Қазақстанда медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарын еркін таңдау бойынша жыл сайынғы науқан аяқталуға таяу. Емханаларға тіркелу мерзімі 15 қарашада бітеді. Халық бұл науқан шынында көзбояу екенін айтады. Себебі қалаған емханаға тіркеле алмайсың. «Тек тұрғылықты жер аумағы шегіндегі МСАК ұйымы» деген шектеу бар. Тіпті, астананың өзінде бір шағынауданда екі емхана кездесе бермейді. Демек, бәрібір еш таңдау жоқ. ДСМ-ге мұндай «халтура» неге керек?
Жұмбақ: зейнетақы алатын адамды қалай атайды? Жауабы, әрине біреу: зейнеткер. Бірақ отандық бюрократия үшін мұның бірнеше құйтырқы жауабы бар көрінеді. Салдарынан Байқоңырдағы қазақстандықтар емханаларға тіркеле алмай жатыр. Олар Конституция және құжат бойынша – Қазақстан азаматы. Алайда дәл осы мәртебесін міндетті медициналық сақтандыру жүйесі мойындамайды. Неге? «Байқоңыр» ғарыш айлағын Ресей 2050 жылға дейін жалға алғандықтан, Байқоңыр қаласы осы мерзімге ресейлік федералдық маңыздағы қала статусына ие болды. Бұл үкіметтегілердің шешімі, оған қарапайым бұқараның келісімі сұралған жоқ. Нәтижесінде, орыс космодромына жұмыс істеген және істейтін қазақстандықтар солтүстік көршінің бюджетінен зейнетақы және жалақы алады. «Кімге ұнамаса, көшіп кетсін» деуі мүмкін базбіреу. Ол қауіпті іс: жергілікті қазақстандықтар өре көшсе, «Байқоңыр» тек ресейліктер тұратын анклавқа айналатын еді. Сонымен бірге екі ел арасындағы таяудағы келісімге сәйкес, «ғарыштық» қаладағы мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен емханалар Қазақстан Үкіметінің құзырына көшті.«Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан азаматтарына да зейнетақы Ресей Федерациясының зейнетақы қорынан төленеді. Қазіргі кезде Байқоңырдағы мемлекеттік көпбейінді аурухана бізге толыққанды медициналық қызмет көрсетуден бас тартуда. Оның мәнісін сұрасақ, «сіздер Қазақстанның медициналық сақтандыру қорына жарна енгізбейсіздер!» дейді. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңының 26-бабына сәйкес, 14 санат, соның ішінде зейнетақы төлемдерін алушылар үшін жарнаны мемлекет бюджеттен төлейді емес пе?!» – дейді байқоңырлық Рысты Айтмаханова.ДСМ-нің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаменті жеңілдікті санаттағы тұлғалар үшін медсақтандыру жарнасын мемлекет төлеп жатқанын растады. Ақша қорға уақытылы аударылып тұрады.
«Десек те, ол адамдар медициналық қызметтерге қол жеткізуі үшін олардың мәртебесі мемлекеттік деректер базасында айқындалуы тиіс. Яғни, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінде азамат «зейнеткер» ретінде жазылып тұруы керек. Ал «Қазақстандағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңы бойынша Қазақстанның мемлекеттік базалық зейнетақысын және БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алатын адам ғана зейнеткер ретінде танылады. Сондықтан Ресейдің зейнетақы қоры есебінен зейнетақы алатын тұлғалар Қазақстан заңнамасы бойынша зейнетақы төлемдерін алушы болып танылмайды», – деді ДСМ департаменті.Әйткенмен бұл түйткілдің шешімі бар. Ресейден зейнетақы алатын қазақстандықтар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүгініп, «зейнетақы төлемін алушы» мәртебесін тағайындау жөнінде өтініш беруі қажет. Егер Біржан Нұрымбетовтің ведомствосы ол азаматтардың дерегін өзінің ақпараттық жүйесіне (ИС МТСЗН) енгізсе, тек сонда ғана оларға емханалар-ауруханалар жеңілдікті санат ретінде тегін медициналық көмек көрсете бастайды.
«Зейнеткер мәртебесін алғанға дейін Қазақстан азаматы не дербес төлеуші ретінде жарна (2020 жылы айына 2 125 теңге) төлеп тұруға міндетті немесе бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізуі керек: ол 0,5-1 АЕК көлемінде болып келеді. Оны Қазпошта бөлімшелерінде, 24 банктің бірінде, сондай-ақ интернет-банкинг арқылы қашықтықтан төлеуге болады», – деді ДСМ-нің МӘМС үйлестіру департаменті.
Еркін тіркелудің «ерекше» тәсілі
Емханаларды еркін таңдап, тіркелу жүйесін енгізгенде Денсаулық сақтау министрлігі оның игілігі мол болатынын жеріне жеткізе мақтады, барлық БАҚ арқылы дәріптеді. Мысалы, бұдан былай азаматтар қалалық емханамен шектелмей, көңілі қалаған кез келген жеке клиникаға тіркеліп, қызметін тегін ала алатынын мәлімдеді. «Бұдан былай бюджет қаржысы әр сырқаттың соңынан емхана-клиникаға ере барады». Өмірде бұдан не шықты? Алматылық Гүлнәр Ниетбаева халықтың амалсыздан қулыққа барып жатқанын әңгімеледі.«Қазақстанда бірнеше жылдан бері медициналық ұйымдарға еркін тіркелу науқаны жүзеге асырылуда. Бірақ емханалар өзге көшелер тұрғындарының өз бетімен келіп, тіркелуіне еш мүмкіндік бермейді. Әр емхана-клиникаға қызмет көрсету аумағы бекітіліп қойылған: егер ол аумақта тұрып жатпасаңыз, сізді қабылдамайды. Барлығының айтатын сылтауы бір: бос орын жоқ, өз аумағындағы тұрғындардан артылмайды, жүктеме тым үлкен. Мысалы, №6 емханаға барып тіркелмек болдым, бас тартты. Өз үйімнің мекенжайы, «пропискам» бойынша тек №23 емханаға жатады екенмін, ал ондағы медқызмет сапасы қанағаттандырмайды. 2018 жылы жүкті болдым, сапалы медкөмекті қажет еттім. Нәтижесінде, №17 емхана жанынан пәтер жалдап, өзге емханаға солай тіркелуге тура келді», – дейді Гүлнәр.Енді басқа қиындық туған: №17 емхана оның сәбиіне көмек көрсетпей жатыр: ол басқа мекенжайда тіркелген.
Халық емделейін десе, бұл бір азап. Ең алдымен барлық сырқат терапевттің алдынан өтуі тиіс. Алайда оның қабылдауына кіру үшін алдымен үлкен кезекке тұрып, флюрографиядан өтуің керек. Содан соң микрореакцияға анализ тапсыруға міндеттісің. Онда да ұзын-сонар кезек. Бұдан қалды ерлер – урологтың, әйелдер – гинекологтың кабинетіне бас сұғып, оның қарауынан өтуі шарт. Тек содан кейін терапевтке кезек аласың.
Бұл мәселені қоғам белсендісі Светлана Ситникова да көтеріп жүр.«Мен де МӘМС жүйесінің қатысушысымын. Ай сайын жалақымнан, әр табысымнан ӘМСҚ жарна ұстайды. Қалалық емханалар қызметін пайдаланбаймын. Өйткені оларда тар мамандық дәрігерлері жұмыс кезінде аз уақыт қана қабылдайды, демалыс күндері жабық тұрады. Жұмыстан тек бір күнге ғана жібереді. Тиісінше, жеке клиникаларды жағалауға мәжбүрміз. ӘМСҚ-на жарна төлеп, жалақымнан да жоғалтып жатырмын, оның ұсынатын тегін медқызметін пайдалана да алмаймын. Бұл қор не үшін керегін түсінбеймін», – деген ол еркін тіркелу науқанына ешқашан қатыспағанын, жергілікті емхана тұрғындарды өз бетінше тіркей салатынын білдірді.
«Ауру ұлт жасау» бағдарламасы
Кәсіпкер, спортшы Алексей Нам Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға хатында оның түбегейлі жаңаруларды күткен адамдардың үмітін ақтамағанын жеткізді.«Денсаулық сақтау министрлігінің тізгінін өз қолыңызға алғаныңызға үш айдан көп уақыт өтті. Осы уақытта қазақстандықтар медициналық қызметтер саласында қандай өзгерістерге қанықты? Сіз келгелі не жаңарды, не жақсарды? Коронавирус статистикасының түзелуінен өзге ештеңе өзгерген жоқ. Саясаттанушы Максим Казначеевтен журналистер сұхбат үстінде осыны сұрапты: «Алексей Цойға ма? Оған әзірше ешқандай баға бере алмаймыз» деп қысқа қайырыпты ол. Сіз төл қолтаңбаңыз деп санайтындай бірегей ештеңе де енгізген жоқсыз. Министрліктің жұмысында да жүйелі жаңғырулар байқалмайды. Сіз келді деп, денсаулық сақтау жүйесінде мазмұнды реформаларды күткендердің сенімі ақталмады», – дейді А.Нам.Оның министрге ренжи хат жазуының негізі бар: экс-министр Біртанов енгізіп кеткен кесір мұра Цой тұсында сақталып қалды.
«Проблема емханада-ақ басталады. Халық емделейін десе, бұл бір азап. Ең алдымен барлық сырқат терапевттің алдынан өтуі тиіс. Алайда оның қабылдауына кіру үшін алдымен үлкен кезекке тұрып, флюрографиядан өтуің керек. Содан соң микрореакцияға анализ тапсыруға міндеттісің. Онда да ұзын-сонар кезек. Бұдан қалды ерлер – урологтың, әйелдер – гинекологтың кабинетіне бас сұғып, оның қарауынан өтуі шарт. Тек содан кейін терапевтке кезек аласың. Ол саған әрлі-берлі көз тастап, өкпеңді тыңдап барып, лорға, офтальмологқа не басқа да тар салалы дәрігерге жолдау-жолдамау туралы шешім қабылдайды. Ол жақта да үлкен кезек. Соның кесірінен, сырқат адам бір медициналық қызметті алу үшін қаншама асыл уақытын сарп етеді. Бір емес, бірнеше күнін шығын етеді. Осы сергелдеңнен шаршаған халық қолды бір сілтеп, өз бетінше, дәріханашы көмегімен емделуге не ақылы клиникаларға жүгінуге мәжбүр», – дейді Алексей Нам.Жұмыс істейтін қазақстандықтар бірнеше күн бойы емхана дәрігерлерінің соңынан жүгіруге уақыты жоғына шағымданады. Салдарынан еңбекқор адамдар дертін ушықтырып алып жатады. Яғни, бұл жүйе ел басшылығының «Дені сау ұлт» құру жобасына қайшы.
«Бірде құлағым ауырып, өзім тіркелген емханаға бардым. Әлгі айтылған сергелдең тізбегінің тек жартысынан ғана өте алдым. Ақыры отоларинголог дәрігерге тек екі аптадан кейін жазылуға болатынын білдім. Ауру болса шыдатпай бара жатыр. Содан дереу тәулік бойғы клиникаға жүгініп, сұраған ақшасын төледім. Құлағыма қатқан құлықты суырып алып, дәрі сіңдірілген турунданы тығып, 15 минутта емдеп берді. Ақысын төлей алмайтындар қайтеді? Бұқараның тұрмысы төмендеп кетті ғой», – дейді кәсіпкер.Емхана меңгерушілері министрліктен сөз естімеуі, жоғарыдан тексеріс келмеуі үшін мұндай жағдайға бөлек шара қарастырылғанын, мысалы, дерті ауыр сырқаттар үшін шұғыл терапевттер (экстренные терапевты) қызмет ететінін айтады. Алайда шын мәнінде шұғыл сырқаттар да өз терапевтінің қарауынан өтуге, сырқатының «шұғыл» екендігі туралы қорытындысы мен бағыттамасын алуға мәжбүр. Сөйтіп, дәрігер алдындағы кезекте ауруханаға жатқызылатын науқастар да ахылап-ухілеп, қиналып отырады. P.S.
Жалпы, емханаларға еркін тіркелу медициналық ұйымдар арасында оңды бәсеке туғызуға тиіс еді. Идея бойынша клиенттері кетіп қалмау үшін емхана-клиникалар ең үздік медқызмет көрсетуге ұмтылуы керек болатын. ДСМ осы істе ағаттық жіберді. Біріншіден, елде емхана тапшы екені ескерілмеді. Ауыл-кентте, моноқалада, немесе ірі қаланың шағынауданында 1-2 ғана клиника болуы мүмкін, екеуі де шектен тыс жүктелген. Екіншіден, емхананың негізгі контингенті – зейнеткерлер және созылмалы ауруы бар сырқаттар. Олар алысқа құлаш ұра алмайды, көрсететін қызмет жақсы-жаман болсын, бәрібір жақын жердегі емханадан табан аудармайды. Яғни, жүйеде ештеңе өзгермеді. Ал Қазақстанның бас дәрігері Үкіметтегі «бас ертегішіге» айналды. Әңгімесі әдемі, қызықты, елітіп әкетеді, бірақ оның шынайы өмірге еш қатысы жоқ.
Елдос СЕНБАЙ