Сексеуілсіз жұрт қыста не жағады?
Сексеуілсіз жұрт қыста не жағады?
259
оқылды

Елімізде 2013 жылдан бастап сексеуіл кесуге мораторий жарияланған. Бесжылдыққа белгіленген шектеу шаралары 2018 жылы алынып тасталады деп бұқара үміттенгенімен, кейіннен мораторийдің мерзімі 2023 жылға тағы ұзартылды. Сөйтіп, соңғы жеті жылдың бедерінде жамбылдық жұртшылық қыста отын қылып не жағарын білмей, қамыс орып, тезек теріп кетті. Әрине,  табиғат қорғаудың маңызды екенін жұрт біледі. Алайда адам өмірі мен денсаулығы да маңызды. Әулиеата ауылдарының көгілдір отынмен қамтамасыз етілу деңгейі 51,8 пайыз ғана. Демек, бұқара не көмір, не сексеуіл жағуы керек. Ал көмірдің бағасы күн санап өсіп барады. Сексеуіл кесуге рұқсат жоқ. Енді мұндайда не істемек керек? Қазіргідей әлемдік пандемия жағдайында бұқара үйін немен жылытады?

Көптің көкейіндегі сауалмен ең алды­мен Жамбыл облысы әкімдігі Табиғи ре­сурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасына қайырылдық. Басқарма бас­шысы Аслан Оразбековтың айтуынша,  ко­ронавирус індетіне қарамастан биыл шек­теу шаралары алынбайды екен. – Негізі, 5 жылға жарияланған мора­торийдің мерзімі 2023 жылы аяқталады. Оған дейін бір шыбық сексеуіл кесуге рұқсат жоқ. Десе де, биыл біз 21 мың текше метр  шірік отынды халық­қа өткеру туралы шешім шығарып отыр­мыз. Ол үшін тұрғындар жергілікті әкім­дікке барып өтінім беруі керек. Сон­да орман шаруашылығы мамандары үйі­ңіз­ге отыныңызды апарып береді. Бір рет өтінім берген адам екінші рет бере алмайды. Әрбір отбасы 4 текше метр сексеуілге өтінім беруге құқылы. Айта кетерлігі, сексеуіл отыны ші­рік болса да тегін берілмейді. 1 текше метр сексеуілдің құны – 11 000 теңге. Қа­зір бірқатар орман шаруашылығы ме­кемесінде заңсыз сексеуіл кескендерден тәр­кіленген отын да жиылып тұр. Осыны да ақшасына өткеруге дайынбыз. Әрине, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларына сексеуілді тегін апарып беру жағын қарастырамыз. Алайда бәріне бірдей тегін отын бере алмаймыз. Себебі құмға барып сексеуіл теріп келетін ор­ман­шылар мен көлігіміздің жанар-жағар­майын шығаруымыз керек, – дейді Аслан Ұланұлы. Басқарма басшысының сөзі орынсыз деуден аулақпыз. Алайда 1 жүк көлігіне 4 текше метр отын сыятынын  ескерсек, бірреттік отын алу үшін 44 000  теңге төлеуің қажет. Оны бүгінгідей жағдайда екінің бірінің қалтасы көтере ме? Оған қоса, қара халық 4 текше метр сексеуілмен үш ай қыс­тан шыға ала ма? Екінші мәрте өтінім беруге болмайтынын есепке алсақ, қыс ортасында отыны бітіп қалған халық одан әрі қалай күн көрмек? – Былтыр қыста халық  қатты қиналды. Сексеуіл кесуге рұқсат берілмегеннен кей­ін әркім тезек теріп, қарағай жинап кет­ті. Аудан әкімдігіне барып арыз-ша­ғымдарын айтқандар да болды.  Содан жер­гілікті билік бір көлік шірік отын бе­ретін болып шешті. Алайда орманшылар отын­ды құмнан әкелеміз дегенше қыс бел ортасына жетті. Ал алғашқы отын кел­генде  «бірінші маған әкел,ол менен әу­лие ме?» деп халық қырық пышақ болды. Соны­мен не керек, әйтеуір елмен таласып жү­ріп отын алғандай болдық. Енді, міне биыл осы мәселе қайталанайын деп тұр. Коронавирус індетінің бірінші толқынының өзінде бүкіл отбасымызбен бір аунап тұрдық. Енді екінші толқын келе жатыр дегеннен бойымызды үрей билеуде. Себебі үйде жағарға отын жоқ. Көмір алайын десек, оның да бағасы ұшып тұр. Содан амал жоқ, тезек теріп, қамыс орып жинап отырмыз. Ол қыстың қанша күніне жетерін білмеймін, – дейді Мойынқұм ауылының тұрғыны  Ерлан Құдабаев. Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қуат  Ембергенов те биылғы қыс қиын бола­тынын жасырмайды. – Мыңарал ауылдық округі аудан орталығынан 270 шақырым қашықта жатқан елді мекен. Сексеуіл кесуге мора­торий жарияланғаннан бері баялыш деген шөпті жағып күнелтудеміз. Өйт­кені одан басқа бізде жағатын отын жоқ. Өзге округтер сияқты бізде мал  ба­ғыл­майды. Сондықтан тезек те тере ал­маймыз. Шындығын айтқанда, баялыш көмірді тұтату үшін майлық ретінде ғана жарайды. Өзін жақсаң, қамыс сияқты тез жанып кетеді. Ал көмірдің тоннасы 14 мың теңге болып тұр. Қыс айларында 20 мың теңгеге дейін барады. Қыстан шығу үшін кемі жеті  тонна көмір керек. Ол дегеніңіз – 140 мың теңге. Бір Балқаш көлімен күн көріп отырған ауыл тұрғындарының қалтасы үшін бұл ауыр соғатын сома. Сондықтан биылғы әлемдік пандемия жағдайында сексеуіл отынын кесуге немесе шірігін өзіміз жи­науға рұқсат берсе екен дейміз. 1 текше метрін  11 000 теңгеден беріп жатқан орман шаруашылығы мекемесінің отыны да 1 810 тұрғыны бар ауыл үшін қымбат, – дейді  Қ.Ембергенов. Мұндай жағдай сарысулық тұрғын­дардың да басында бар. – Былтырғы қыс өте қатты болды. Отын ретінде жаққан қарағайымыз бен тезегіміз үйді жылытпай, ауылдың тең жартысы көкжөтел болды. Оған қоса, жол жаман болғандықтан,  шалғай ауылға көмір де келмеді. Қыстың бел ортасында аудан әкімдігіне өтініш жазып, әйтеуір бір-екі көлік көмір алдырдық. Бірақ тасымалдаушылар жол шығынын есептеп, көмір бағасын еселеп өсірді. Оған біреудің шамасы келді, ал екіншісінің жағдайы жетпеді.  Қазір Қамқалы ауылдық округіне Шығанақ, Қамқалы және Жайлаукөл ауылдары қарайтын болса, осы үш ауыл тұрғындарының  былтырғы қыста көрген күні күн болмады. Сондықтан бізге сек­сеуіл отынын шабуға рұқсат беру ке­рек. Әйтпесе, биылғы қыстан қалай шыға­тынымыз үлкен мәселе болып тұр, – дейді Сарысу ауданы Шығанақ ауылының тұрғыны Еркеғали Сейітбеков. Иә, тұрғындардың жанайқайын орын­сыз дей алмаспыз. Қыста сексеуіл отыны берілмегені былай тұрсын, көмірдің өзі жетпей  жатса,  халық ашынбағанда қайт­сін? Егер бұқараны  бұлайша тарылта бер­се, ертең олар  сол сексеуілді заңсыз ке­сетіні айдан анық.  Қыс қыр астында тұр­ғанын ескерсек, мұндайда  халық арыз-шағымдарын қарша борататыны тағы айқын.  Сондықтан облыстық Табиғи ре­сурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы шірік сексеуілдің әр текше метрін саудаға салмай, пандемия жағдайында халыққа тегін өткерсе одан қазынасы ортайып қалмас. Әрі қыс айында ел ішін індет жайлағанын көргеннен гөрі жылы үйде отырған жұртшылықтың алғысын алған артық емес пе?

Саятхан САТЫЛҒАН,  Жамбыл облысы