Қазақстандағы әр үш жол апатының біреуі жылдамдықты асыру салдарынан болады. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының бас директоры Замир Сағынов мәлім етті.
Оның айтуынша, 2019 жылы 100 мың адамға шаққанда 10,4 өлім тіркелген екен. Осыдан үш жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда көрсеткіш 41%-ға төмендеген. Елімізде жаяу жүргіншілердің қатысуымен туындайтын жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Ол 42% үлесімен көш бастап тұр. Жол апатының 30%-ы жылдамдықты асыру салдарынан болады. Мал басып кету кесірінен соңғы бір жылда 104 жол апаты тіркелді. Салдарынан 140 адам жарақат алып, 36 адам қаза тапты. Женевада өткен Жол қауіпсіздігі жаһандық ынтымақтастығы конференциясында қабылданған «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» нұсқаулығына сәйкес, жылдамдық сағатына 10 шақырымға төмендесе адам өлімімен аяқталатын жол-көлік оқиғалары 37%-ға кемиді. Осы саланы егжей-тегжейлі зерттей келе Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Үкіметке бірнеше ұсыныс енгізбек: біріншіден, апат жиі орын алатын учаскелерде тіркеу камераларын орнатып, оны Әкімшілік полиция комитетінің дерекқорымен біріктіру, екіншіден, автожолдарда орташа жылдамдықты анықтау тәсілін енгізу көзделуде. Үшіншіден, үй жануарлары жолға жиі шығып кетпеуі үшін нақты тетіктер енгізу қарастырылмақ. Төртіншіден, халыққа жолдың қателікті кешірмейтінін түсіндіретін насихат жұмыстарын жиілету ұсынылады.Е.СЕНБАЙ