Жамбылдық дәрігерлер арбаға таңылған азаматты бір аптада аяғына тұрғызды
Жамбылдық дәрігерлер арбаға таңылған азаматты бір аптада аяғына тұрғызды
324
оқылды
Жамбылдық дәрігерлер арбаға таңылған жандарды бір аптада аяққа тұрғызуда. Бұл эндопротездеу тәсілі арқылы жүзеге асуда. Өңір медицинасына келген тың ота жасау түрі арқылы қазір бір азамат аяғына тұрып кетті. Осыдан  бірнеше жыл бұрын  Тараз қаласының 35 жастағы тұрғыны автокөлік апатына  түсіп,  аяқ астынан мүгедектер арбасына таңылған. Бастапқыда ешқандай ауруды сезбей, одан болатын қауіп-қатерді де ойламай, уақыт создырып алған  азамат  кейіннен аяғының ауырсынуы күшейіп, бір жылдан кейін мүлдем жүре алмай  қалады. Тек осыдан кейін ғана ауруханаға келген оған қатарынан 3 рет ота жасалып, бір аяғына эндопротез қойылады. Қозғалыссыз жата бергендіктен, салмағы да артып, қимылдауы қиынға соққан оның ағзасына да инфекция түскен. Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының жарақат бөлімшесінің дәрігер травматологы Даурен Идеевтің ұзақ жылдық тәжірибеден кейін қолданып келе жатқан жаңа әдісінің арқасында эндопротезге инфекция түспес үшін цемент пен антибиотикті қосып араластырып салу туралы шешім қабылданады. Аталмыш тәсілмен тек жасанды буынды алмастырып қана қоймай, онда жинақталған  микробтарды да  жоюға мүмкіндік бар.  Сондай-ақ жасанды буынды қойғаннан кейін құлау, тоңазу және ортопедиялық режимді бұзу салдарынан науқастарға қайта ота жасаған жағдайлары көп кездесетіндіктен, бұл әдіс  тиімді болып  саналады. Бүгінде отаны бастан өткерген азаматтың  қиналған ауыр да азапты күндері артта қалып, өзін өмірге жаңа келгендей сезінуде. Жақында оның екінші аяғына да эндопротез қойылмақ. Бүгінде мүгедектік арбасынан түсіп, өз аяғымен ауруханаға келіп, көрініп жүр. Эндопротездеу дегеніміз – адамның тозған шеміршегіне болмаса зақымданған буындары мен сынған сүйектерге жасалатын ота. Ол полиэтиленді жапсырмамен не темірмен алмастырылады. Компьютерлік томография және МРТ негізінде науқастың анатомиялық ерекшеліктері талданып, ондаған жылдарға жарайтын жарамды протез қойылады..
«Эндопротезді  Алматы қаласынан арнайы тапсырыспен алғызамыз.  Адам тәніне мейлінше ұқсайтын материалдардан дайындалған жасанды буын сүйек цементімен бекітіледі. Сондай-ақ  жасанды буын адамның сүйек тініне, тізенің анатомиялық ерекшеліктеріне қарай дайындалады. Біз осы протезді науқасқа тек салып қана қоймай, оған антиботик қосу арқылы – бірден екі түрлі нәтижегеге қол жеткізіп отырмыз»,- дейді  дәрігер Дәурен Идеев.
Жүруден күдер үзген науқастарға үміт сыйлап ғана қоймай, олардың өздігінен жүріп-тұруына ықпал ететін мұндай жаңаша технологиялардың тиімділігі орасан. Бұрындары  күрделі отадан кейін пациенттер  бір жарым айдай төсек тартып жатса, енді бір аптада сауығып шығады. Міне, осындай тың тәсілмен Жамбыл медицинасы тұрғындарды таңқалдыруда. Бұл сөз жоқ өңір ғана ел медицинасының ертеңі екені даусыз.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы