Кентау кемеліне келе ме?
Кентау кемеліне келе ме?
716
оқылды

Өткен жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облы­сы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітілді. Сол сәттен бастап Түркістанды дамыту мақсатында Мемлекет бас­шы­сы тарапынан түрлі тапсырмалар беріліп, Үкіметтік деңгейде жеделдетілген бағдарламалар қолға алынды. Осы тұста бұрын Түркістан қаласына қарап келген 12 ауыл округ тездетіп қамсыз жат­қан Кентау қаласына қосылды да кетті. Қазір жылдан асты, Түр­кістан қарқын алған құрылыс алаңына айналды. Түркітектес елдердің жұрты кие санайтын шаһар бүгінде елдің көз алдында өсіп жатыр. Қуантарлығы сол, құрылысы былтыр басталған нысандардың бірқа­тары өте тез арада пайдалануға берілгелі де жатыр. Ал Түркістанмен бірге қатар дамиды деген кеншілер қаласы Кентаудың және оған қосылған ауылдық округтердің жағдайы қалай, саралап көрелік.

Жақында ғана 64 жылдығын тойлаған қарт Қаратаудың тәжі атанған Кентау қаласына ат басын бұрдық. Көкейіміздегі білгіміз кел­ген сауалдар сан алуан. Ай­талық жедел түрде қалаға қосыл­ған ауыл­дық округтер Кентаудың өсіп-өр­кендеуіне кері әсерін ти­гізіп жат­қан жоқ па? Тұрғын­дардың мәсе­лелерін шешіп беруде Кентау қаласы әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелер тиісті қыз­меттерін көрсетуде үлгеріп жүр ме? Әкімшілік құрылымның мекемелері орналасқан ғимарат­тар талапқа сай ма? Әкімшілік мамандары жеткілікті ме? Өндіріс орындары мен кәсіпкерлік және Кентау қаласынан шалғай жатқан ауылдар үшін қаламен арадағы қоғамдық көлік қатынасы, жол жүру мәселесі қалай екен? Емха­на, мәдениет пен білім ошақтары, жұмыссыздық, қала қауіпсіздігі мен ішкі тәртіп сынды тағысын тағылар...

Сонымен, Кентауға бара жа­тып, жолай қалаға қарасты ауыл­дарды бағамдай жүрдік және қаладағы бірқатар мекемеге де бас сұқтық.

Осы орайда, Түркістан облы­сы құрылғалы бері бірқатар ауыс-түйістер болды. Нәтижесінде, Кентау қаласының үшінші әкімі атанған, қала басшысы қызметіне келгеніне жарты жылдан асқан Дәурен Махажановты сөзге тарт­тық. Оған жоғарыда атап көр­сет­кендей, тұрғындар тарапынан ай­тылып, назарымызда жүрген сұрақтарды қойдық. Осы орайда, қала әкімдігіне қарасты мемле­кеттік мекемелер мен бөлімдер де атқарып жатқан жұмыстарды мәлім етті.

«Шынымен де Кентау қаласы аймағына 12 ауыл қосылған соң халықтың саны екі есеге ұлғайды. Соңғы санақ бойынша халық саны 206 мыңға жуық адамға же­тіп отыр. Ал қаланың өзінде бұ­рын 100 мыңға жуық тұрғын бар еді. Қала аумағына қосылған 12 ауылдың тыныс-тіршілігімен та­нысып көріп жүрмін. Барлық ауылдың проблемалық мәселелері бірдей. Нақтырақ айтқанда, жол­дар­дың сапасы, көшелерді жа­рықтандыру, оқу орындарының жетіспеушілігі, жеке үй құрылысы үшін инфрақұрылым, медицина саласы және мамандардың же­тіс­пеушілігі. Мұның барлығы да қа­ламызға айтарлықтай әсер туғы­зып жатыр. Халық саны өсіп, ат­қа­ратын жұмыстар көбейіп отыр. Алайда Кентау қаласының эко­но­микасы мен құрылымы өз­герді. Бұрынғы құрылымды алып қара­сақ, басым бөлігі сауда мен өнер­кә­сіпке бөлінген. Ал қазір 50 %-дан астамы ауыл шаруа­шы­лығының әлеуетіне бағытталған. Бұл мақ­сатпен біз жұмыс істей отырып, Түркістан қаласының тұрғын­да­рын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыратын бо­ламыз» деген Дәу­рен Сәбитұлы заманауи тех­никалармен жабдық­талатын 1 200 бастық сүт тауарлы фирмасын са­луды да жоспарлап отырғанын айтты.

Осы жерде ескере кетуіміз керек, Кентаудан шалғайда жат­қан ауылдар да бар. Атап айтсақ, қалаға жаңадан қосылған Май­дантал, Қаражон, Ынталы деген ауылдар. Бүгінде бұл ауылдар көбінде айналма жолдармен жү­руге мәжбүр. Айталық алыстағы ауылдықтар қалаға келу үшін 100 шақырымнан астам жол жүріп жетеді екен.

«Жаңа жоспарларыңызда жол салып беру қарастырылып отыр ма?» деген сауалға, әкім: «Қазір транспорт өте күрделі мәселеге айналып отыр. Себебі Кентауға қарасты ауылдардың ортасында Түркістан қаласы орналасқан. Ескі Иқаннан, Үшқайықтан бері қатынау үшін жолаушы Түркістан арқылы сапар шегеді. Біз бұл туындап жатқан мәселені шешу үшін бөлек бір «транспорт және автожолдар» бөлімін ашып отыр­мыз. Тек жол мәселесіне ғана емес, ауыл тұрғындары қатынай­тын қоғамдық көліктер жүйесін ретке келтіруді де қолға алудамыз. Сонымен қатар жаңа көлемі үл­кен, ауылдарға қатынайтын кө­лік­терге арнап автовокзал салу құрылысы да жоспарға алынып отыр» деді.

Оның айтуынша, сондай-ақ Түркістан-Кентау бағытындағы автокөлік жолын кеңейту жоспар­ланып отыр. Бұл бойынша қазір құжаттар әзірленуде екен. Ал екінші жоспарда, Шаға ауылында бой көтеріп жатқан әуежай жо­лының жұмысы және Ибата, Майдантал, Бабайқорған сынды алыс орналасқан ауылдардың жолдары тұр.

Тағы бір проблема – ауылдар­дан қатынайтын тұрғындарға қыз­мет көрсету мәселесі. Әсіресе, Халыққа қызмет көрсету орта­лы­ғында адам аяғының саны өсіп, түрлі келеңсіздіктер туындап оты­ратыны бар. Дегенмен әкімдік осы жағдайды шешу мақсатында ғимарат аумағын кеңейткенмен мәселе шешіле салмайды және орталыққа келу үшін 100-150 шақырым жол жү­ріп, көп уақыт жоғалтпас үшін Ес­кі Иқан және Шорнақ ауылда­рынан екі филиал ашылған. Біреуі бұрыннан қалада орналасқан, сонда жалпы 3 Ха­лыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп отыр.

Ал ауылдардағы тұрғындарды емдеу жұмыстарына келсек, за­манауи техникалар арқылы ауыл­дарда орналасқан емханалар жұмысын ретке келтірмек екен.


Қалаға 12 ауыл қосылған соң ауыл шаруашылығы жұмыс­тарына қаншалықты көңіл бө­лініп жатыр деген сұрақтың туын­дары заңдылық. Бұл тұрғыда, рес­публикадан бөлінген суб­сидия­лар бойынша ауылдарға мемлекет деңгейіндегі жұмыстар облыс тарапынан бөлінеді екен. Алайда туындайтын проблемалар да аз емес. Айталық құжатта сәй­кес келмеушілік бар. Яғни, жер иеленушілер мен пайдалану­шы­лардың ауқымды жер аумақтары цифрландыруға қосылғанда кей­бір ауылдардың жері базадан та­былмай қалып жатқан жағдайлар көптеп кездесіп жатыр екен. Жал­пы, қала бойынша ауыл шаруа­шы­лығы саласында жалпы өнім көлемі жыл басынан бері 8 айда 24 125,2 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,2% құрайды.

«Түркістан қаласын көркейту үшін мемлекет тарапынан қаржы көп бөлініп, кішігірім Кентау жә­не оған қарасты ауылдарға қар­жы аз бөлініп жатқан жоқ па?» – деген сұрақ көтерілді.

«Жоқ, мүлде олай емес. Қаржы бәріне бірдей бөлініп жатыр. Тұр­ғын үйлер салу және жөндеуден өткізу бойынша 44 үйге қаржы бөлінді. Бірақ оны бастау бойын­ша мердігер тарапынан 17 үйге қаржы бөлінді. Осылайша, ол үй­лер толықтай модернизациядан өткізіледі» дейді.

Былтыр көпқабатты 3 үй, биыл 5 үй қолданысқа берілген. Келер жылы 10 үйді қолданысқа беру жоспарда. Ал үй кезегінде тұрған адамдардың саны 4 мың­нан астам. Бұл осы санмен қалып қоймайды. Себебі ауыл тұрғын­дары тағы бар.

Әкім қаланың Түркістанмен қатар бірге дами беретінін және Кентауға қосылған ауылдық округтердің кеншілер қаласының дамуына ешқандай кедергі кел­тір­мейтінін, жоспарланған бағдар­малар тиісті межеде жүзеге асы­рыла бастағанда, керісінше сер­пінді түрде өркендейтінін жет­кізді. Себебі қала бұрын сауда-сат­тық, өнеркәсіп бойынша тір­ші­лік жасап келген болса, енді қа­тарға қосылған ауылдық ок­ругтер ауылшаруашылық саласын дамыту арқылы қаланың өркен­деуіне мүмкіндік береді.

Кентау қаласы бойынша ішкі туризмді дамытуға бағытталған жо­балар бар. Айталық «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» рес­публикалық мемлекеттік меке­ме­сі, қалалық музейі, Қарнақ ауы­лындағы Шаммат Ишан ме­шіті, 1 000 жылдық тарихы бар Тұт аға­шы, Бабайқорған ауылдық окру­гіндегі Укаш ата, Жылаған ата және Жібек жолы ауылдық ок­ругіндегі Сауран қалашығы сын­ды тарихи жерлерді атауға болады.

Қазіргі таңда 1 туристік мар­шрут дайындалған. Бұл мар­шрутта «Хантағы Кемпіртас», «Қаратау таби­ғаты» ғылыми-танымдық ке­шені, Ханның тағы, Жасарбұлақ, Күлжабай сайы, Тастын бауы, Кемпіртас экс­курсиялық соқпақ­ты тамашалау қарастырылған. Қарнақ елді мекеніндегі «Шаммат Ишан» мешіті және «Имам Бах­ли» ма­зарындағы 1 000 жылдық тарихы бар Тұт ағашын тарихи-таным­дық «Түркістан-Укаш ата» ту­ристік маршруты облыстың ту­ристік маршрутына енгізілді.

Кентау қаласын және оған қарасты ауылдарды табиғи газбен қамтамасыз ету мемлекеттік бағ­дар­ламасы орындалып жатыр. Кентау қаласын және оған қа­расты ауылдарды табиғи газ­бен қамтамасыз ету мақса­тын­да бюджеттен қажетті қаржы бө­лі­ніп, қазіргі таңда құрылыс мон­таж­дау жұмыстары жүргі­зі­луде. Жүр­гізіліп жатқан жұмыстар ба­ры­сында төмендегі жұмыстар­дың өзектілігі бойынша мерді­гер­лер тарапынан ретке келтірілу жос­пар­да бар. Осы кезге дейін, жалпы қала мен ауылдарды газ­дандыру 5 бағыт бойынша жүргі­зілген.


Кентау қаласы