Қоғамда жалғызбасты әкелер көбейіп барады. Мұны заңгерлер де, Статистика комитеті де растап отыр. Комитеттің 2019 жылғы дерегі бойынша, елімізде 60 мыңнан астам жалғызбасты әке бар. Араларында алимент ала алмай, сотқа жүгініп жүргендері қаншама? Ақшаны даулайын десе, азамат атына сын, дауламайын десе, жағдай бір бүйірден қысады.
Ресми статистика бойынша, 2010 жылы жалғызбасты әкелердің саны 42 мың болған. Ал бүгінде көрсеткіш 60 мыңнан асқан. Одан бөлек, статистикаға кірмегендері бар. Өйткені елімізде ауылды жерлерде әйелі кетіп қалып, баласын өзі бағып отырған әкелер жетерлік. Бірақ олар заңды түрде ажыраспаған. Сондықтан жалғызбасты әке мемлекеттен әлеуметтік көмек ала алмайды. Психологиялық тұрғыдан алып қарасақ, ол ішінен әлі де әйелі қайтып келетініне сенуі мүмкін.«Қайным 2 жылдан бері әйелі кетіп қалған соң 3 ұлына өзі қарап жүр. Пәтер жалдап тұрады. Алғашында әйелі балаларын өзімен бірге алып кеткен. Көп өтпей «балаларға қарауға жағдайым жетпейді» деп әкесіне әкеліп тастады. Заңды түрде ажыраспағасын ешқандай алимент алмайды. Мұндай көмек тұрмақ, бір баласы неврология бойынша тіркеуде тұрады. Сол балаға арналған жәрдемақыны шешесі алып отыр. Ал қайным намыстанып, ақша жайында ләм-мим демейді. Өзі жұмыс істейді. Балаларын керек-жарақпен қамтамасыз етіп отыр. Алайда балаларға қарап жаның ашиды. Қазір әйелдер тарапынан балаларын әкесіне тастап кету жағдайы көбейіп барады», – дейді Гүлмира Исламова. Иә, заңгер Ахметжан Бейсенбеков те қоғамда мұндай жағдайдың жиілеп кеткенін айтады. Бәрінен бұрын балалардың психологиясына әсер ететінін алға тартты. Оның айтуынша, еліміздегі түсінік бойынша жалғызбасты әкенің жұмысы жүріп, табысы өзі мен балаларына жеткілікті болса, әйелге «алимент төле, ақша аудар» деп сұрамайды. «Материалдық тұрғыдан тәуелсіз адам ажырасып кеткен немесе басқа еркекпен бірге тұратын әйелден ақша дауламайды. Бірақ заң тұрғысына келгенде жағдайы қандай болмасын ер мен әйел тең құқылы. Сондықтан әйел болсын, еркек болсын, ажырасқаннан кейін алимент төлеуі тиіс. Ал жоғарыдағы жағдайға келсек, ер адам тезірек әйелімен заңды түрде ажырасқаны жөн. Бұл заң тұрғысынан келгенде де, психология жағынан алсақ та дұрыс шешім болады», – дейді заңгер. Оған қоса, заңгер тәжірибесінде осыған ұқсас жағдайдың жиі кездесетінін айтты. Мұнда да ерлі-зайыптылар ажыраспаған екен. «Қарағандыда тұратын әйел балаларын әкесіне тастап, елордаға кетеді. Үлкен қалаға келген соң құрылысқа жұмысқа тұрады. Сөйтіп жүргенде 2 қабаттан құлап, белін үзіп алады. Содан әйел мүгедек болып қалды. Мәселен, ер адам ажырасқан күннің өзінде ақшаны кімнен сұрайды? Сотқа жүгінуіне болады. Оған тиісінше атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдеседі. Бірақ алимент өндіру жағы қиынға соғады», – дейді Ахметжан Бейсенбеков.
Көпбалалы әке алимент ала алмай жүр
М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің аға оқытушысы Ахметжан Бейсенбековтің айтуынша, жалғызбасты әкелердің негізгі үш проблемасы бар. Біріншіден, балаларының анасы алимент төлеуден бас тартады. Екіншіден, балалары анасымен көрісе қалса, баласын әкесіне не үйіндегі біреуге қарсы қояды. Ал екіжақты өскен баланың психологиялық жағдайы өте ауыр болады екен. Үшінші мәселеге келсек, ерлі-зайыптылар мүлікті, үйді бөлісе алмай, ұзақ уақыт бір бітімге келе алмай жүреді. Мәселен, кейіпкеріміз Сержан Құрашұлы әйелінен алимент ала алмай жүр. Ол қазір Орал қаласында күзетші болып жұмыс істейді. Осыдан 4 жыл бұрын оны әйелі 5 баласымен бірге тастап кеткен. Кәмелет жасына толмаған 4 баласы бар. Мемлекеттен 56 мың теңге жәрдемақы алады. Бірақ бұрынғы әйелі алиментті уақытылы төлемейді. Кейіпкердің сөзінше, ол 2017 жылы сотқа жүгініп, алимент талап еткен. Содан бері бастапқыда алимент төлегенімен, артынша соңы сұйылып кеткен. Оның айтуынша, әйелі жұмысым жоқ деп сылтауратады. Негізінен, әйелдің табыс көзі бар көрінеді.«Алғашында прокуратураға алимент туралы арыз бергенімде сондағы қызметкерлердің «не үшін азын-аулақ ақшаға бола арыз түсіріп жатсыз?» дегені бар. Мен сияқты көпбалалы жалғызбасты әкеге тиын-тебен артық етпейді. Бұрын 2 жерде жұмыс істейтінмін, қазір күзетші болып жүрмін. 2017 жылдан бері алимент алуға арыз бердім. Бірақ мардымды алимент төлемейді. Былтыр желтоқсан, қаңтар, ақпан айында 20 мың теңгеден төледі. Онда да облыстық прокуратура араласып, қудалаған соң келісті. Одан кейін мамыр, тамыз айында 15 мың теңге аударыпты. Алимент мәселесін шешіп беретін мамандар болса, жақсы болар еді. Мәселен, елімізде жалғызбасты ана мұңын айтса, қоғам улап-шулап қолдай кетеді. Ал сонда жалғызбасты әкенің құқын кім қорғап, мұңын кім тыңдайды?», – дейді жалғызбасты әке Сержан Құрашұлы.Осылай деп күйінген кейіпкеріміз арызын айтып, қалалық әкімдікке жол тартқан. Алайда карантин режимі болғандықтан, қабылдауға кіре алмаған. Прокуратурадағы қызметкерлер де Сержан Құрашұлының арызын тыңдаудан «жалыққан». Оның айтуынша, қызметкерлер әңгімесін тыңдаған соң кері байланысқа шығамын дегенімен, қайта қоңырау шалмайды.
Осылайша, Сержан Құрашұлының жағдайын заңгер Ахметжан Бейсенбековке баяндап бердік. Ол тиісінше қандай шара қолдану керегін айтты. «Айта кетерлігі, елімізде соттардың көпшілігі әйелдің ығына жығылады. Соның уәжін тыңдайды. Сондықтан ер адам әйелінің табыс көзі бар екенін заң жүзінде дәлелдеуі керек. Сотқа жүгініп, кіріс-шығысын тексеруді талап етуі керек. Мүмкін әйел кірісін жасырып жүрген болар. Практикалық тұрғыдан қарасақ, әйелдің тұрғылықты мекенжайы бойынша сол өңірдегі жалақының орташа сомасы анықталады. Сот орташа жалақыны басшылыққа алып, балаларына бөліп береді. Мысалы, 1 балаға – 25%, 3 балаға – 30%, одан да көп балаға 50% деп жіктеп береді. Бірақ жалғызбасты әке 5 баланы бағып-қағып келген мерзімін сотта даулап, алимент талап ете алады. Егер алимент төлеуден бас тартса, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 669-бабына сәйкес жаза түрі белгіленген. Мәселен, 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға болады. Бұдан кейін де алимент төлемей жүрген болса, қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады», – дейді Ахметжан Бейсенбеков.Статистикаға көз жүгіртсек, қазір 10 неке қиылса, соның жартысынан көбі ажырасып кетеді. Оған қоса, әйелі ішкілікке салынып кететін немесе тастап кететін жалғызбасты әкелердің қарасы көп. Ал көбінесе жалғызбасты әкелер әйелдің ішімдік ішетінін дәлелдей алмай жатады екен. Кейіпкерлеріміз де қоғамдағы жалғызбасты әкенің статусы айқындалып, әйелдермен теңдей қаралса екен дейді. Олар «Еркек табыс көзіне ортақтаспауы тиіс» деген ескі көзқарастан құтылып, қоғамның жағдайды тең қарағанын қалайды.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ