Үкімет Алматыдағы ЖЭО-2-ні газдандыру жобасын мақұлдады. Шаһардағы жылу мен электр энергиясының негізгі көзі саналатын станса газға көшіріледі. Бұл – қоршаған ортаға тигізетін кері әсерді мейлінше азайту мақсатында жасалып отырған қадам. Осы жобаға кіріспес бұрын қаншама талқылау өткізіліп, сараптама жүргізілді. Әсіресе, жобаның түпкілікті іске асуына қала тұрғындары мен экологтар белсенді әрекет еткенін айта кеткеніміз жөн. Олар стансаны экологиялық тұрғыдан таза отын – газға көшіруді үзілді-кесілді талап етті. Олардың жанайқайы жоғары билікке де жетіп, ақыры мемлекеттік деңгейде оң шешім қабылданды.
Былтыр 1 тамызда ЖЭО-2-ні жаңғыртудың «жол қартасы» бекітілді. Стансаны жаңғыртудың бірнеше нұсқасы әзірленіп, ашық талқыланды. Мұндай пікірсайыстарға 20 мыңнан астам адам қатысты. Олардың арасында энергетиктер, экологтар, экономистер, билік өкілдері мен жалпы қала экологиясына бейжай қарай алмайтын ынталы жандар бар. ЖЭО-2-нің бірегей акционері «Самұрық-Энерго» АҚ сала мамандары мен көпшіліктің пікірін ескере отырып, оңтайлы әрі экологиялық таза және техникалық тұрғыдан іске асыруға болатын газға көшіре отырып, қазандықтарды жаңғырту нұсқасын таңдады. Техникалық экономикалық негіздемені әзірлеуші – «ҚазЭнергоөнеркәсіптікҒЗЖІ» АҚ. Бұл жобаны іске асыруға ынталы басқа да талапкерлер болды. Ашық тендерде осы компания таңдап алынды. Таңдау неге осы АҚ-ға түсті? Өйткені бұл компания – энергетика саласында құрылыс жүргізудің 60 жылдық тарихына ие және жылу энергетикасы саласындағы жобаға дайындық және жобалау жұмыстарының кең ауқымын атқарады. Сол себепті былтыр 15 қарашада бұл ұйыммен техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірлеуге келісімшарт жасалды.Жаңа станса салу туралы да айтылған
Жобаға қатысты шешім қабылдау оңай болған жоқ. Тіпті, ЖЭО-2-ні сүріп тастап, орнына мүлдем басқа станса салу жайы да сөз болды. Әйтсе де, алып шаһарды жылумен орталықтандырылған қамтамасыз ету аймағының шамамен 50 пайызын жылумен және электр энергиясымен қамтитын стансаның орнын «АлЭС» АҚ-ның қалған нысандары баса алмайды. «Самұрық-Энерго» АҚ өкілдерінің айтуынша, оның үстіне станса созылған жылу жүйелері арқылы компанияның өзге энергия көздерімен – ЖЭО-1-мен және Батыс жылу кешенімен байланысады. Олар бірлесе отырып, жылу энергиясын өндіруді оңтайландырады, бір-бірін теңестіреді және отынның шығындалуын азайтады. ЖЭО-2 сүріп тасталған жағдайда оның белгіленген жылулық қуаттылығының орнын басу үшін қажетті инфрақұрылымы бар, қуаттылығы 100 Гкал/сағат болатын 14 қазандық керек болады. ЖЭО-2 жоғалтқан жылу энергиясының орнын толтыруға қаратылған бұл іс-шаралар қаланың экологиясын жақсарта қоймасы анық. Электр энергиясын көптеген миллиард болатын шығынмен импорттауды жолға қоюға болар, бірақ жылу энергиясын өзге өңірлерден импорттау мүмкін емес. Оның үстіне, дәл мынадай қомақты көлемде – жылына 3 200 мың Гкал. Ал басқа бір жерде газбен жұмыс істейтін жаңа электр стансасын салу – әуел бастан қымбат жоба. Оның құны – 275 миллиард теңге. Оған қосымша стансаға қажетті инфрақұрылымды: сумен, газбен қамтамасыз етуді, жылу жүйелерін тартуды және тағы басқа да қажеттіліктерді ойластыру керек.Газға көшіру үмітті ақтай ма?
Бұл жобаны таңдау алматылықтарға не береді? Ең бастысы – таза ауа. «АлЭС» АҚ кешеніне қарасты ЖЭО-2 стансасын газға көшіру қаланың атмосферасын көмір күлінен, күкірт диоксидінен толық арылтады. Азот пен көміртегі қышқылын шығару азайып, парникті газдар деңгейі төмендейді. Тұтас алғанда, есептеулер бойынша, ЖЭО-2 газға көшірілгенде атмосфераға ластаушы заттар шығарудың жылдық мөлшері 80 пайыздан астамға қысқарады. Оның үстіне, салыстырмалы түрде алып қарағанда жобаның құны да төмен – 98,4 млрд теңге. Бұл сыртқы екі газ құбырын есептемегенде. Газбен жабдықтау бойынша ұлттық оператор – «ҚазТрансГаз» АҚ-мен алдын ала жасалған техникалық шарт бар. Бұдан тыс, жобаны жүзеге асыру күл үйінділері төңірегіндегі проблеманы да шешеді. Бүгінде ЖЭО-2-де құрғақтай сақталатын күл үйінділерінің аумағы 200 гектарды құрайды. Стансаны газға көшіру бұл жерді қаланың басқа мұқтажы үшін пайдалануға мүмкіндік береді.Қаржы мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ
Былтыр жобаны іске асырудың «жол картасы» бекітіліп, соның тармақтарына сай жоба қаржыландырылды. Бірден айта кетейік, «АлЭС» АҚ-да мұндай қаржы ресурсы жоқ. Қаланың да жобаға күші жетпейді. Қазір қаржыландырудың түрлі нұсқасы қарастырылуда. Оның қатарында: кредит алу, мемлекеттік бюджет қаражаты, акционердің қолдауы, қазақстандық даму институттарының қатысуы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, шекті тарифтер. Аралас шешімдер де болуы мүмкін. Бір нәрсе анық: жасыл энергетика қомақты инвестицияларды қажет етеді. Алматы үшін табиғи газ Екібастұз көмірінен біршама қымбат отын. Егер шартты отын түрінде есептеп, салыстырар болса, оның құны қазіргі уақытта көмірдің бағасынан 2,3 есе жоғары. Алматы тұтынушылары үшін жылу энергиясының соңғы тарифі оны өндіруге, жеткізуге, бірнеше компания арасында бөліп-таратуға жұмсалатын шығындарды есептеп барып құралады. Бірақ ТЭН-де тарифтің өзі емес, ЖЭО-2-нің шығындарын өзгерту тарифтерге қалай әсер ететіні бағаланды. Құжатта стансаны газға көшіру оның тарифтеріне және Алматы тұтынушыларын жылумен қамтамасыз ету қызметіне қалай әсер ететіні көрсетілді. Ал жобаны келісудің және бекітудің кезеңдеріне келсек, 2020 жылғы қазан-қарашада қоғамдық тыңдаулар өткізіледі. Содан кейін ТЭН мемлекеттік сараптамаға келісуге жіберіледі. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы негізінде ТЭН-ді тапсырыс беруші – «Самұрық-Энерго» АҚ бекітеді. Алматы жұртшылығы мен әкімдігінің пікірін ескере отырып, қазіргі уақытта стансаны газға түбегейлі көшіру мерзімін қысқарту шаралары қолға алынуда. Бұрын хабарланғандай, бекітілген жоспарға сәйкес ЖЭО-2-ні толық жаңғырту 2029 жылы аяқталады деп жоспарланған болатын. Дегенмен стансадағы 8 қазандық агрегатты газға көшіру кезең-кезеңімен іске асырылатынын атап өту қажет. Бұл – 2025 жылдан бастап ЖЭО-2-нің бір бөлігі газға көшіріледі деген сөз. Қалай дегенде де, Алматы мен өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға алғашқы және маңызды қадам жасалды. Алайда ЖЭО-2-нің шығарындылары экологтардың соңғы деректері бойынша барлық шығарындылардың 30%-ын ғана құрайды. Үйлерді және моншаларды жылыту үшін көмір, резина және өзге де тиімсіз отынды пайдаланатын жеке меншік сектор атмосфераны айтарлықтай ластап жатыр. Бұған автокөлік пен өзге де жылу көздерін қосыңыз, сонда олардың үлесі 70% болмақ. Алдағы уақытта экологияны жақсарту бағытында олардың қайсысы энергетиктердің соңынан ереді? Бұл – уақыт еншісіндегі үлкен сұрақ. Көмірмен жұмыс істеп келген ЖЭО-ларды газға көшіру әлемдік тәжірибеде де бар. Мәселен, АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының (EIA) деректерінше, 2011-2019 жылдар аралығында АҚШ-тың көмірмен істейтін 121 электр стансасы отынның басқа түріне көшіріліпті. Мәселен, 103 электр стансасы табиғи газбен жұмыс істейтін етіп қайта құрастырылған немесе жаңасына ауыстырылған. Бұл шамамен 30 ГВт ауыстырылған қуаттылыққа тең. Көмірдің ірі тұтынушысы болып табылатын Оңтүстік Кореяда, билік басындағы партия сайлауда жеңіске жеткеннен кейін үкімет әзірленіп жатқан жаңа, тоғызыншы энергетикалық жоспарды таныстырды. Бұл жоспарда көмірмен жұмыс істейтін 24 стансаны (12,7 ГВт) 2034 жылға қарай газға көшіру көзделген. Осы жылға қарай Аrgus-тың болжамы бойынша, ЖЭС-тердің көмірді жылдық тұтынуы 19-28 млн тоннаға дейін төмендеуі күтілуде. 2020 жылғы 3 шілдеде Германия парламенті көмірді пайдалануды тоқтату туралы заң қабылдады. Заңда таскөмір мен қоңыр көмір (лигнит) негізінде электр энергиясын өндіруден (өткен жылы өндірілген электр энергиясындағы жиынтық үлесі шамамен 30%), 2038 жылдан кешіктірмей кезең-кезеңімен бас тарту көзделген. Міне, байқап отырғандарыңыздай, әлем экологияны барынша жақсартуға, көмірді неғұрлым аз тұтынуға ден қойып отыр. Мұндай игі қадамнан алматылықтар да сырт қалмауға әрекеттеніп жатқаны көңілге медет.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ