«Мал қамауға да жарамайды» ­– сенатор «Нұрлы көштің» проблемасын айтты
«Мал қамауға да жарамайды» ­– сенатор «Нұрлы көштің» проблемасын айтты
430
оқылды

Ақмола облысындағы Красный Яр ауылында қандастар үшін салынған «Нұрлы көш» ықшамауданының проблемасы ұлттық комиссияның қарауына шығарылады.

Бұл туралы «Спутник Қазақстан» жазды. Отандастар қорының жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы 11 жылдық тарихы бар проблема шешілуі тиіс екенін айтты. «Былтыр бір топ сенатор сол ауылды барып көрдік. Шынымен де, көше тартылған, электр қуаты берілген. Ол жағынан бәрі жақсы. 276 үй салынған. Бірақ әңгіме сол үйдің сапасында болып тұр», – дейді депутат.   [caption id="attachment_83186" align="aligncenter" width="980"]көш Фото: Интернеттен алынды[/caption] Оның айтуынша, ауылдағы әрбір үйді салуға бюджеттен 56 мың доллар бөлінген. Алайда құрылыстың сапасы сын көтермейді.

«Мен бес үйді көріп шықтым. Қабырғасын гипсокартонмен салған. Төбесі өте жұқа. Фундамент те жоқ. Қыста қандастарымыздың барлығы туған-туысын жағалап кетеді екен. Ондай үйге ақша төлеу үшін жағдай болуы керек қой. Өзім бір тиын да төлемейтін едім. Кешірім сұраймын, біздің оңтүстік жақта ондай үйлерде мал да тұрмайды. Ал олар адам ғой, өз бауырларымыз», – деп ашынды сенатор.

Бүгінде «Нұрлы көштің» үйлері қандастарымызға жалға беріліп отыр. Бірақ олар ақысын төлемейді, себебі жағдай жасалмаған. Жерді меншікке берсе, сапалы үйді өзіміз салып аламыз деп отыр.

«Сондықтан бұл мәселені шешудің бір ғана жолы бар. Ол – барлық жер учаскесін жекеменшікке беру. Бұл шешілетін дүние ғой. Премьер-министр бұл мәселені ұлттық комиссияның қарауына шығарамыз деді. Өйткені қарызын кешіріп, жерді жекеменшікке бермесе болмайды. Үкімет басшысы айтса, шешілуі керек қой. Жерді заңдастырып береді. Ал қарыздарын кешіруі мүмкін», – дейді сенатор.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев барлық үйдің сапасыз салынғанын растады. Жергілікті билік жерді жекеменшікке беруге қарсы емес.

«Мен осы қызметке наурыз айында тағайындалғанмын. Ол жерге бардым, үйлерді көрдім. Иә, сапасы төмен. Үйлерді құмнан жасалған кірпішпен салыпты. Ондай материал суық тартады. Қазір ол жерлерді жекеменшікке беретін болсақ, облыстық бюджет те ақша үнемдейтін еді. Өйткені жыл сайын жөндеу жұмыстарына қыруар қаржы кетеді», – деді Тәткеев.

Айта кетейік, «Нұрлы көш» шағын ауданынында 2009 жылы Ақмола облысы Красный Яр ауылында «Нұрлы көш» бағдарламасымен 138 екі пәтерлі тұрғын үй  салынған. Оған республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінген.