Елімізде биыл жаз бойына браконьерлік оқиғасы саябырсығаны байқалады. Мүлдем тыйылмаса да, заңсыз аңға шығу сиреген. Оның екі себебі бар сияқты. Біріншісі, былтыр жыл соңында Қылмыстық кодекске елеулі өзгерістер енгізіліп, бұл бап бойынша жаза қатаңдатылған болатын. Бұрын әкімшілік айыппұлмен немесе бас бостандығын шектеумен жазаланса, енді дүние-мүлкі тәркіленіп, 5-12 жыл аралығында бас бостандығынан айырылады. Екіншісі, әлемдік пандемияға сәйкес елімізде жарияланған карантинмен байланысты. Төтенше жағдай орнап, қадағалау күшейтілгендіктен, браконьерлер «аңшылыққа» шыға алмай қалған секілді.
Статистикада өзгеріс жоқ
Биылғы 8 айда ішкі істер органдары 10 184 табиғат қорғау заңнамасын бұзу дерегін тіркепті. Браконьерлік қанша саябырсыды десек те, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12,3%-ға артық. 2019 жылы мұндай 9 071 дерек тіркелген болатын. Биыл 459 қылмыстық іс қозғалған. Олардың тең жартысының, яки 231-інің бүгінде өндірісі аяқталып, 195-ы сотқа жолданса, 36 іс ақтап алуға келмейтін негізде тоқтатылған. Бұл тұста назар аударатын жайт қылмыстық істердің 58,5%-ға азайғаны (2019 ж. – 1 106 дерек). Бұл былтыр желтоқсан айында қабылданған өзгерістерге сәйкес жазаның қатаңдағанымен байланысты болуы мүмкін. «Ішкі істер органдары туралы заңның 6-бабы 2-бөлімі 15-тармағына сәйкес полиция қызметкерлері табиғат қорғау органдарына көмек көрсетеді. Соған қарамастан мұндағы заң бұзу дерегін ең көп анықтайтын біздің қызметкерлер. Экология инспекторлары қызыл кітапқа енген жан-жануарларды аулағандарды ұстаған кезде ғана полицияға тапсыруы тиіс. Өйткені қылмыстық іс бойынша олардың хаттама толтыруға құқы жоқ. Оқиғаны тіркеуге алып, жедел топ шақырып, браконьерлерді соларға тапсырады. Бірақ басқа жағдайда олар әкімшілік хаттама толтыра алады. Әрі бұл мәселеге тек екі министрлік жауап берсін деп ешбір жерде жазылмаған ғой. Сондықтан да табиғат қорғау баршаның парызы деп ойлаймын», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Табиғат қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айбек Өскембаев. Полиция полковнигінің айтуынша, қаңтар-қыркүйек аралығында 9 725 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға 84,4 миллион теңге айыппұл салынған болса, оның бүгінде 73,4%-ы, яғни, 61,9 миллионы өндіріп алынған. Заңсыз айналымнан 69 тонна балық, оның ішінде 4,4 тонна бекіре тұқымдасы, 25 кг уылдырық, заңсыз шабылған 394,5 текше/метр ағаш, 100 жүзу құралы, 328 аңшы мылтығы алынған. Табиғат қорғау полициясы жыл сайын арнайы жоспар бойынша жұмыс жүргізеді. Соның ішінде, негізгілері бекіре және басқа балықтар уылдырық шашатын кезде көктемде еліміздің барлық су қоймаларында «Нерест» шарасы жүретін болса, қазір 12 қазаннан бастап «Браконьер» жедел алдын алу шарасы өтуде. «Биыл Президенттің табиғат қорғау бойынша берген тапсырмаларын орындау мақсатында 10 мемлекеттік органның бірігуімен жол картасы жасалды. Оның шеңберінде, әсіресе киік браконьерлігі мен олардың дериваттарын, сондай-ақ жабайы фаунаның басқа да түрлерін өткізуге қатысты маманданған қылмыстық топтардың жолын кесу қарастырылған. Жол картасы аясында ішкі істер органдары 40 киік браконьерлігі дерегін анықтап, мыңға жуық ақбөкен денесін және 2 600 дана мүйізін тәркіледі. 12 браконьер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Келтірілген залал 793,8 миллион теңгеге бағаланып, сотқа дейінгі тергеу барысында оның 68 миллионы өндірілді», – дейді Табиғат қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы. Браконьерлікті үш түрге бөлуге болады. Олар – аң, балық және өсімдік браконерлігі. Осылардың ішінде биыл ең бір сирек кездесетін лашын құсын аулау, үнді жайрасы, аю аулау сынды оқиғалар да кездесті.Аяусыз қырғын салған кімдер екен?
Осы айдың басында ұзақ тыныштықтан соң заңсыз аң аулаудың алғашқы дерегі тіркелді. 3 қазан күні Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданы аумағынан киік тектес жануардың 7 өлексесі табылған. Әр киіктің жатқан жерінің арасы 500-1 000 метрдей. Олардың аталығы бар мүйіздері кесіліп әкетілген. Біреуі аналық екен. Оқиға орнынан белгісіз техниканың іздері анықталып, 4 дана RUSSIA-AZOT маркалы 12 калибрлі жасыл түсті гильза табылған. «Бірақ бұл мұндағы сойқанның басы ғана екен. Үш күннен соң табиғат қорғау полициясы «Охотзоопром» ӨБ қызметкерлерімен бірге сол аумаққа қосымша тексеру жүргізген кезде тағы да 24 ақбөкеннің өлексесін тапқан. Олардың барлығы да аталық аң екені, 22-сінің мүйізі кесілгені, 2-еуі кесілмей қалғаны анықталды. Қазір осы іс бойынша тергеу жұмыстары жүруде. Расында да браконьерлердің бір шыққанда 31 киікті аяусыз қырып салуы олардың әккілігін білдіреді. Олар ұзақ уақыт қағылған пайданың орнын толтырғысы келген сияқты. Биылғы тіркелген оқиғалардың ішінде киік саны ең көбі осы болып тұр», – дейді Айбек Нұрқасұлы. Республикалық «Браконьер» шарасы басталған күні БҚО Казталовка ауданының бір тұрғынынан 632 дана киік мүйізі табылған болатын. Экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша басқарма қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шарасы кезінде Зачаганск кентінде Nissan Maxima көлігінің 31 жастағы жүргізушісі қолға түскен. Оның көлік салонының артқы орындығынан мүйіз салынған бірнеше қап табылды. Бұл да биылдыққа қолға түскен мүйіз санының ең көбі. Осы екі оқиғаның бір-бірімен байланысы болуы да әбден мүмкін. Тек киік қана емес, жалпы браконьерліктің алдын алуға бағытталған бұл іс-шара 11 қарашаға дейін жалғаспақ.Бас-көз болғанның ашкөз болғаны жаман
Биыл жыл басынан бері экология инспекторларының браконьерлік жасаған 3 оқиғасы тіркеліпті. Бұл, әрине онсыз да күрделі ахуалды одан сайын ушықтыратыны өкінішті. Мәселен, 16 қаңтарда Қызылорда облысының Қармақшы ауданы Тышқантам елді мекені маңында өткен бірлескен рейд барысында қудалау кезінде қолға түскен «Тойота» автокөлігінде «Охотзоопром» ӨБ РМҚК инспекторы Н.Қаржаубаев болған. Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан 1 киік денесі және тегіс ұңғылы аңшылық қаруы табылды. Қармақшы аудандық сотының үкімімен инспектор 3 жылға сотталды. Сондай-ақ 6 сәуір күні Алматы облысы ПД қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар кезінде Кербұлақ ауданы Басши ауылында тұратын «Алтын емел» Ұлттық паркінің М. есімді инспекторының үйінен тіркелмеген «Тоз-17» иір ойықты мылтық пен «КО-44» карабині және 7 патрон табылған. Сондай-ақ тоңазытқыштан жайран киігінің еті шыққан. Оны күдіктінің өзі 5 сәуір күні ұлттық парк аумағынан атып алғанын мойындады. Инспектордың бұған дейін де заңсыз аңшылықпен айналысқаны туралы мәлімет тексерілуде. Соңғы оқиға осы айдың басында, 4 қазан күні тіркеліпті. Құрамында «Қарқаралы» МҰТП» РММ мен табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері бар топ авиациямен қарауылдауды жүргізу кезінде бұланның (аталығы) өлексесі табылды. Заң бұзушы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының тумасы екені анықталып, одан 2 аңшы қаруы, мотоцикл және ұялы телефон алынды.Пандемияның пайдасы
Расында да, артық жүріс-тұрысқа тыйым салынып, тәртіпті күшейткен шақта Алматы қаласының аспаны да ашылып, ауасы тазарып қалғанын байқаған болатынбыз. Сол кезде экологтар пандемияның қоршаған ортаға пайдасын сөз еткен. Осы тұжырым браконьерлік оқиғасы саябырсығаны туралы естігенімде де ойға оралды. Ендеше, заңсыз аңшылықпен күрес үшін әскери күштерді тартып, тосқауыл бекеттерін орнатып, қатынасты шектеп, тексерісті күшейтсе жемісті болатын сияқты. Сонда ғана тұмса табиғат браконьерліктен көз ашып, көбейгеннің үстіне көбейе түсер ме? Экология министрлігінің хабарлауынша, 2015 жылы киіктердің жаппай қырылуына қарамастан (130 мыңнан астамы қырылды), соңғы 20 жылда олардың саны 12 есе өсіп, 2019 жылғы сәуірде жүргізілген есеп бойынша 314 мыңнан астам басты құраған. Бұл, әрине қуантарлық көрсеткіш. Сөз соңында назар аударта кететін жайт, ІІМ-нің республика бойынша 286 табиғат қорғау полициясы қызметкері бар екен. Броконьерлікпен күресте бұл ресурс тым аз. Мәселен, ерекше қорғалатын Катон-Қарағай паркінің өзінде 300-ден астам экология инспекторы бар болса, онда тек 2 полиция қызметкері ғана ауысыммен жұмыс істейді. Тәжірибе көрсеткендей, браконьерлер әскери түстегі киім киген экология инспекторларынан бұрын нысанды киім киген полиция қызметкерлерінен көбірек қорқатыны дәлелденіп отыр.Нұрлан ҚОСАЙ