КВИ-мен күрес: бюджет қалай бөлінді?
КВИ-мен күрес: бюджет қалай бөлінді?
221
оқылды

Пандемиямен күреске Қазақстан аз қаражат бөлген жоқ. Ол аз болғандай, алдағы екінші толқынға тағы бөлінеді. Көктемнен бері атқарылған шаралардан қаражаттың оң емес, солға кеткенін көп бай­қадық. Бірнеше есе қым­батқа сатып алып, шы­ғынға бату, түрлі заң­бұзу­­шылық, жем­­­қорлық сын­ды бірнеше фак­тіні көз көрді. Бұл – әлі толық ашықтық жоқ болғандағы көрініс. Егер бюджеттің әр тиынын санаса, есебі дәл шыға ма, белгісіз.  

Сәуірде Президент тапсыр­масымен Үкімет резервінен 23,5 млрд теңге бөлінген болатын. Тарқатып айтқанда, 2,7 млрд теңгесі – теп­ло­визорлар, зертхана жаб­­­­­дықтары мен коронавирусты анықтайтын тест жүйелерін алуға, 131 млн теңгесі – Қазақстан аза­маттарын Қытайдан эвакуа­ция­лауға, 20,6 млрд теңгесі жеке қор­ғаныс, дезинфекция құрал­­дары, дәрі-дәрмекке кеткен. Қара­­­­­жаттың осы бөлігінен аймақтарға – 11,6 млрд теңге, Нұр-Сұлтан мен Алматы қала­ларына – 1,4 млрд тең­геден, Шымкентке 605 млн теңге жол­данған. Үш траншпен: 29 қаң­тарда, 21 ақпанда және 25 нау­рызда бө­лініпті. Бұдан бөлек, республика бюд­жетінен қосымша бөлінген 125 млрд теңге бар. Эпидемиямен күрес мақ­сатында Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне берілген сома – 114,8 млрд теңге. Бұл қаражаттың қалай жұмсалғанына келсек, қолда бар деректен мына­дай көрініс шығып тұр: карантин іс-шараларына атса­лысқан ақ халаттыларға қо­сымша сыйақы беруге (40,6 млрд теңге), коро­­­­навирус жұқтырғандарды емде­ген медициналық ұйымдардың қыз­­мет ақысына (19,5 млрд теңге), ел­ордада, Алматыда және Шым­­кентте медициналық модульді ке­шен салуға (14,8 млрд теңге), төтен­­­ше жағдай кезінде тұрмыс­тық және азық-түлік жинағына (30,8 млрд теңге), меди­­­цина қызметкерлері, ішкі істер ор­­ган­дары, Ұлттық гвар­дия мен Қарулы Күштердің әскери қыз­меткер­леріне сыйақы беруге (8,1 млрд теңге) кеткен. Бюджеттен бөлінетін ақшаны барынша үнемдей отырып, ұтыл­маудың амалын қарастырмаса, қа­зынаға салмақ тағы түсуі мүм­кін. Мысалы, коронавирусты емдеуге арналған анти­ретро­вирустық пре­параттар үш есе қымбат бағаға алын­ған. Коро­навирус инфек­­циясына қарсы құны 10 млн теңгедей болатын 65 мыңға жуық таблетка алынғанын мамырда «СҚ-Фармация» хабар­лаған еді. Vlast тілшісінің осы та­қырып бойынша жүргізген есебі бойынша, бір таблетка 153,8 теңге, бір қорабы 18,5 мың бол­ғанын бай­қаймыз. Ал әлемдегі бағаға келсек, осы пре­параттың генерик нұсқасы, яғни ори­гиналдан кем түспейтін түрі 8 мың теңге тұрады. Егер ақпанда гене­рик препараттар алғанда, мем­лекет 6 млн теңге үнемдеуі мүмкін еді. Осы ретте, неліктен қым­батқа ұрын­дық деген заңды сауал туады. ВИЧ жұқтырған адамдар құқығын қорғайтын Answer қо­ғамдық қоры­ның директоры Елена Рас­о­кина мәселенің неде екенін былай тү­сіндіреді. «Елі­міздің қазіргі патенттік заң­намасына сәйкес, патент иесінен ориги­налын алуға міндеттіміз. Бірақ мәжбүрлі лицензиялау механизмі арқылы генериктерді сатып алуға болады. Ол үшін патент иесін сотта жеңу керек», – дейді Рас­токина. Мәжбүрлі лицензиялау деге­німіз – форс-мажор бола қалған жағдайда қарастырылатын меха­низм. Мысалы, бізге бюджет үнемдеу керек болды делік. Осындайда ел ішінде жарлық қабылдап, қоғам игілігі үшін гене­рикалық ком­­пания­лардан ар­зандау бағаға сатып алуға не елде өндіруге болады. Бірақ па­тент ие­сімен соттасуға ұзақ уақыт кетеді екен. Растокинаның сөзін­ше, ге­нерик препараттарды тір­кеуге ке­мінде бір жыл кетеді. Наурызда Қа­­зақстанда алғашқы фактілер тіркеле бастағанын ескерсек, сол кезде егер қолға ала бастағанда, ендігі алға жылжу болуы да бек мүмкін еді. Жал­пы, бюджеттің орынды жұм­салуына қатысты күдік пен күмән көп. «СҚ-Фармацияның» айна­ласын­дағы жемқорлық жайлы әң­гіменің өзі неге тұрады?  Zertteu институты қоғамдық қорының бюджет сарапшысы Ға­лымжан Оразымбет бюджеттің орын­ды жұмсалу-жұмсалмауына баға берудің оңай емесін айтып отыр. «Ковидпен күреске бөлініп жатқан қаражаттың қаншалықты тиімді жұм­салып жатқанын баға­лау қиын. Өйткені бізде ашықтық жетіспейді. Біздегі ең басты проб­­леманың бірі – осы. Бөлінген ақшаның есебін әлі ешкім берген жоқ. Толық ашықтық қамтамасыз ету керегін Қ.Тоқаевтың өзі бірнеше рет айтты. Бірақ оны тыңдаған ведомство байқамадым. Жұмсалған қаржының ашық­тығын талап етіп қоғамдық ұйым­дар Пре­зидентке хат жазған. Ол да жауапсыз қалды. Біз мемле­кеттік сатып алу порталындағы түрлі мемлекеттік мекеменің жұм­сағанына қарап отырып, кіші­гірім баға бере аламыз. Ол жердегі мәліметтерге келсек, тиімді, заңды жұмсалып жатыр деуге келмейді. Мәселен, өкпені жасанды желдету аппа­раттарын нарықтағыдан бірнеше есе жоғары бағаға сатып алған. Бұрын медициналық керек-жабдық­тарды жеткізумен айна­лыс­паған ком­паниялардың аяқасты сатып жат­қанын көріп отырмыз. Бұл жердегі мәселе – салаға маман­дан­баған компаниялардың қыз­мет көр­сетуі және бағаның бір­неше есе жоғары болуы», – дейді сарапшы. 21 қазан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Респуб­ликалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп коми­­тетінің төрағасы Наталья Году­­нованы қабылдаған еді. Содан белгілі болғаны, экономиканы қолдауға және пандемиямен күреске бөлінген ресурс коми­теттің бақы­­­­лауында екен. 940 млрд теңгенің шығыны бақылауға алынып, қар­жылық тәртіпбұзу­шылықтар анық­талып үлгерген. Одан бөлек, Тоқаев респуб­ликалық бюджеттің 2021-2023 жылдарға арналған жобасының бағалау нәтижелерімен танысты. 2020 жылға бекітілген бюджетке келсек, кіріс көлемі 12 трлн теңге шамасында болады деп күтіліп отыр. Шығын болса, 14,5 трлн теңге деседі. Кірген кірістен, шық­қан шығын көп екенін байқап отырмыз. Шығын демекші, коро­на­вирус инфекциясының екінші толқынына дайындыққа қосым­ша 238,7 млрд теңге бөлінеді деген ақпаратты Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жеткізді. Мұның 143,4 млрд теңгесі – ка­рантин шараларын өткізуге ат­салысқан медицина қызмет­кер­леріне, 83,2 млрд теңгесі – кепілді тегін медициналық көмек ая­сында COVID-19 таралмауы үшін жасалған медициналық қызмет­терді төлеуге, 11,7 млрд теңгесі эпидемияға қарсы шара­­ларға қатысып жатқан ішкі істер орган­дары қызметкерлеріне берілетін сыйақыға бөлінеді деседі. Осы күнге дейін бюджеттің қан­шалықты орынды, тиімді, мәселені реттеуге бөлінгені туралы нақты көріністі шығара алмай отыр­ға­­нымыз өкінішті. Көзге көрін­генінің өзі көңіл көншітпейді. Ал енді қо­­сымша бөлінетін қаражаттың қалай жұмсалатынын алда бай­қаймыз.

Жадыра АҚҚАЙЫР