде жеткілікті. Жеке қорғаныс құралдары апта сайын үздіксіз жеткізіліп тұр. Коронавирус инфекциясымен ауырып жатқан науқастар үшін амикацин, азитромицин, натрий гепарині, дексаметазон, дексамедетомидин, басқа да антибиотиктердің бірнеше түрі толық жеткілікті. Алайда мониторинг тобы мүшелерінің Атырау қалалық №3 емханасындағы жағдайға көңілдері көншіген жоқ. Олар ғимараттың кіреберісінен-ақ медициналық бетперденің болмауын сынға алды. Есік алдындағы жауапты қызметкер бетперденің қазір ғана таусылып қалғанын айтып әлек болды. Ал дәрі-дәрмек сақтау қоймасында біраз түсініспеушілік туындады. 4 900 пациентті қамтитын емхана үшін қордағы дәрі-дәрмектің кейбірінің саны жеткіліксіз екен. Мәселен, мамандардың айтуынша, ксарелто таблеткасы мен дексаметазонның шамамен екі айға жеткілікті мөлшері 5 000 дана болуы қажет. Мұндағы қоймада аталған дәрілердің небәрі 10 қорабы ғана бар. Аталған емхананың директоры Айман Өтегенова қалған дәрі-дәрмек бірінші қабаттағы дәріханада барын айтты. Бірақ топ мүшелері бұл жауапқа қанағаттанбай, қоймадағы қажетті дәрі-дәрмектің қорын әлі де толықтыру қажетін алға тартты. Қоғамдық бақылаудың кезінде қызметін тәуір ұйымдастырған ұйымдар да, салғырттық танытқандар да болды. Атап айтқанда «СҚ-Фармация» мекемесінің Атырау облысындағы қоймасы тескерушілердің көңілінен шықпаған.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айдос Мамыт «СҚ-Фармация» мекемесінің Атырау облысындағы қоймасында көптеген олқылық бар екенін айтады. «Бақылау барысында қоймада ешқандай дәрі-дәрмек, жеке қорғану құралдары жоқ екені анықталды. Алайда «СҚ-Фармация» Атырау облысындағы өкілінің айтуы бойынша, тиісті 2 айлық дәрі-дәрмек қоры Ақтөбе облысында сақталуда. Бұл жағдайдың өзі облыста 2 айлық қор толыққанды жүзеге асырылмағанын көрсетіп отыр», – деді А.Мамыт.Ал Атырау облысындағы кардиологиялық орталыққа коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеу үшін 2 айлық қор жеткізілмеген. Орталық директоры М.Қонысов коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды кардиологиялық ауруды емдейтін науқастарға арналған дәрі-дәрмекпен емдеуге болатынын атап өтті.
Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тексерістен кейін дереу ақпарат таратты. Олар барынша ақталып бағуда. «Басқармаға қарасты Атырау қалалық №3 емханасында және «СҚ-Фармация» ЖШС-нің Атырау облысындағы операциялық қоймасында екі айлық қор толық емес деген ақпарат шықты. Оның ешқандай негізі жоқ. Өйткені коронавирус инфекциясын емдеу үшін амбулаториялық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге арналған Денсаулық сақтау министрлігінің №666 бұйрығы шыққан болатын. Соған сәйкес, осы жылдың 20 шілдесінде емдеу тізіміне 3 антикоагулянт пен 2 қызу түсіретін дәрілік препарат енгізілген болатын. Бүгінгі күні оның облыс бойынша 194 460 данасы әкелінген. Яғни, бұл дәрілік заттардың барлығы бастапқы медициналық санитарлық ұйымдардың қоймаларында сақтаулы», – дейді басқармадағылар. Сонымен қатар қалалық №3 емханадағы жағдайды да өздерінше ақтауға тырысқан. «№3 емханаға келсек, 53 380 дана дәрілік зат қорында тұр. Айта кетерлігі, пандемияның бірінші толқынында аталған емхана тіркелушілерінің 1 пайызы ғана коронавирус инфекциясына шалдыққан. Осы көрсеткішті басшылыққа ала отырып есептесек, №3 емхананың қоймасында қазір тіркелушілердің 7 пайызына жететіндей дәрілік заттар бар. Емханаға келген топ емханадағы күнделікті дәріні ғана қараған», – деп түсіндірді Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру және лицензиялау бөлімінің басшысы Нина Оспанова.Ал мониторинг тобының негізгі қоймаға барған кезде дәрілік заттардың болмауы себебін «СҚ-Фармация» ЖШС-нің өкілі операциялық қоймаға дәрілік заттар тек медициналық ұйымдардың сұранысына сәйкес әкелінетінімен түсіндірді. Батыс өңірі үшін дәрілік заттар Ақтөбе қаласындағы үлкен қоймада сақталады. Атырау облысындағы филиалдың сұранысына сай дәрілер әр аптаның сәрсенбі күні әкелінеді. Ал мониторинг топ қоймадағы дәріні облыстағы ұйымдарға таратып босаған кезіне тап келген-мыс. «Қордағы дәрі мәселесі көтерілгенде Денсаулық сақтау министрлігі және «СҚ-Фармация» ЖШС басшылығымен хабарласып, Атырау облысына тиесілі дәрілік заттарды өңірдегі қоймаға әкеліп қою туралы сөйлескен едік. Бірақ ол тарап бүгінгі күні Атырау облысындағы емхана мен қоймадағы қажетті дәрілік заттардың жеткілікті екенін алға тартып отыр. Мәселен, кешенің өзінде, яғни 21 қазан күні «СҚ-Фармация» ЖШС қоймасына 35,6 миллион теңгеге 80 атауы дәрі әкелінді», – деді Нина Оспанова.
Заңды аттап, қаржыны мақсатсыз жұмсап...
Облыс шенеуніктерінің салғырттығы дәрі-дәрмекке ғана қатысты емес, тұтас денсаулық сақтау саласына байланысты болып тұр. Атап айтқанда, облыста тауар мен қызмет құнын өсіріп, түрлі заңсыздыққа барған денсаулық сақтау мекемелері анықталды. Атырау облысының тексеру комиссиясы бюджеттен бөлінген 37 млрд теңгенің пайдаланылуын тексергенде 346 млн теңгеге қаржылық тәртіпбұзушылық белгілі болған-ды. Бұлардың бірқатары денсаулық сақтау саласына қатысты болып шыққан.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы