Сапарбаев: Ұстаз бен дәрігердің жалақысы орташа айлықтан жоғары болуы керек
Сапарбаев: Ұстаз бен дәрігердің жалақысы орташа айлықтан жоғары болуы керек
194
оқылды

«Келешекте біздің мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы ел бойынша орташа жалақыдан жоғары болуы тиіс», - деді Б.Сапарбаев.

Бұл жайында Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев іссапарымен Қызылорда облысына барып, мұғалімдер және білім саласының басқа да қызметкерлерімен кездескенде айтқан.

Оның айтуынша, мектеп директорлардың жалақысы сапалы көрсеткіштерге байланысты болуы тиіс. Өйткені бір мектепте 4000 бала, ал көрші мектепте 500 бала оқыса, жүктеме де әртүрлі. Бірақ директорлардың жалақысы бірдей. Оған қоса, оқу сапасы, «Алтын белгі» алатын түлектерінің саны, тәртібі және басқа да көрсеткіштер ескерілмесе, жаңа заңда ескерілетінін жеткізді.

Қазір тиісті заң жобасы Парламентте қаралуда.

"Әрбір елдің дамуы білім, денсаулық сақтау, азаматтардың мәдениетіне байланысты. Балаларымыздың халықаралық стандарттарға сәйкес сапалы білім алуы маңызды. Сондықтан біз мұғалімдердің мәртебесін, олардың материалдық қамтамасыз етілуін арттыруымыз керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есеге артады. Келешекте біздің мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы ел бойынша орташа жалақыдан жоғары болуы тиіс", - деді Б.Сапарбаев.

Кездесу барысында вице-премьер Президенттің тапсырмасы бойынша педагогтардың мәртебесін арттыру, оларды материалдық қамтамасыз ету деңгейін жақсарту және білім беру саласының басқа да мәселелері шешілетінін атап өтті.