Қазақстандағы инновация саласының жайын бірауыз сөзбен түюге болады: сөз – көл, іс – шөл. Бір қарағанда, оны дамытуға мемлекет орасан зор күш жұмсап жатыр. Егер бұрын ол ұйым, агенттік не комитет деңгейінде ғана дамытылса, енді атауында инновация сөзі бар жеке министрлік құрылды. Тиісті миллиардтар бөлінуде. Алайда әлемге мақтана паш етер инновациялық өнім сол бойы жоқ.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Қазақстанның инновациялық дамуын қамтамасыз ету» бюджеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы 3,3 миллиард теңге бөлінді. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр бұл сома 1,6 млрд теңге ғана болыпты. Дегенмен басшылығына нағыз «айтишник» келген жаңа министрліктің мұрат-межесін де биік әрі батыл деп айту қиын. Мысалы, ЖІӨ көлеміндегі инновациялық өнімнің үлесі Қазақстанда 2021 жылы – 2,5%, 2022 жылы – 2,6%, 2023 жылы 2,7% болады деген міндет қойылды. Яғни, озық технологиялар пандемия нәтижесінде ғаламат серпін алған заманда Қазақстанда инновацияға құрылған өнімдердің еншісі жыл сайын небәрі 0,1 пайызға ғана өсіп отырмақ. Мұндай жүріспен отандық әр өнім 100% инновациялы болуы үшін 975 жыл қажет болмақ!Қазақстан Ресей өнертабысын Канададан алады
Инновация ел өмірін айтарлықтай өзгертпек. Мысалы, «Қазмырыш» ЖШС Риддер жанындағы «Долинный» кенішінде Rail-Veyor аталатын руда тасушы пилотсыз вагонеткалар жүйесін ендіруге кірісті. Бұл тереңдікке ауаны жеткізу қажеттілігін төмендетеді. Себебі пилотсыз көлікке ауаның қажеті жоқ. Осындай заманауи технологиялар кеніштердегі жұмысшылардың жаппай босауына әкеліп соқтырады. Оған мемлекет дайын ба? Бір ғана дерек: Үкімет ауаны тұтыну нормативтерін де әлі күнге жаңартқан жоқ, кеңестен қалған ережелерді қолдануда. Салыстыру үшін айтайық, көрші Ресей өздігінен жүретін техникаға арналған нормативтерін жаңартты. Демек, солардан көшіре салуға да болады. Ол ол ма, канадалық Rail-Veyor Technologies Global Inc. компаниясы үшін осы инновациялық шахталық жабдықты Ресейдің алтын және күміс құймаларын шығарумен айналысатын «Уралэлектромедь» АҚ әзірлепті. Әрине, инновациялық өнім арзан тұрмайды. Rail-Veyor тасымал жүйесін енгізудің жобалау-сметалық құжаттамасын келісімнен өткізу және өнеркәсіптік кеңес-консалтинг қызметін сатып алу үшін ғана «Қазмырыш» әлгі компанияға 86,2 миллион теңге аударыпты. Басқа шығыны қаншаға түсетіні айтылмады. Қазақстанда банктер, сан алуан кеңселерден бастап ірі өнеркәсіп орындарына дейін Ресейден ақпараттық өнімдерді көп сатып алады.Озық елдер үлгісі
Қазақстанда инноваторлар жоқ емес, жетіп артылады. Тек мемлекет олардың жобаларынан іске жарамдысын іріктей білгені, толыққанды қаржыландырғаны маңызды. Мысалы, Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің түлегі Санжар Тайжан бүгінде Илон Масктың Hyperloop жасап жатқан SpaceX Warwick компаниясының басшысы және бас инженері. Қысқаша айтсақ, Hyperloop – арнайы құбыр ішімен жолаушыларды және жүкті лезде жеткізетін болашақ технологиясы. Мұның алдында Санжар аты әлемге мәшһүр Jaguar Land Rover компаниясында және британдық танымал McLaren кәсіпорнында жұмыс істеп, олардың электромобильдері үшін жаңа буындағы батареяларды – инновациялы литий-иондық аккумуляторды жасаған. Бір ғажабы, жасы 30-ға да толмаған жас инноватор өз өнертабысын алдымен өз елімізде енгізбек болыпты. Біздегілер қолдау орнына әжуа қылған, жассың, тым қиялшылсың дегенге келтірген.– Ұлыбританияның Warwick университетінде оқығанда және әлемдік озық компанияларда жұмыс істей жүріп, олардың инновацияны ілгерілету жүйесі мен жұмысына қанықтым. Мысалы, британдық университетте катапульт-орталық деген бар. Ол 7 орталықтан тұрады, әрқайсысы медицина, көлік, энергия секілді әртүрлі салаға жауап береді. Әр орталық 30-40 жылда өз саласы қалай және қай бағытта дамитынын болжап, соған қарай әрекет етеді. «Ягуар» секілді кәсіпорындар осы орталықтарға өзі үшін нақты қандай өнім керегін хабарлайды. Катапульт-орталық сол жобаны жүзеге асыратын жастар мен мамандар тобын іздейді. Батыс елдері инновацияны тікелей қаржыландырмайды, осындай орталықтар арқылы қолдайды, – дейді Санжар.Оның мәліметінше, мысалы, Ұлыбритания инновациялық жобаларды қолдауға бюджеттен 1 миллиард фунт (560 миллиард теңге) бөлген. Бұдан бөлек, университеттерде бірегей академиялық бөлімдер (academic department) әрекет етеді. University Of Warwick-тің WMG аталатын осындай бөлімі шәкірттердің ғылыми, технологиялық және инженериялық жарқын идеялары мен өнертабыстарын коммерцияландыру үшін тікелей индустриямен жұмыс істейді. Мемлекеттік немесе жеке компанияларға әлдебір жобаны енгізсе, бәсекелестігі, табысы қалай артатынын түсіндіреді. Яғни, жас өнертабысшылардың жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді.
–Тағы бір байқағаным, олардың инновациялы жобаларды іріктейтін комиссиялары білікті, көреген көрінді. Оның эксперттері инноваторларға дұрыс бағыт-бағдар береді. Өз өнімімді алдымен Қазақстанда енгізбек болдым. Тиісті комиссия алдынан өттім. Бірақ оның мүшелері көлік саласының болашақ беталысын түсінбейтінін аңғартты. Қазақстанның проблемасы да осында: болашаққа бағдарланған емес, дәл қазір іске жаратып, есеп беруге болатын жобаларға ғана мән беріледі. Сондай-ақ 30-дан жас инноваторларға сенім артпайды. «Сен тым жассың, мемлекет қаражатын саған сеніп тапсыра алмаймыз. Одан да өмірде жиған тәжірибесі мол ересек маманға берсек, құлағымыз тыныш болады», – дейді. Ал жастардың келешектің даму бағытын жақсырақ түсінетінін ескермейді, – деді С.Тайжан.
Хардверге қырын қарайтын ел
Қазақ жігітінің батыстық командасы SpaceX-тің Hyperloop-ы үшін жерастындағы және жерүстіндегі құбырмен қозғалатын 3 түрлі капсула ойлап тауыпты. Сондай-ақ магниттік өріске құрылған тағы 2 инновацияны енгізуде. Олар компьютерлік симуляция сынақтарын табысты тапсырған. Осы жобаға Илон Маск компаниясы 300 мың доллар ұсынды. Инновациялары қолданысқа енгізіліп, коммерцияландырылған соң келісімге сәйкес саудадан түскен табысымен бөліседі, роялти төлейді.«Коронавирус пандемиясы салдарынан биылғы сынақтар кейінге шегерілді. Алдағы 2021 жылы жазда менің Warwick Hyperloop командам төл капсулаларын Еуропада да, Америкада да қатар сынақтан өткізетін болады. Бүгінде Қазақстанға көшіп келдім. Елордада орнығып, отандық электрлі автомобильдерді әзірлеу және дизайнын жасау бойынша төл стартабымды бастаймын. Бұл істе Jaguar мен McLaren электрлі автомобильдерін құрастырудағы тәжірибем көмек болады деген сенімдемін. Бірақ бүгінде инновацияны қолдау жүйесі Қазақстанда қандай жағдайда екенін білмеймін», – дейді Санжар Тайжан.Оның байламынша, Қазақстан негізінен, софтвер (software) стартаптарды қолдауға басымдық береді, ал хардвер (hardware) стартаптарға күмәндана қарайды. Басқаша айтқанда, елімізде мемлекеттен қаржы алған стартаптың көбі софтқа, яғни бағдарламалық қамтылымдарды, операциялық жүйелерді, әртүрлі ұялы қосымшаларды, ойындарды әзірлеуге жұмылдырылған. Ал компьютерлік жүйелер жабдықтарын, әр алуан аппарат-құрылғыларды, озық техниканы жасау жағы кемшін. Дамыған елдер керісінше, инновациялы «хардвер» жобалар коммерцияландырудан кейін анағұрлым мол табыс түсіретінін түсініп, осы бағытқа көбірек көңіл бөлуде. Мұндай проблема барын Назарбаев университетінің Astana Business Campus Innovation Cluster директоры Болат Сұлтанғазин растады.
– Бізде инвесторлар хардвер жобаларға ынта-ықылас таныта бермейді. Біз инвесторларға қаншама жобамызды апардық. Олар өздерін тек е-коммерс және басқа да бағыттардағы қосымшалар, онлайн-сервистер секілділер қызықтыратынын айтады. Себебі мейлінше аз салымды талап етеді. Ал хардвердің прототипіне, оны жасайтын конвейерге, цехқа және басқасына мол инвестиция төгуге тура келеді. Бұл ұзаққа созылады және нәтижесі беймәлім. Сондықтан бұл салада мемлекет белсенді рөл атқаруы, жақсы қаржыландыруы қажет. Бүкіл әлем енді шикізат үшін емес, ақыл-ой үшін таласуда. Шикізат арзан, өнертабыс қымбат. Әрине, хардвер шығыны үлкен, әйтсе де оның қайтарымы да қыруар, – деді Болат Сұлтанғазин.«Ғылым қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Арын Орсариев инновацияны өркендету үшін қажеттінің бәрі бізде бар деп санайды.
– Ақыл-ойы кемел инноваторларымыз жетерлік. Оларды қолдау үшін әртүрлі орталық, технопарк, бизнес-инкубатор, бизнес-акселератор құрылған. Сонда не жетпейді? Ұсынылған жобалардың тиімділігін анықтайтын білікті технологиялық сараптаманы елімізде жасай алмаймыз, шетелге тапсырыс беруге мәжбүрміз. Кейбір үздік инновацияны шетел дәл осы сараптама жасау кезінде байқап, тартып алып жатады. Сосын дамыған елдер секілді жай идея-бастамаларға миллиардтаған доллар да бөле алмаймыз, бюджет шектеулі, – деді ол.Салада тағы бір түйткілдің түйіні шиеленісуде. Мысалы, Warwick университетінде қазақ баласы Санжар өз компаниясын құра алса, Қазақстанда өнертабысшы жастар қуатты «тірексіз» ісін ілгерілете алмайды. Соның салдарынан инновациялық өнім және оның роялтиі, табысының үлкен бөлігі не ЖОО-лардың, не мүйізі қарағайдай академик-профессордың немесе мемлекеттің қанжығасында кетеді. Өнертабысшының өзіне тиын-тебен, қиқым ғана тиеді. Алысқа бармай-ақ ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық жеңімпаздарының тізімін қарасаңыз, әр жобада бірінші орында мекеме басшысы, шенеуніктер, тек соңғы жағында технологияны әзірлеп, шелектеп тер төккен маман жүреді. Америкада студент балаға озық идеясы үшін ғана 130 миллион теңгедей ұсынады. Одан кейінгі табысы миллиондаған доллармен саналуы мүмкін. Осыдан кейін инноватор бала Арқадан АҚШ-қа аумағанда қайтеді?
Айхан ШӘРІП