Шымкент қаласының теміржол стансасында 13 вагон жолдан шығып кетіп, аударылды.
«24 қазанда сағат 02.31-де Шымкент қаласының теміржол станциясында №117 бағытындағы 13 вагон жолдан шығып кетіп, аударылды. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себептері анықталуда», – деді Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.
Белгілі болғандай оқиға басқа пойыздардың қозғалысына әсер етті. Алдын ала мәлімет бойынша, 5 жолаушы және 10 жүк пойызы тоқтап тұр. Қазіргі уақытта жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«ҚТЖ« АҚ-ның 200 қызметкері, Шымкент, Арыс және Тараз станциясынан қалпына келтірумен айналысатын 3 пойыз жұмылдырылды», – деді Т.Уәли. Оқиға орнында Шымкент қаласы ТЖД 6 қызметкері және 3 техника, Шымкент станциясы Ішкі істер желілік полиция бөлімінің 10 қызметкері және 1 техникасы жұмыс істеуде. Жолды босату бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. 24 қазан сағат 13.00-ге дейін пойыздардың қозғалысы үшін 1 жолды қалпына келтіру жоспарланып отыр.