Білікті кадрларды бірлесіп дайындайтын болды
Білікті кадрларды бірлесіп дайындайтын болды
310
оқылды

Алдымызда Қазақ радиосының 100 жылдығы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 25 жыл толады. Айтулы мерекелердің қарсаңында қазақ үні – «Қазақ радиолары» серіктестігі мен беделді білім ордасы Еуразия ұлттық университеті жастардың кәсіби біліктіліктерін артып, білімдерін кеңейтіп, таланттарын аша түсуге мұрындық болатын келісім жасады.

Меморандум мақсаты –  кадрларды дайындау ісінде шығармашылық және кәсіби қатынастарды арттыру, бірлескен шаралар ұйымдастыру және тәжірибе алмасу. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, профессор Ерлан Бәттәшұлы: «Меморандум аясындағы мақсат айқын. Мақсат бір. Университеттің алғашқы ресми мерейтойы келе жатыр. Соның негізінде радиода университет тұлғаларын таныстырып, естеліктері мен жетістіктерін айтып отыратын  жүйелі хабарлар комплексі жүрсе деп ұсынысын  айтты. Бастысы, қай жерде де нәтиже болғаны дұрыс» деп ойын білдірді. Ректор келісім негізінде ортақ іс-шаралар өткізіліп, студенттердің оқу және өндірістік тәжірибеден өтуіне және жаңа жобалармен жұмыс істеуге жағдай жасалатынын айтты.

Ал «Қазақ радиолары» ЖШС директоры Ернұр Бурахан: «Биыл Қазақ радиосының 100 жылдығы  болса, келесі жылы «Шалқар» радиосының 55 жылдығы. Бүгінгі күні біздің ұжымның 10 пайызын Еуразия ұлттық университетінің түлектері құрайды, кейбір мамандарымыз бұл білім ордасында ұстаздық қылады. Қазіргі уақытта  Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» ең асыл дүниелерді, ескіні қайтарып жатқан жайымыз бар», – деді өз сөзінде.

Келісім барысында Ернұр Көшерханұлы студенттермен бірге 24 сағаттық онлайн  радио жұмысын бастау туралы ұсыныс айтты. Жаңа бастама арқылы университеттің  білім алушылары кәсіби тұрғыдан өсіп, жаңа бір әлеммен танысады. Университет қабырғасындағы радиостудияда өздеріне ұнайтын тақырыпта хабар дайындап, радиоға ұсынуларына мүмкіндік туады. Ең үздік хабарлар республикалық деңгейге шығады. Алдағы уақытта студенттердің  бұл  өнімдері  жұмысқа орналасуға да  зор мүмкіндік  беретінін  айтты.    width= Бүгінгі күнге дейін де екі ұжым көптеген жұмысты бірге атқарды. «Журналистика және саясаттану» факультетінің деканы, профессор Қайрат Өмірбайұлы  атқарылған жұмыстарды тілге тиек етіп, осыдан бірнеше жыл бұрын студенттердің «Бастаңғы» хабары «Шалқар» радиосының эфирінен беріліп, республикалық деңгейде шыққаны жайында айтты. Енді меморандум аясында оны әрі қарай жаңғыртып, озық ойлы жастардың бағдарламасын жасау туралы ой мен ниет бар екендігін жеткізді.

– «Факультетіміз журналистерді дайындайтын бірден бір оқу орнына айналды. Радионың ішінен  кафедра филиалын ашсақ,  ондағы  журналистер  де тәжірибелерімен  бөлісіп, маман дайындауға атсалысар еді.  Мақсатымыз бір – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Бүгінгі басқосу  осы мақсатқа жетуге мұрындық болады деп сенемін», – деді профессор Қайрат Cақ.

Меморандум аясында университет ұжымы радиостудия базасында алқасөз, тренинг, семинар мен видео-конференциялар өткізеді. «Журналистика және саясаттану» факультеті студенттері радиостудияда шығармашылық пен кәсіби қабілеттерін шыңдап, біліктерін арттыра алады. Сондай-ақ бұл келісім білім алушылардың радиожурналистикадағы әлеуеттерін көрсетулеріне мүмкіндік береді. Алған білімдерін тәжірибеде қолданып, идеяларын жүзеге асыра алады. Университет пен жастардың жетістігі радиода айтылады. Серіктестік студенттерге Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы редакцияларда оқу және өндірісітік тәжірибеден өтуге жағдай жасайды. Меморандумға қол қойылғаннан кейін, кездесуге қатысқан белгілі тележурналист, «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС бас редакторы Қымбат Досжан сөз алып, сала мамандарының студенттерге шеберлік сағаттарын өткізудегі маңызын айтты. Студент кезінде белгілі тұлғалармен болған  кездесулер, шеберлік сағаттары   адамның «тұлға»  болып қалыптасуына, жалпы  өмірлік тәжірибеге көп көмектескенін,  оның жастарға  пайдасы зор екендігін жеткізді. Бұл меморандумда мультимедиялық журналистиканың елде қарқынды дамып  жатқанының  көрінісін онлайн радионы қолға алу ұсынысынан байқауға болады. Кездесу барысында отандық ғылым саласын дамыту мен жастар мәселесі де қозғалды. Мақсат пен бағыт –  бағдар айқындалып, жоспар құрылып, ұсыныстар айтылған бұл маңызы зор кездесуді ұйымдастырып, ұйытқы  болған  факультеттің «Телерадио және  қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Серікзат Дүйсенғазин, игі бастаманың қадірлі қонақтары болған университеттің проректоры, ф.ғ.д.,профессор Дихан Қамзабекұлы, «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Гүлмира Әшірбекова, «Саясаттану» кафедрасының мергерушісі, ректордың кеңесшісі, PhD, доцент Индира Рыстина, оқытушылар құрамынан Дана Байғожина, Ардақ Мүтәрбекқызы, Қазақ радиосының қызметкері Мұхамедияр Рашай қатысып, ыстық ықыластарын  білдірді. Маңызды  меморандумның соңында қонақтар  университет музейлерін тамашалап, суретке  түсті. Алда «Қазақ радиолары» серіктестігі мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия  ұлттық университеті бірлесе маңызды да ауқымды жұмыстарды жүзеге асыратынына сенеміз. «Шын беріліп қызықтаған нәрсе  ғана жүрекке  жетеді» дейді әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби  бабамыз. Жастар үні жүректерге жол табады деген тілектеміз.

Әсем ТАҢАТАР, ЕҰУ студенті