«Қазақстан халқы, Еуропа орталығында біздің де жеріміз бар деп біліңіздер!» – Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысына көңілі толған және қазақ елінің қонақжайлығына тәнті болған Беларусь президенті Александр Лукашенко осылай мәлімдеді.
Бір қызығы, жас айырмашылығы 1 жылды ғана құрағанымен, Беларусь басшысы аса тәжірибелі Қазақстан Президентіне құрмет-қошемет білдіріп, келіссөздер кезінде үнемі «Қасым аға» деп қайырылып отырғанына шетелдік журналистер де назар аударды.
Қос мемлекеттің басшылары алдымен оңаша отырып, шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы А.Лукашенконың ресми сапары екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен экономикалық ықпалдастықтың дамуына соны серпін беретінін атап өтті.
– Александр Григорьевич, сіздің сапарыңыз біз үшін аса маңызды. Өйткені бұл мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен қарым-қатынастардың шынайы достық сипатқа құрылғанын дәлелдейді. Сонымен қатар екі елдің іскерлік серіктестігіне, соның ішінде экономикалық, гуманитарлық байланыстар мен халықаралық қатынастарға тың серпін береді, – деді Қазақстан Президенті.
Ол Қазақстанда Александр Лукашенконы Беларусь республикасы тәуелсіздігінің негізін қалаған көрнекті мемлекет қайраткері ретінде шынайы құрметтейтінін мәлім етті.
Ізінше Ақордадағы келіссөздер қос тараптан ресми делегациялардың қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасын тапты. Онда күн тәртібіндегі екіжақты ауқымды мәселелер жан-жақты талқыға салынды. Негізгі әңгіме сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту бағытында өрбіді. Бұдан бөлек, мемлекет басшылары саяси, мәдени-гуманитарлық салалар мен халықаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылдарды байыптады.
Беларусь делегациясына ілтипат білдірген Қазақстан Президенті екі елді дәстүрлі түрде достық пен ынтымақтастық байланыстыратынын айтты. Ол А.Лукашенконың сапары ынтымақтастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылауға жақсы мүмкіндік бергеніне сенімді.
– Біз мемлекеттер арасындағы сауда-саттық көлемін ұлғайтуға, гуманитарлық саладағы байланыстарды нығайтуға, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты белсенді түрде жалғастыруға мүдделіміз, – деді Қ.Тоқаев.
Оның байламынша, келіссөздер қорытындысында қол қойылған құжаттар екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету бағытында жасалған маңызды қадам саналады.
Ал Александр Лукашенко Қазақстанды басты сауда серіктесі ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Ол соңғы 3 жылда екі ел өзара тауар айналымын екі есеге арттырып, 1 миллиард долларлық межені еңсеруге жақын қалғанын алға тартты. Бұл ретте Қазақстанның Беларуське өткізетін экспорты 45 пайызға өскенін мәлім етті.
Айтпақшы, өзара алыс-беріске қатысты Қазақстан мен Беларусьтің мәліметтері әртүрлі болып келеді. Қазақстандық статистикаға жүгінсек, 2019 жылғы қаңтар-шілде айларында қос республиканың өзара тауар айналымы 414,7 миллион долларды құрады. Оның 57,4 миллионы – біздің экспорт, 357,3 миллионы – олардан тасығанымыз. 2018 жылдың қорытындысында өзара сауда көлемі 12,6 пайызға өсіп, 712,4 миллион долларға жетті. Оның ішінде отандық экспорт 12,5 пайызға кеміп, 101,2 миллион доллар болды. Ал импорт 11,6 пайызға ұлғайып, 607,3 миллион доллардан асты.
Белорустық статистикаға жүгінсек, қаңтар-шілдедегі өзара тауарайналым 549,4 млн долларды құраған: олардың бізге өткізгені – 458,3 млн, бізден арбалағаны – 91,1 млн доллар. 2018 жылдың қорытындысында жалпы сауда-саттық көлемі 30 пайызға артып, 896,1 млн доллар болды. Олар бізге өнім экспорттау арқасында 783,7 миллион доллар кіріс тапқан және табысын 32,3 пайызға арттырған. Қазақстан бір жыл ішінде 112,3 млн долларға тауар жеткізген және табысын алдыңғы жылғыдан 15,6 пайызға өсіріпті.
Қ.Тоқаев бұл сандарды «жеткіліксіз», ал А.Лукашенко «Қазақстанның ауқымы мен Беларусьтің мүмкіндігіне лайықсыз» деп таныды және үкіметтер алдына оны 1 миллиард доллардан асыру міндетін қойды. Бұған мысалы, мұнай секторы ықпал етуі ықтимал. Бұған дейін өз мұнай өңдеу зауыттары үшін арзан шикізатты Ресейден алып келген Беларусьтің енді ол мүмкіндігі шектелді. Бұл тұрғыдағы келіссөздердің тұйыққа тірелуіне РФ-ның белорустық табысты МӨЗ-дерді жекешелендіруге ұмтылуы түрткі болуда.
Сондықтан Александр Лукашенко бұдан былай мұнайды Қазақстаннан алуға ниетті екенін мәлім етті. Қазақстан бұған қарсы емес. Бірақ оны өз жері және төл құбырлары арқылы өткізуге Ресей рұқсат беруі қажет. Беларусь басшысы «Мәскеу бұған қарсы шықпас» деген үміт білдірді.
– Біз Минск трактор зауытының техникасын Қазақстанда шығару стратегиясын айқындадық. Өнеркәсіптік кооперациямен қатар, экономиканың өзге де салаларында ынтымақтастықты өрістету әлеуетіне иеміз. Атап айтқанда, бұған ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, жол құрылысы, мұнай-химия кешені, ІТ технологиялар, ғарышты бейбіт мақсатта игеру жатады. Дәстүрлі түрде бізді Қазақстан өндіретін металл, астық, мақта талшығы, мұнай өнімдері және басқасы қызықтырады. Беларусь өзіне мұнай жеткізілімдерін әртараптандыруға айрықша мән беруде. Сіздерден осы шикізатты импорттауға ынталымыз. Біз таяу уақытта Ресеймен кеңес-консультациялар жүргіземіз деп келістік. Ресей бұған кедергі келтірмейді деген ойдамын. Сонда қазақстандық мұнай Ресей аумағы арқылы бізге тасымалдана бастайды, – деді ол.
Ақордадағы келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, өзара серіктестікті одан ары жандандыратын және халықаралық аренадағы іс-әрекеттерді үйлестіретін Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Мұның сыртында, екі ел үкіметтері арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстан Бас прокуратурасы мен Беларусь Тергеу комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісім; Ұлттық қауіпсіздік комитеті және БР президенті жанындағы Жедел-талдау орталығы арасындағы жедел-техникалық саладағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жасау туралы келісім бекітілді.
Сондай-ақ Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2020-2021 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына, жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша келісімге қол қойылды.
Екі ел ғарыштық салада ынтымақтаспақ. Осы мақсатта еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Беларусьтің Ұлттық ғылым академиясы Жерді қашықтықтан зондтау деректерімен алмасу саласындағы ынтымақтасуға келісті.
Ресми рәсімдер аяқталған соң қос президент екі елдің журналистері алдына шығып, бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Қ.Тоқаев Қазақстан мен Беларусь арасындағы табысты әрі тиімді ынтымақтастықтың негізін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко қалағанына екпін түсіре келе, өзінің онымен үшінші рет ресми кездесіп отырғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы екіжақты келіссөздер қорытындысында ынтымақтастықтың бірқатар маңызды бағыттарына, ең алдымен, сауда-экономика саласына қатысты ортақ пікірге келгендерін айтты.
Қазақстан Президенті тауар айналымын және тауарлар санын арттыру үшін екі ел үкіметі арасында «Арнайы ұзақмерзімді жоспарды» әзірлеу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін хабарлады және бұл үшін Еуразиялық одақ мүмкіндіктері пайдаланылатынына тоқталды.
– Бүгінде Қазақстанда Беларусь капиталының қатысуымен 340-қа жуық кәсіпорын жұмыс істейді. 8 бірлескен кәсіпорын ірі өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы техникасын шығарумен айналысады, – деді ол.
Қ.Тоқаев Біріккен көлік-логистикалық компанияның жұмысын оң бағалады. Қазақстан мен Беларусь бұл кәсіпорынның акционерлері саналады. Президенттің айтуынша, компанияның соңғы үш жылдағы қызметі нәтижесінде екі ел арқылы Қытай – Еуропа – Қытай бағытында жол тартқан контейнерлік темір жол тасымалы 6,5 еседей өсіпті.
Мемлекет басшысы Назарбаев университетінің, Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің, Минскідегі жоғары технологиялар паркінің табысты қызметін үлгі ете отырып, IT саласындағы өзара ынтымақтастықтың әлеуетін тілге тиек етті. Сондай-ақ қаржы саласына қатысты «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында ықпалдастық орнатуды ұсынды.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты одан ары дамыту маңызды деп есептейді.
– Біз келесі жылы Беларусь мәдениетінің көрнекті қайраткерлері Қазақстанға келеді деп уағдаластық. Қазақстан халқы белорустік мәдениетті сағынып та қалды, демек, әртістеріңізді аншлаг күтеді. Ал одан кейін біздің көрнекті қайраткерлер, әртістер Минскіге және басқа қалаларға гастрольмен баратын болады, – деді Қ.Тоқаев.
Өз кезегінде Александр Лукашенко Қасым-Жомарт Тоқаевты келесі жылы Беларуське сапармен келуге шақырды.
«Қазақстан халқына қайырылғым келеді: Беларусьпен байланысқандарыңыз дұрыс болды. Біз міндетімізді орындайтын халықпыз, ешкімді жарға жықпаймыз, сіздердің де сенімдеріңізді ақтаймыз. Еуропа орталығында біздің де жеріміз бар деп біліңіздер!», – деп түйді Беларусь президенті А.Лукашенко.