Биыл құрылғанына 90 жыл толған Қазақ ұлттық аграрлық университеті 2020 жылдың 23 қазанында Үкіметтің №707 қаулысымен ұлттық зерттеу университеті мәртебесіне ие болды. Осылайша, оқу орны әлемдік деңгейдегі университеттерді құрудағы 3 тәсілдің бірі – үздіктерді қолдау бағытында дамып келеді.
2010 жылдан бастап университет жобалық басқарудың халықаралық стандарты негізінде әлемнің үздік шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарының 13 сарапшысының қолдауымен ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану үрдісін бастады. 2015 жылы ҚазҰАУ Білім және ғылым министрлігінен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына өтті және мемлекеттің 100 пайыз қатысуымен коммерциялық емес акционерлік қоғамның жаңа ұйымдық-құқықтық нысанына айналды. Бұл оқу орнына академиялық еркіндік алуға, автономияға көшуге, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып, өзін-өзі қаржыландыру қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік берді. Университетте халықаралық Білім хабы құрылды: академиялық ұтқырлықты дамыту, үш тілде білім беру енгізілген, 14 бағыт бойынша халықаралық жазғы және қысқы мектептер өткізілуде және басқа да жұмыстар істеліп жатыр. АҚШ, Еуропа, Тынық мұхиты аймағындағы беделді жоғары оқу орындарымен белсенді жұмыс атқара отырып, университет 11 қос дәреже беру бағдарламасын құра білді. ЖОО-ның барлық 105 білім беру бағдарламасы өзектендірілді, олар стейкхолдермен және шетелдік әріптес жоғары оқу орындарымен бірлесіп пәнаралық тәсілді қолдану арқылы әзірленді. Білім беру бағдарламасы халықаралық аккредиттеуден өтті. Тәжірибеге бағытталған білімгерлерді дайындау үшін тәжірибенің барлық түрлері 7 айға дейін ұлғайтылды. 2-курстан бастап агроқұрылымдардың нақты деректерінің негізінде бизнес-жоспар әзірленуде, іргелі дайындық күшейтілді. Университеттің жұмыс берушілермен өзара әрекеттесуі бойынша жүйелі жұмысты құруға көп көңіл бөлінеді.Технология трансферті – басты назарда
Бүгінде университет әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен жаңа білім мен технологиялар трансферті негізінде үздік тәжірибелерді шоғырландырады және енгізеді. Оқу орнымыз өзінің инновациялық дамуында аграрлық мамандықтар мен орман ресурстары бойынша QS әлемдік рейтингінде №1 жоғары оқу орны саналатын Вагенинген (Нидерланды) зерттеу университетінің тәжірибесін басшылыққа алып отыр. Үкіметаралық деңгейде Вагенинген университетімен «Ветеринариялық-тағамдық қауіпсіздігі және технология», «Өсімдіктер және технологиялар туралы ғылым» білім беру бағдарламалары бойынша мамандарды бірлесіп даярлау туралы келісімге қол қойылды. Университетте «Вагенинген-Қазақстан» білім беру орталығы құрылды. Әр бағдарламаға 50 студенттен қабылдау жоспарлануда, олар елден шықпай-ақ сапалы білім алуға мүмкіндік алады. Озық технологиялар мен жаңа инновацияларды қолдану арқылы университет ғалымдары ғылыми жобаларды орындауда табысты нәтижеге жетуде. Зерттеу университеті ғылымның дамуына жауапты, сондықтан ғалым мен ғылымға сұранысы жоғары өндіріс арқылы мамандарды даярлау күшейтілді. Университет ғалымдарының ғылыми-зерттеулері Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экспортқа бағдарланған бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ 2022 жылға қарай еңбек өнімділігі деңгейін 2,5 есе арттыруға бағытталған. Ауыл шаруашылығы министрлігі департаментінің (USDA, АҚШ) ұсынымы және INRA (Франция), INTA (Аргентина), EMBRAPA (Бразилия) жетекші ғылыми орталықтарының тәжірибесі бойынша университетте халықаралық Агротехнологиялық хаб құрылды. Оның миссиясы –агроөнеркәсіптік кешеніндегі үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздестіру, тарту және трансферттеу. Агрохабтың құрамында: 7 ғылыми-зерттеу институты, 8 инновациялық орталық, 49 зерттеу зертханасы бар. Оқу-тәжірибе шаруашылығында агротехнопарк жұмыс істейді, онда инновациялық технологиялар мен техниканы Қазақстанның ауыл шаруашылығы жағдайына бейімдеу жүргізіледі. Агротехнопарк жанында машина сынау стансасы, 75 дана ауыл шаруашылығы техникасы бар Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы жұмыс істейді.Ғылым өндіріске енсе ғана пайдалы
Университет ғалымдарының ғылыми-зерттеулерінің нәтижелерін өндіріске енгізудің оң үрдісі байқалады. Бүгінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының 10%-ы коммерцияландырылған. Ғалымдарымыз коммерциялық стартап-жобаларды жүзеге асыруда. Қуаты жылына 1 млн консерві болатын түйе етінен ет және ет-өсімдік консервілерін өндіретін «Күн-Нұры» шағын зауытында тиімді жұмыс атқарылуда. Жамбыл облысында LF Company бие мен түйе сүтінен лактоферин өндіреді. Сату бағасы –1 грамм үшін 6 800 теңге. Шығындар 4 есе өтеледі. Tengry Fish ЖШС базасында балыққа арналған құрама жем (тилапия, африкалық кларий жайыны және тағы басқа) өндіру бойынша модульді цех іске қосылды. Бұл 48 млн теңге сомасына 34 тоннадан астам балықты сатуға мүмкіндік берді. Табыс деңгейі –75%. Жаңа сорттарды шығаруда бастапқы материалдың – генофонд коллекцияларының болуы үлкен маңызға ие. Университет ғалымдары 36 ауылшаруашылық дақылдарының 100-ден астам сорттарын зерттеуде. Біздің ғалымдар дүниежүзілік көкөніс өсіру орталығының (WVC) ғалымдарымен өзара әріптестік құру арқылы бірлесіп жұмыс істейді. «Көкөніс шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығында қызанақ, картоп, бұрыш, салаттың 5 бірегей сорттары шығарылды. Олардың өнімділігі 27-50%-ға жоғары. Екіжылдық көкөніс дақылдарының тұқым өсіру технологиясы әзірленді және ұсынылды, бұл тұқым өндіруге кететін шығындарды орташа есеппен 25-30% төмендетуге мүмкіндік береді.Мал шаруашылығына қатысты 300-ден астам патент алдық
Ғалымдар ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлерінің генетикалық әлеуетін және селекциясын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Мысалы, «Сарыарқа» қылшық жүнді құйрықты қойлар тұқымы өте ерте жетілгенімен ерекшеленеді. Қозыны енесінен бөлер кезіндегі жас төлдің салмағы 40 келіге жетеді, ал жеке қозылар 4 айда 50-55 келіге дейін салмақ алады. «Ордабасы» құйрықты қой тұқымының тірі салмағы 110-123 келіге, аналығы 68-80 келіге, қозылар 33-43 келіге жетеді. EXPO-2017 халықаралық көрмесінде «Жас қой етін өндірудің инновациялық технологиялары» ғылыми жобасының нәтижелері ұсынылды. Ғалымдар малдың 14 жаңа тұқымын шығарып, арнайы патент алды. Ветеринария саласындағы ғалымдар ауыл шаруашылығы жануарлары ауруларының алдын алу және емдеу үшін 70-тен астам препарат әзірленіп, өндіріске енгізілді. Бұл бағытта мал шаруашылығы саласының ғалымдары 300-ден астам патент алып, 88 нормативтік құжат әзірледі. Университетте 2,5 млрд теңге сомасына 100-ге жуық зерттеу, енгізу және халықаралық жобалар іске асырылуда. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, ғалымдар 800-ден астам мақала жариялады, олардың 26% -ы Thomson Reuters және Scopus компанияларының дерекқорына кіреді. Университет – Web of Science жариялау қызметі бойынша ғылым көшбасшысы. Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлыққа 4 жетекші ғалым, 3 мемлекеттік ғылыми стипендияға, университеттің 1 жас ғалымы Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының грантына ие болды. Бұл университетте құрылған Жас зерттеушілер мектебінде жүргізіліп отырған ғылыми жұмыстардың нәтижесін көрсетеді. Қазіргі уақытта университет әлемнің 137 жетекші жоғары оқу орнымен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастықта жұмыс атқарып келеді. Университет жоғары білім және ғылым бойынша 15 халықаралық қауымдастық пен ұйымның мүшесі. Нақты ғылыми жобалар шеңберінде АҚШ, Нидерланды, Италия, Франция, Испания, Оңтүстік Корея, Малайзия, Қытай, Ресей, Беларусь және тағы басқа елдермен құрылған 18 халықаралық зерттеу орталығы жұмыс істейді. Атап айтқанда, 2010 жылы құрылған Қазақстан-Жапон инновациялық орталығында жануарларды генотиптеу, биоматериалға метагеномдық талдау, электронды-микроскопиялық және басқа да зерттеулер жүргізіледі. Тамақ өнімдерінің технологиясы мен сапасын зерттеу инновациялық орталығында өсімдік және жануар тектес шикізатты қайта өңдеу бойынша тамақ өнімдерін шығарудың қолданыстағы технологиялары жетілдірілуде және жаңа технологиялары әзірленуде. Тұрақты егіншілікті зерттеу орталығында ғалымдар Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығымен бірлесіп, жердің жай-күйіне мониторинг, ауыл шаруашылығы дақылдарының әлеуетті өнімділігін бағалау және басқа да зерттеу жүргізеді.Халықаралық ынтымақтастықтың берері мол
Университет жанындағы халықаралық Вакцинология ғылыми-зерттеу орталығында М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығымен, шетелдік серіктестермен бірлесіп – Огайо штатының университеті (АҚШ) мен Vaxine биотехнологиялық компаниясының (Австралия) қолдауымен COVID-19-ға қарсы вакциналар жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазір зертханалық жануарларда бұлшық ет ішіне енгізуге арналған наноэмульсиялы майлы адъювант негізінде және мұрын ішіне енгізуге арналған нанобөлшектер негізінде екі суббірлікті вакцина сынақтан өткізілуде. Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне СOVID-19-ға қарсы үміткер-вакцина ретінде енгізілген. Қазақстан-Нидерланды зерттеу орталығында Dutch Fruit Solutions компаниясымен бірлесіп голландиялық технология бойынша қарқынды бақ салынды. Алма, алмұрт, қара өрік, шие, көкжидек, құлпынай, қызыл қарақат және аспарагустың 54 сорты отырғызылды. Қазақстан-Корей зерттеу орталығында жабық топырақта ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысатын басшылар мен мамандар үшін тренингтер өткізіледі. «Ақылды» жылыжай құрылысы жүргізілуде. Бұл мақсатта Корея Республикасының қорынан 1,5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылуда. Жыл сайын 450 тоннаға дейін көкөніс өндіріледі. Қазақстанның оңтүстігінде сиыр етін өңдейтін зауыт салуды жоспарлап отырған америкалық Tyson Foods компаниясымен жұмыс басталды. Компанияның тапсырысы бойынша университет кадрлар даярлайды. Австриялық «APC» компаниясымен бірлесіп «Асылтұқымды сүтті мал шаруашылығының Smart фермасы бар инновациялық ғылыми білім беру орталығы» жобасы іске асырылуда. Ғалымдар жануарлардың, атап айтқанда ет және сүт бағытындағы ірі қара малдың және отандық құйрықты қой тұқымдарының генетикалық әлеуетін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Қазақстанда 7 жыл ішінде жеміс ағаштарының бактериялық күйігін жұқтыру ауқымы 40 есе кеңейді. Корнель университетімен (АҚШ) бірлесіп микроклоналды көбею зертханасында бактериялық күйікке және басқа ауруларға төзімді 3 млн данаға жететін сау көшеттер алынады. Монпелье (Франция) университетімен бірлесіп ашылған референттік зертхана сүт және сүт өнімдерінің сапасын талдаумен айналысатын болады, онда ауыл кәсіпкерлері өндірілген өнімнің сапасы бойынша сертификат алады. SEPPIC (Франция) компаниясымен жануарларды емдеу үшін тиімді вакцина жасап, адъюванттардың тиімділігін зерттеу бойынша және Ланджоу ғылыми-зерттеу ветеринарлық институтымен (ҚХР) жануарлардың негізгі трансшекаралық ауруларының алдын алу және олармен күресу үшін жаңа өнімдер әзірленді. Итальялық Еуро Корес Консалтинг компаниясымен бірлесіп Digital орталық базасында ауыл шаруашылығы секторын мониторингтеу мен бақылаудың ақпараттық цифрлы жүйесі құрылады. Су ресурстарын тиімді басқару мәселелерін шешу үшін Қазақстан мен Орталық Азия су ресурстары бойынша ғалымдардың күш-жігерін біріктіру мақсатында АДБ және Мичиган штатының университетімен (АҚШ) бірлесіп Халықаралық зерттеу орталығы – 14 заманауи зерттеу зертханалары бар Су хабы ашылды. Жер және Климаттық хабтар құрылуда. Жыл сайын өткізілетін «қорытынды» халықаралық Агротехнологиялық саммит тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңына айналды, оның жұмысына әлемнің жетекші елдерінің жетекші ғалымдары, білікті сарапшылары, тәжірибелі мамандар қатысады. 2019 жылғы желтоқсанда өткен саммит жұмысына әлемнің 30 елінен 250 сарапшы-ғалымдар қатысты. Осы жылдың желтоқсан айында V Агросаммит онлайн режимінде өтеді. 10 жылдық трансформация нәтижесінде оқу орнымызға ұлттық зерттеу университеті мәртебесінің берілуі – ұжымға жаңа міндет жүктейді. Келесі кезең – мықты басшылықты, миссия мен мақсаттарға нақты көзқарасты, сондай-ақ ұйымдасқан саясатты, жаңа ережелер мен рәсімдерді қажет ететін әлемдік деңгейдегі зерттеу университетін құру. Жүйелі жұмыс нәтижесінде университет 9 халықаралық және ұлттық рейтингте лайықты орынға ие болды. Өткен жылы университет үлкен серпіліс жасап, 60-сатыға көтеріліп, 591-орынға шықты. Мақсаты – 2024 жылға қарай QS-400 рейтингі бар әлемдік деңгейдегі университет болу.Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы – ректор, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик