Жанкүйердің ұйықтап жатқан көңілін Grand slam оятты. Футбол мен MMA кездесулері күнара өтіп жатқанымен, бұл жарыстың жөні бөлек. Өйткені Будапештте өткен бәсекеде балуандардың жүрек дүрсілін естідік. Толқығанын сездік. Әрекеттері татамиге алғаш шыққандай әсер қалдырды. Әрине, дзюдошылар араға 9 ай салып, әлемдік турнирге қатысты. Содан да болар, көңіл көншітерлік нәтиже көрсеткен жоқ.
23-25 қазан аралығында Халықаралық дзюдо федерациясының шешімімен Венгрия астанасында рейтингілік Grand Slam бәсекесі өтті. Әлемнің 76 елінен 538 балуан қатысты. Спортшының санына қарап Әлем чемпионаты өтті ме дерсіз. Дзюдо федерациясының мемлекеттік жаттықтырушысы Жандос Абумуталифұлы мұны «спортшылардың жарысты сағынып, бір сілкініп алғысы келгенімен» байланыстырды. Олимпиадаға ұпай беретін турнирге ел атынан 10 балуан қатысты.Онлайн жаттығу нәтиже бермеді
Дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Айдын Смағұлов жарыс басталарына 18 күн қалғанда ұлттық федерацияға хабар жеткенін айтты. Халықаралық дзюдо комитеті әлемдік дода өтерін аяқасты хабарлаған. Бұған ПТР-тест тапсыру әуресі мен виза мәселесін қосыңыз. Сөйтіп, ел құрамасы Венгрияға баратынын жарысқа санаулы күн қалғанда білген. Сонымен, Будапештегі сында 60 келі салмақта Қырғызбаевтың жұбаныш белдесуіне жеткені жұбаныш болды. Өйткені ұлттық құраманың ең жоғары нәтижесі – осы. Ғұсман Қырғызбаев қолаға қол созар белдесуде моңғол балуанынан ұтылып, 7-орынға жайғасты. Ал 66 келідегі Ерлан Серікжанов денсаулығына байланысты жарыс жолына шықпады. Осы салмақтағы тағы бір балуанымыз Елдос Жұмақанов алғашқы белдесуінде грузин балуаны В. Нинашвилиден жеңілді. Балуандардың додадағы бабын көргенде еңсеміз түсіп, ендігі үміт Смағұлов пен Хамзада екенін түсіндік. 73 келідегі Жансай Смағұловтың бірінші кездесуде француз балуаны М.Дубоисты ұтқаны үміт сәулесін сыйлағандай болған. Алайда ол кейін аустриялық Л. Рейтерге есе жіберді. Ал 81 келідегі Дидар Хамза да Смағұловтың сценарийін қайталады. Алғашында венгриялық А.Унгвариді ұтқанымен, өзбек балуаны Ш.Балтабевтан ескерту санымен ұтылып қалды. 90 келідегі Ислам Бозбаев болса бірінші белдесуінде қарсыласына жол берді. Жалпы, дзюдода 100,+100 салмақ дәрежесінде бәсі жоғары екені белгілі. Мәселен, 100 келіге дейінгі салмақтағы Виктор Демьяненко жарысты бірінші белдесуде аяқтады. Ал Айбек Серікбаев моңғол балуанын жеңгенімен, әзербайжандық Зелим Котцоевқа есе жіберді. Аса ауыр салмақта белдескен Ерасыл Қажыбаев пен Ғалымжан Қырықбай алғашқы айланымнан «үйлеріне» қайтты. Бас бапкер Айдын Смағұлов неліктен осындай нәтиже көрсеткенін түсіндіріп берді. Бұған ұлттық құрама мүшелерінің үйде дайындық жүргізгені әсер еткен екен. «9 айдан бері татамиге шыққан жоқпыз. Наурыздан бері спортшылар жаттығу жиынын да өткізбей, өз үйлерінде дайындалды. Будапештке балуандарымыз үйдегі жаттығуымен аттанды десем, артық емес. Өйткені бізде оқу-жаттығу жиыны енді өтеді. Нәтижеге келер болсақ, спортшыларға техника жетпей қалды. Күш жеткенімен, техникалық тұрғыда ақсап жаттық. Байқаған шығарсыздар, әлем және олимпиада чемпиондары да ұтылып жатты. Құрама мүшелері өз деңгейінде күресті. Осылай қалыпқа келеді деп ойлаймын», – деді дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Айдын Смағұлов. Еліміздегі Дзюдо федерациясының мемлекеттік жаттықтырушысы Жандос Абумуталифұлы да бас бапкер сөзін қостады. «Балуандар үй тапсырмасын алып, өз еркімен дайындалды. Бұл қарсыласпен бірге толыққанды жаттығу жасағандай әсер етпейді. Сол үшін карантиннен кейінгі нәтиже көңіл көншітпейді. 60 келі салмақта 2 лидеріміз бар. Бірі Елдос Сметов болса, бірі – Ғұсман Қырғызбаев. Сметовтің әлемдік рейтингтегі ұпайы түгел болғасын, сайысқа Қырғызбаев барды. Ғұсман осы мүмкіндікті қолынан келгенше пайдаланды. Дегенмен Қырғызбаевтың көрсеткішін жоғары немесе төмен деп кесіп айтпаймыз. Өйткені ол – әлем чемпионатының үздіктерімен ширек финалға дейін жеткен палуан. Бұдан бөлек, 81 келідегі Дидар Хамза мен 66 келідегі Ерлан Серікжановтан үміт күттім. Бірақ ойлағандай нәтиже көрсетпеді», – дейді Жандос Қоныспаев.Ұзақ үзілістен кейінгі серпіліс
Жанкүйер де, бапкер де медаль күткен балуандардың бірі – Ғұсман Қырғызбаев. Ол ұзақ үзілістен кейін татамиге жатырқай қарағанын айтты. «Турнирде үш белдесу өткіздім. Аталған додаға дайындық та жақсы болатын. Тіпті, бәрі ойдағыдай өтті десем болады. Белдесудің ешбірі қиынға соққан жоқ. Тек ұзақ үзілістен кейін татамиге шыққанымыздың біраз кері әсері болды деп ойлаймын. Татами мен қарсыластарға кішкене жатырқай қараған сияқтымын. Спорттық бабым да сыр берді. Әлемдік бәсекені қорытындылайтын болсам, жүлдесіз қалғанымды ескермегенде барлығы жоспар бойынша өтті», – дейді дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев. Ал мемлекеттік жаттықтырушы Жандос Абумуталифұлы елімізде жаттығу жиындарына рұқсат бермегенімен, кейбір елде спорт кешенінде жаттығу жұмысы жүргенін алға тартты. Әрі бапкер спортшының бағы мен бабы қатар шабуы керек десек те, бақтан бұрын бап маңызды деп отыр. «Жүйелі дайындығы жоқ балуандар бірден білінеді. Мысалы, карантин кезінде Өзбекстанның спортшылары бір базада жұмыс істеді. Мұны біз әлеуметтік желіден бақылап отырдық. Қанша карантин шарасы енгізілгенімен, олар тапсырманы бірге орындап, жаттықты. Әр елде карантин талаптары әртүрлі болды. Бірақ кейбір мемлекеттер ауық-ауық оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырып тұрды. Сол жағынан артық еңбек еткендер жеңіске жетті деп ойлаймын. Ал біздің спортшылар әрқайсысы өз үйінде дайындалды. Себебі орталықта өткізетін оқу-жаттығу жиындарына рұқсат бермеді. Балуандар ұзақ уақыт бойы қайралмаған пышақтың күйін кешті. Психологиялық тұрғыда алып қарасақ, олимпиадаға әне-міне барамын деп отырған балуан тағы 1 жыл дайындалуы керек. Жүйкеге күш түседі. Моральдық-психологиялық жағдайды былай қойғанда, көңіл күйіне де әсер етеді», – дейді Жандос Абумуталифұлы.Сметов неге Будапештке бармады?
Дзюдо додаларын үзбей көретіндер Елдос Сметов есімімен жақсы таныс. Содан болар, Будапештке жол тартатын ұлттық құрама тізімі шыққанда жұрт Сметовті іздеді. Алайда 60 келі салмақтағы саңлақ Венгриядағы Grand Slam-ға қатыспады. Мұның өзіндік себебі бар екен. «Елдостың олимпиадалық рейтингтегі ұпайы түгел. Сондықтан ол алдағы уақытта таңдаулы жарыстарға ғана барады. Егер алда Азия чемпионаты өтетін болса, Сметовті сол додаға дайындаймыз», – деді бас бапкер Айдын Смағұлов. Иә, дзюдода рейтингтің екіге бөлінетіні белгілі. Әлемдік рейтингте дзюдошылардың ұпайы жеке-жеке жазылады. Ал олимпиадалық рейтинг арқылы үздік 18 спортшы анықталады. Яғни, квалификация беріледі. Сондықтан ұпайы жетпей жатқан спортшыларға олимпиадалық ұпай тарататын жарысты жібермеген абзал. Мәселен, ұлттық құрамада Дидар Хамза рейтинг бойынша 1 830 ұпаймен 29-орында тұр. Ал Дидарға үздік жиырмалыққа кіру үшін тер төгу керек. Ол үшін халықаралық додалардың қайта жанданғанын күтеміз. Осы тұста алда дзюдодан әлемдік бәсеке өте ме? «Алда Жапонияда Grand Slam өтеді. Халықаралық олимпиада комитеті бекітіп отыр. Содан кейін желтоқсан айында континентаралық Азия чемпионаты өтуі мүмкін. Бірақ Азия чемпионатының өту-өтпеуі екіталай. Одан кейінгі меже – олимпиада. Оған да аз уақыт қалды. Сол үшін дайындықты күшейтеміз», – дейді Қазақстан дзюдо федерациясының мемлекеттік жаттықтырушысы Жандос Абумуталифұлы.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ