Пандемия браконьерлікке тежеу емес
Пандемия браконьерлікке тежеу емес
158
оқылды

Елімізде биыл жаз бойына браконьерлік оқиғасы саябыр­­сығаны байқалады. Мүлдем тыйылмаса да, заңсыз аңға шығу сиреген. Оның екі себебі бар сияқты. Біріншісі, былтыр жыл соңында Қылмыстық кодекске елеулі өзгерістер енгізіліп, бұл бап бойынша жаза қатаңдатылған болатын. Бұрын әкімшілік айыппұлмен немесе бас бостандығын шектеумен жаза­ла­нса,  енді дүние-мүлкі тәркіленіп, 5-12 жыл аралығында бас бостандығынан айырылады. Екіншісі, әлемдік пандемияға сәйкес елімізде жарияланған карантинмен байланысты. Төтенше жағдай орнап, қадағалау күшейтілгендіктен, браконьерлер «аңшылыққа» шыға алмай қалған секілді.

Статистикада өзгеріс жоқ

Биылғы 8 айда ішкі істер орган­дары 10 184 табиғат қорғау заңна­масын бұзу дерегін тіркепті. Бра­­коньерлік қанша саябырсыды десек те, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12,3%-ға артық. 2019 жылы мұндай 9 071 дерек тіркелген болатын. Биыл 459 қылмыстық іс қозғалған. Олар­дың тең жартысының, яки 231-інің бүгінде өндірісі аяқталып, 195-ы сотқа жолданса, 36 іс ақтап алуға келмейтін негізде тоқтатылған. Бұл тұста назар аударатын жайт қылмы­стық істердің 58,5%-ға азайғаны (2019 ж. – 1 106 дерек). Бұл былтыр желтоқсан айында қабылданған өзгерістерге сәйкес жазаның қатаңда­ғанымен байланысты болуы мүмкін. «Ішкі істер органдары туралы заңның 6-бабы 2-бөлімі 15-тармағына сәйкес полиция қызметкерлері та­биғат қорғау органдарына көмек көрсетеді. Соған қарамастан мұндағы заң бұзу дерегін ең көп анықтайтын біздің қызметкерлер. Экология инс­пекторлары қызыл кітапқа енген жан-жануарларды аулағандарды ұстаған кезде ғана полицияға тап­сыруы тиіс. Өйткені қылмыстық іс бойынша олардың хаттама толтыруға құқы жоқ. Оқиғаны тіркеуге алып, жедел топ шақырып, браконьерлерді соларға тапсырады. Бірақ басқа жағдайда олар әкімшілік хаттама толтыра алады. Әрі бұл мәселеге тек екі министрлік жауап берсін деп ешбір жерде жазылмаған ғой. Сон­­дықтан да табиғат қорғау баршаның парызы деп ойлаймын», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Табиғат қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспек­торы Айбек Өскембаев. Полиция полковнигінің ай­туын­ша, қаңтар-қыркүйек аралы­ғында 9 725 адам әкімшілік жауап­кершілікке тартылған. Оларға 84,4 мил­­лион теңге айыппұл салын­ған болса, оның бүгінде 73,4%-ы, яғни, 61,9 миллионы өндіріп алынған. Заңсыз айналымнан 69 тонна балық, оның ішінде 4,4 тонна бекіре тұқым­дасы, 25 кг уылдырық, заңсыз ша­былған 394,5 текше/метр ағаш, 100 жүзу құралы, 328 аңшы мыл­­тығы алынған. Табиғат қорғау поли­­ция­­­сы жыл сайын арнайы жоспар бойын­ша жұмыс жүргізеді. Соның ішін­­­де, негізгілері бекіре және басқа балық­тар уылдырық шашатын кезде көктемде еліміздің барлық су қойма­ларында «Нерест» шарасы жүретін болса, қазір 12 қазаннан бастап «Бра­коньер» жедел алдын алу шарасы өтуде. «Биыл Президенттің табиғат қорғау бойынша берген тапсыр­маларын орындау мақсатында 10 мемлекеттік органның бірігуімен жол картасы жасалды. Оның шеңберінде, әсіресе киік браконьерлігі мен олар­дың дериваттарын, сондай-ақ жа­байы фаунаның басқа да түрлерін өткізуге қатысты маманданған қыл­мыстық топтардың жолын кесу қа­расты­­­­рылған. Жол картасы аясында ішкі істер органдары 40 киік бра­коньерлігі дерегін анықтап, мыңға жуық ақбөкен денесін және 2 600 дана мүйізін тәркіледі. 12 браконьер қыл­мыстық жауапкершілікке тартылды. Келті­­­рілген залал 793,8 миллион тең­геге баға­­ланып, сотқа дейінгі тергеу бары­сында оның 68 миллионы өн­дірілді», – дейді Табиғат қорғау поли­циясы тобының ерекше тапсыр­малар жөнін­дегі аға инспекторы. Браконьерлікті үш түрге бөлуге болады. Олар – аң, балық және өсім­дік браконерлігі. Осылардың ішінде биыл ең бір сирек кездесетін лашын құсын аулау, үнді жайрасы, аю аулау сынды оқиғалар да кездесті.

Аяусыз қырғын салған кімдер екен?

Осы айдың басында ұзақ ты­­ныштықтан соң заңсыз аң аулаудың алғашқы дерегі тіркелді. 3 қазан күні Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданы аумағынан киік тектес жа­нуардың 7 өлексесі табылған. Әр киік­­тің жатқан жерінің арасы 500-1 000 метрдей. Олардың аталығы бар мүйіз­­дері кесіліп әкетілген. Біреуі ана­лық екен. Оқиға орнынан белгісіз техниканың іздері анықталып, 4 дана RUSSIA-AZOT маркалы 12 калибрлі жасыл түсті гильза табылған. «Бірақ бұл мұндағы сойқанның басы ғана екен. Үш күннен соң таби­ғат қорғау полициясы «Охо­тзоопром» ӨБ қызметкерлерімен бірге сол ау­маққа қосымша тексеру жүргізген кезде тағы да 24 ақбөкеннің өлексесін тапқан. Олардың барлығы да аталық аң екені, 22-сінің мүйізі кесілгені, 2-еуі кесілмей қалғаны анықталды. Қазір осы іс бойынша тергеу жұмыс­тары жүруде. Расында да браконьер­лердің бір шыққанда 31 киікті аяусыз қырып салуы олардың әккілігін білдіреді. Олар ұзақ уақыт қағылған пайданың орнын толтырғысы келген сияқты. Биылғы тіркелген оқиға­лардың ішінде киік саны ең көбі осы болып тұр», – дейді Айбек Нұрқасұлы. Республикалық «Браконьер» ша­расы басталған күні БҚО Казталовка ауданының бір тұрғынынан 632 дана киік мүйізі табылған болатын. Экс­тре­­­мизмге қарсы іс-қимыл бойын­­ша басқарма қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шарасы кезінде Зача­ганск кентінде Nissan Maxima көлігінің 31 жастағы жүргізушісі қолға түскен. Оның көлік салонының артқы орын­дығынан мүйіз салынған бірнеше қап табылды. Бұл да биыл­дыққа қолға түскен мүйіз санының ең көбі. Осы екі оқиғаның бір-бірімен байланысы болуы да әбден мүмкін. Тек киік қана емес, жалпы браконьер­ліктің алдын алуға бағытталған бұл іс-шара 11 қа­рашаға дейін жалғаспақ.

Бас-көз болғанның ашкөз болғаны жаман

Биыл жыл басынан бері экология инспекторларының браконьерлік жасаған 3 оқиғасы тіркеліпті. Бұл, әрине онсыз да күрделі ахуалды одан сайын ушықтыратыны өкінішті. Мәселен, 16 қаңтарда Қызылорда об­лысының Қармақшы ауданы Тыш­қантам елді мекені маңында өткен бірлескен рейд барысында қудалау кезінде қолға түскен «Тойота» авто­­көлігінде «Охотзоопром» ӨБ РМҚК инспекторы Н.Қаржаубаев болған. Тексеру барысында авто­көліктің жүк салғышынан 1 киік денесі және тегіс ұңғылы аңшылық қаруы табылды. Қармақшы аудандық сотының үкімімен инспектор 3 жылға сотталды. Сондай-ақ 6 сәуір күні Алматы облысы ПД қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар кезінде Кербұлақ ауданы Басши ауылында тұратын «Алтын емел» Ұлттық паркінің М. есімді инспекторының үйінен тір­келмеген «Тоз-17» иір ойықты мыл­тық пен «КО-44» карабині және 7 патрон табылған. Сондай-ақ тоңа­зыт­қыштан жайран киігінің еті шық­қан. Оны күдіктінің өзі 5 сәуір күні ұлттық парк аумағынан атып алғанын мойындады. Инспектордың бұған дейін де заңсыз аңшылықпен ай­налысқаны туралы мәлімет тек­серілуде. Соңғы оқиға осы айдың басында, 4 қазан күні тіркеліпті. Құрамында «Қарқаралы» МҰТП» РММ мен табиғатты қорғау полициясы қыз­мет­керлері бар топ авиациямен қарауыл­дауды жүргізу кезінде бұ­ланның (аталығы) өлексесі табылды. Заң бұзу­­­шы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының тумасы екені анықталып, одан 2 аңшы қаруы, мотоцикл және ұялы телефон алынды.

Пандемияның пайдасы

Расында да, артық жүріс-тұрысқа тыйым салынып, тәртіпті күшейткен шақта Алматы қаласының аспаны да ашылып, ауасы тазарып қалғанын байқаған болатынбыз. Сол кезде эко­­логтар пандемияның қоршаған ор­таға пайдасын сөз еткен. Осы тұ­­жы­­­­рым браконьерлік оқиғасы сая­быр­сығаны туралы естігенімде де ойға оралды. Ендеше, заңсыз аң­шы­лық­пен күрес үшін әскери күштерді тартып, тос­­қауыл бекеттерін орна­тып, қатынасты шектеп, тексерісті күшейтсе жемісті болатын сияқты. Сонда ғана тұмса табиғат бра­коньер­ліктен көз ашып, көбейгеннің үстіне көбейе түсер ме? Экология министр­лігінің хабар­лауынша, 2015 жылы киіктердің жап­­пай қырылуына қара­мастан (130 мың­­­­­нан астамы қы­рылды), соңғы 20 жылда олардың саны 12 есе өсіп, 2019 жылғы сәуірде жүргізілген есеп бойын­­­ша 314 мың­­нан астам басты құраған. Бұл, әрине қуантарлық көрсеткіш. Сөз соңында назар аударта ке­­тетін жайт, ІІМ-нің республика бойын­­ша 286 табиғат қорғау поли­­циясы қыз­­меткері бар екен. Бро­коньер­­лікпен күресте бұл ресурс тым аз. Мәселен, ерекше қорғалатын Катон-Қарағай паркінің өзінде 300-ден астам эколо­­гия инспекторы бар болса, онда тек 2 полиция қызметкері ғана ауы­­сыммен жұмыс істейді. Тәжірибе көрсеткендей, бра­коньер­­лер әскери түстегі киім ки­ген эколо­гия инспек­­­­торларынан бұ­­рын ны­санды киім киген полиция қызмет­керлерінен көбірек қорқа­тыны дәлелденіп отыр.  

Нұрлан ҚОСАЙ