Павлодар облысының бір топ зиялы қауым өкілдері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашықхат жазды. Онда өңір белсенділері облыс орталығында тәуелсіздікке арналған ескерткіш жоқ екенін айтқан. Бұл олқылықтың орнын толтыруды сұраған. Өтініш орынды, әрине. Тек ол үшін алдымен Павлодар билігі әлі де аудан, қалаларда менмұндалап тұрған кеңестік кезеңнен қалған ескерткіштерден құтылып алғаны жөн болар.
Облысқа белгілі 40-қа жуық ақын, жазушы, еңбек ардагері, журналистер мен қоғам белсенділері, ғалымдар қол қойып, ел Президентіне жолданған ашықхатта былай делінген:«...Күні бүгінге дейін Қазақстанның кейбір қалаларында тәу етер жалғыз киеміз тәуелсіздіктің құрметіне ескерткіш орнатылмаған. Біздің Павлодар облысының орталығында да ұлы тәуелсіздікті әспеттер ескерткіш жоқ. Сізден 2021 жылғы Қазақстан Тәуелсіздігі күні мерекесінің 30 жылдығы қарсаңында ел тәуелсіздігі мүсіндеме өнерінде көрініс таппаған қалалардың барлығында Тәуелсіздік монументінің орнатылуына ықпал етуіңізді өтінеміз».Иә, Павлодар облысында тәуелсіздікке арналған жекелей ескерткіш жоқ. Есесіне, облыс орталығы мен аудандарда КСРО-дан қалған мүсіндер, тасбелгілер, тіпті Кеңес үкіметінің рәміздері әлі тұр.
«КСРО-ны көксейтіндей...»
Атап айтсақ, Павлодар қаласының төрінде, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойында тұрғын үйдің (№46-үй) қабырғасында Кеңес Одағының гербі мен Бүкілодақтық лениндік коммунистік комсомол жастар одағының белгісі ілулі тұр. Бұл – қаладағы кеңдігі және ұзындығы жағынан алғанда ең ірі көше. Кеңестік белгілер тұрғын үйдің жол жақ бетінде орналасқан. Өткен-кеткен адамға жарқырап көрініп тұр. Бірнеше жыл бұрын аталған көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылып, боялған болатын. Бірақ әлгі белгілерге ешкім қол ұшын тигізбестен, қаз-қалпында қалдырыпты. Белгілі павлодарлық ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қанидың айтуынша, бұл мәселе қоғам тарапынан талай жылдардан бері айтылып келеді. Тек жергілікті шенеуніктер арасында көрер көз, естір құлақ жоқ сыңайлы.– Павлодар билігі қызыл империя кезеңін көксеушілердің көңіліне қарай ма, кім білсін, әлгі рәміздерді алуға ешбірі құлық танытпай келеді. Осынау шақта жас ұрпаққа егемен елдіктің қадір-қасиетін ұғындырып, отаншылдық сезімін тәрбиелеу ісіне баса назар аударылуы керек. Келесі жылы Кеңес Одағының ыдырап, еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осыны ескеріп, тиісті мекемелерден кеңестік рәміздерді алып тастап, олардың орнына егемен елдігімізді әспеттейтін белгілердің орнатылуын сұраймын, – дейді ақсақал.Ал Павлодар қалалық әкімдігі аталған кеңестік рәміздерді алып тастау үшін қоғам өкілдерінің емес, сол көпқабатты үй тұрғындарының қажет екенін айтады.
«Павлодар қаласында Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы 46-мекенжайы бойынша орналасқан үйдің құрылысы кезінде комсомолдың рәміздері бар металл тақтайшалар орнатылды, олар бүгінгі күні үй салынған тарихи дәуірді көрсетеді. Тақтайшалар үйдің қабырғасына 2 қабат деңгейінде орнатылған және ғимараттың қасбетіне тығыз орналасқан металл құрылымдар болып табылады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес үй және ондағы барлық декор элементтері тұрғындардың меншігі болып табылады. Қазіргі уақытта Павлодар қаласының әкімдігіне осы үй тұрғындарынан құрылымдарды алып тастау туралы өтініш келіп түскен жоқ», – дейді ресми жауабында Павлодар қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Кім қарсы?
Арман Қани Павлодар облысында кеңестік кезеңді көксейтін топтың барын айтады. Осы жазда облыс орталығындағы жекеменшік дәріхана иесі ғимаратқа жөндеу жұмысының жүргізілуіне байланысты бір қабырғасында кеңестік кезеңнен қалған барельефті алып тастаған. Бедерлі суретте большевиктер көсемі Лениннің революция кезінде «Жер – шаруаларға, зауыттар – жұмысшыларға, ағарту – баршаға!» атты ұраны жазулы болған.«Сол-ақ екен өзге ұлт өкілдерінен құралған белсенді топ дау шығарды. Олар мемлекеттік органдардан бедерлі суретті қаланың көрнекті орындарының біріне қойылуын талап етіп, әлеуметтік желілерді шулатуда. Кеңестік кезеңде коммунистік идеологияны дәріптеген бұл дүниенің тәуелсіз Қазақстан үшін қандай да бір құндылық болып табылмайтынын жақсы біледі. Ал облыс билігі солардың көңіліне қарап, жалтақтап отыр», – дейді Арман Қани.
Әкімдік терезесінен Ленин көрінеді
Облыс орталығынан аудандарға ойыссақ. «Ертіс ауданының орталығындағы №1 мектептің оқушылары Лениннің ұрандарымен тәрбиеленіп жатқандай», – дейді жергілікті жұртшылық. Аудандағы белсенді жастардың бірі Дариға Бақбергеннің сөзіне сүйенсек, аталған білім ордасының қабырғасында әлі күнге дейін «Ленин с нами!» деген жалынды ұран жазулы тұр.«Мұны аудан, облыс басшылығы да көріп жүр. Жазу мектеп ғимаратының жарты қабырғасын алып тұр. Бірақ әлі күнге дейін өшірілмеді. Ауданға қарасты Абай ауылының мектеп ауласында Лениннің ескерткіші бар. Иса Байзақов туып-өскен Үлгілі ауылында ақынның атында музей жұмыс істеп тұр. Сол музейде де Лениннің мүсіні орналасқан. Мұндай қалпымызбен өскелең ұрпақтан ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді талап ету артық болар», – дейді Дариға Бақберген.Павлодар облысына қарасты Шарбақты ауданының әкімдігінің алдында Лениннің үлкен ескерткіші әлі қасқайып тұр. Ал аудан басшылығы оны алып тастауға артық-ауыс қаражаттың жоқтығын алға тартып отыр.
«Әкімдік алдында тұрған Лениннің ескерткішін алып тастау оңайға соқпайды. Астындағы тұғырының өзі бірнеше метр. Оған қоса, орнына бірден басқа ескерткіш орнатуымыз қажет. Бұл аудандық әкімдіктің қалтасы көтере қоятындай жұмыс болмай тұр. Дей тұрғанмен Лениннің ескерткішін келесі жылы алып тастауды жоспарлап отырмыз», – дейді Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары Ризагүл Неғманова.Дегенмен бар мәселе қаражатқа тіреліп тұрмаса керек. Мұны аудан басшылығы да мойындап отыр.
«Біз Павлодардың солтүстігінде, Ресеймен шекарада орналасқан ауданбыз. Шарбақтыны өзге қазақи аудандармен салыстыруға болмайды. Мұндай мәселе дұрыс саяси шешім қабылдауды талап етеді», – дейді аудан әкімінің орынбасары.Жылдар бойы айтылып, қоғамның наразылығын тудырып келе жатқан бұл мәселе әлі де шешімін таппай келеді. Жергілікті жұртшылық мұны облыс басшылығының жалтақтығының салдары деп есептейді. Қалай дегенмен еңсені басатын ескірген ескерткіштерден арылмасақ, елдігімізге сын.
Данияр ЖҰМАДІЛ, Павлодар облысы