Бақытнұр Отарбаева есімі көпшілікке жақсы таныс. Әсіресе, білім мен ғылым жолында жата-жастана ізденген жастар оны өзіне ұстаз тұтады. Руханият пен ғылымға сіңірген еңбегі орасан. Бір ғана Қазақстан қоғамында қалыптастырған ұлттық дебат қозғалысын айтсақ та жетіп жатыр. Оның тәлімін терген жастар қазір қоғамның әр саласында, негізінен журналистика мен ғылымда елеулі жетістікке қол жеткізуде. Осы орайда, өзімен аз-кем тілдестік.
– Сіз АҚШ-та Фулбрайт бағдарламасы бойынша білім алу арқылы дәрежеңізді көтердіңіз және ағылшын тілінде Қазақстан тарихы курсын дайындап шықтыңыз. Сол кезде мұндай еңбек қаншалықты сұранысқа ие еді және ол мақсатты тұрғыда өз-өзін ақтай алды ма?
– Мен білім алған Индиана университетінде Орталық Азиядағы елдерді зерттейтін арнайы мекеме болды. «Орталық Азия» мекемесі Блумингтон қаласындағы оқу орнында әлі күнге жұмыс істейді. Ол кезде Қазақстан әлем үшін әлі «ашылмаған арал» іспетті еді. Сол себепті ол жақтағы ғалымдардың біздің елге деген қызығушылығы жоғары еді. Сол жерде көп тәжірибе жинадым. АҚШ ғалымдарының зерттеуді қалай жасайтынын зердеме тоқыдым. Индиана университетінде 5 миллиондай кітап бар екен. Сол жерден Қазақстан тарихы туралы бірлі-жарым еңбектерді тауып, оқып шықтым. Қазақстан тарихы туралы дәрістерді жазып шығуға сол негіз болды. Сол уақытта Қазақстандағы жоғары оқу орындарында ағылшын тіліндегі топтар ашыла бастады. Ол топтар үшін ағылшын тіліндегі кітаптар өте қажет. Осылайша, Қазақстан тарихы курсын жасап шығып, ол ағылшын тілін қажет еткен университеттер тарапынан сұранысқа ие болды. Курсты ҚБТУ және Alma U-де оқыдым. Ол жерде бұрынғы заман тарихынан қазірге дейінгі кезең толық қамтылған.
– Кеңес Одағы тұсында, оған дейінгі патша өкіметі кезінде де біздің тарих аяусыз бұрмаланғанын білеміз. Сондықтан еңбек жазу барысында арнайы саралау жасалды ма?
– Ол еңбек 1-курсқа лайықтап жазылғандықтан, соншалықты бір тереңдетіп оқылмайды. Студенттерге оқытылатын қысқаша бағдарлама болғандықтан, бір дәрісте бірнеше тақырыпты қамтып кетеміз. Біздің мақсатымыз – студенттердің тарихты білуге деген қызығушылығын ояту. Тиісінше, белгілі бір деңгейде ол мақсатты орындай алдық деп ойлаймын. Ең бастысы педагогикалық-методикалық еңбек кәдеге жарады. Жазу барысында шетел ғалымдарының Қазақстандағы ашаршылық туралы, бізді Ресейдің отарлауы туралы еңбектерді пайдаландым. Олар біздің тарих туралы мейлінше ашық, объективті пікірге негізделген кітаптар жазған.
– Одан кейін «Сорос» қорымен бірігіп «Ұлттық дебат орталығын» аштыңыз, оның нәтижесі тіптен керемет болды. Әу баста «Сорос» пен сіздің араңызда қандай уағдаластық бар еді? Алып қордың мүддесі шын мәнінде ел келешегін дамытатын жастарды даярлап шығу ма еді?
– Жалпы, «Соростың» ағартушылық сала бойынша көптеген бағдарламалары болды. Ол жобалар тек Қазақстанда ғана емес, Шығыс Еуропада, бұрынғы кеңестік республикаларда да жұмыс істеді. Олардың мақсаты – қоғамда демократиялық көзқарас қалыптастыру, азаматтардың бойында сыни ойлауды дамыту. Біз оған дейін кітапта не жазылды, соған құлай сеніп келдік. Бірен-саран адам ғана бәлкім, басқаша ойлайтын шығар. Бірақ адамдардың, біз секілді мұғалімдердің креативті, сыни ойлау деңгейі болған жоқ. Ал жаңа жобаның арқасында кез келген ақпаратқа, кез келген идеяға күмәнмен қарау, ол туралы сыни ойлай білу, ақпаратты сүзгіден өткізу сияқты қасиеттер қалыптасатын еді. Пікірсайыс мәдениетін қалыптастыру арқылы алдымен мұғалімдерді, сосын жастарды үйрету керек болды. Меніңше, аталған қор жаңа инновациялық әдістер үйретуді мақсат еткен еді. Тиісінше, ол мақсат біз үшін пайдалы, тиімді болды деп айта аламыз.
– Дебаттың телевизиялық деңгейге көтерілуі біраз жастың бой көрсетуіне түрткі болды. Ол жастар қазір қоғамның әр саласында белгілі, жаңашыл жастар ретінде танылып жүр. Нәтиже сіз күткеннен де жоғары болды деуге негіз бар ма?
– Негізі пікірсайыс жобасы 1996 жылы басталған. Оған
1998 жылдың басынан бастап араластым. Мен келгенге дейін бағдарлама тек «Сорос» көлемінде іске асатын, орыс тіліндегі кішігірім ғана жоба еді. Содан кейін біз бөлек шығып, «Соростан» тыс қоғамдық қор құрдық. Ол кезде Абай атындағы педагогикалық университетте жұмыс істеймін. Ректорымыз Тоқмұхамед Садықов университет ішінен үлкен ғимарат беріп, өз офисімізді аштық. Біз бөлек шыққан соң «Соростың» ықпалы болмады. Тақырып, бағыт таңдау жағынан да еркін болдық. Ол уақытта мемлекет енді-енді қалыптасып, демократиялық институттар енді ғана бас көтере бастаған еді. Мемлекет өз өмірін енді бастағандықтан, шешілмеген күрмеулі мәселелер де көп еді. Ел өміріндегі кез келген түйткілді мәселе біздің тақырыпқа айналды. Соның бірін қалдырмай көтеруге, талқылауға, ел назарына ұсынуға тырыстық. Пікірсайыс бағдарламасын республикалық деңгейге шығарғымыз келді. Облыс-облыстарға барып жүріп, кейде арнайы шақырып, мұғалімдерді үйреттік. Соның ішінде жақсы көзге түскенін облыстық координатор етіп қойдық. Пікірсайыс ойын ғана емес. Ол – методикалық тұрғыда жақсы ойластырылған, интеллектуалды жоба. Оған қатысатын адам аргументацияны, сыни ойлауды, фактіні дәлелдеуді жоғары деңгейде меңгеруі тиіс. Осыншама қасиеттерді ел жастарына дарытқымыз келді. Ал телевизиялық жобаға келетін болсақ, «Город будущего» да, «Азамат» та көрермендер үшін үлкен қызығушылық тудырды және рейтингі өте жоғары болды. Қатысқысы келетін, ынта-тілек білдірген жастар саны артқан үстіне артты. «Азамат» шықпай тұрып, режиссерлар маған өздерінің тұжырымын алып келген. Алайда олардың идеясы да, бағдарлама атауы да маған ұнамады. Ақырында біз өз ойымызбен ұсыныс жасап, бағдарлама атын «Азамат» деп қойып, бекіттік. «Город будущего» жобасына қарағанда «Азаматтың» ерекшелігі – бағдарламаны жастар өздері әрі қарай іліп әкетті. Жүргізуші де, редактор да болды. Пікірсайыс орталығы жабылғаннан кейін де олар сол жолды жалғап, «Азаматты» заманға сай бейімдеп, жетілдіріп жатты. Сол жобадан түлеп ұшқан, қазір елге етене танылған Рауан Кенжеханұлы, Шыңғыс Ергөбек, Ринат Кертаев, Дәурен Бабамұратов, Эльнура Абаканова, Нұрбол Станов, Асхат Жапсарбай, Саят Жөкенов, Роза Матаева, Әділ Әбдірахман, Назым Басқынбаева, Әсел Хамза сияқты қыз-жігіттерді атай аламыз.
– Жалпы, осы дебаттың азаматтық қоғам құндылықтарын қалыптастыруға тигізер ықпалы қаншалықты?
– Ол кезде азаматтық қоғам жаңа-жаңа қалыптаса бастаған. Пікірсайыс – сол қоғамның белсенді мүшесі болды. Қоғамда болып жатқан дүниелерді талқылаудың өзі процестің алға жылжуына ықпал етеді. Сол тұрғыда үлес қостық. «Азаматта» көзге түскен жастар қазір көптеген қоғамдық ұйымдарда қызмет атқаруда. Олар сол кезде көтерген проблемаларын біледі. Соның түйткілдерін, шешу жолдарын да ұсынған. Енді өздері іске, тәжірибеге араласқан кезде осы мәселелерді шешуге кірісе бастайды. Оның алғашқы көріністерін де байқап жатырмыз. Сондықтан «Азамат» алдағы 10-20 жыл көлеміндегі азаматтық қоғамның қалыптасуы мен дамуына үлкен еңбек сіңірді деуге негіз бар.
– Қазір дебат саласы бізде әлдеқайда басылып қалған сияқты. Аймақтарда арагідік ұйымдастырылады, ал телевизиялық жобалар жоқ. Қазір дебатты қайта жаңғырту қажет пе?
– Бұрын ұйымдастырушы орталық жұмыс істеп тұрғандықтан, бәрі жылдам әрі сапалы жүзеге асатын. Кейбір облыстарда әлі дебат клубтары жұмыс істеп жатыр. Бірақ әрқайсысы әртүрлі ереже, әртүрлі әдіспен. Бір орталықтан басқарып, бір ереже, бір стандарт аясында біркелкі жүргізгендей болмайды. Бірнеше күн бұрын Білім және ғылым министрлігіндегі азаматтармен сөйлесіп қалдым. Олар дебат сайыстарын қайта бастауға, қолға алуға қарсы емес екен. Қазіргі министрдің өзі кезінде дебатқа қатысқан екен. Сондықтан алдағы уақытта пікірсайыс жобасын қайта жаңғыртуға, жетілдіруге септігі тиер деп ойлаймын.
– Қазақ ежелден сөз тапқыштығымен, тұрмыстық, өмірлік ұғымдарды дәл әрі ұтымды бере алуымен белгілі. Қазір мұндай қасиет тоқырап бара жатқандай көрінеді. Қанымыздағы шешендік қабілетті жаңа заманға бейімдеудің жолы қандай?
– Оны шешудің жолы көп. Нақты бір жолы мынадай деп кесіп айтуға келмес. Дегенмен ең төте әрі тиімді жолы – қызығушылық таныту. Жастар шешен сөйлеуге, нақты әрі қазақша сөйлеуге қызығуы керек. Олардың ынтасын тудыру үшін біз қандайда бір шешім, әдіс-тәсіл тауып, ұсына білуіміз қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Абай АЙМАҒАМБЕТ