Көшірме кітаптар көбейіп кетті
Көшірме кітаптар көбейіп кетті
483
оқылды

Қазір жастар арасында бизнес, маркетинг туралы кітаптардың бәсі жоғары. Оған қоса, олар өмірді өзгертуге қадам жасауды үйрететін психологиялық әдебиетті оқуға құмар. Кейінгісі орта буын өкілдерін де қызықтырады. Бірақ мұндай саладағы кітаптың дені – аударма. Ал елімізде қашан бизнес, жеке даму жайлы түпнұсқа кітаптар жарық көреді? Осы турасында кітап авторлары мен оқырмандардың пікірін топтастырып көрдік.

Иә, «Екінші болма», «Құпия», «Лайф­хактар», «Кайдзен», «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» кітаптары ел ішінде танымал. Арасында қайта басылып, бестселлер атан­ғандары бар. Бірақ кейбір қазақша іскерлік әдебиетті оқи қалсаңыз, шетелдік кітап­тардың аудармасы екенін байқайсыз. Ди­зайнына дейін көшіріп басатындарды былай қойғанда, аффирмация, медитация жайлы кітаптардың ақша табудың амалына ай­налғаны ма? Өйткені кітап дүкендерінде «Бақытты әйелдің күнделігі», Aqsha , «Жақсы сөз – жарым ырыс» сияқты кітаптар көп. Ішіне үңіліп, қарпінің көлемі мен дизайнына қарап 1-сынып баласы оқитын «Әліппе» ме дерсіз. Ал кітап соңындағы «тәмсілдерді» көрсеңіз, еріксіз жымиясыз. Мысалы, Мұхит Сапарбаевтың Aqsha кітабының соңында «Ақшаның» он көмегі» жайында жазылған. Сонда «Ақшаның көмегімен бай боласыз», «Ақшаның көмегімен қарыздан құтыласыз» деп көрсетілген. Ал бұл оқырман білмей­тіндей, жазып көрсететіндей қағида ма?

Мұның да пайдасы бар

Қош, танымал кітаптар мен шетелдік әдебиеттен сілтеме беру жайына қайта оралайық. Жоғарыда жазылған «Кайдзен» кітабының авторы Ғани Байғалиұлы кіта­бының 10%-ы шетелдік әдебиеттен алын­ғанын мойындап отыр. Өйткені ол кайдзен термині қазақ қоғамына енді ғана енгенін, дамыту керегін айтты. Сондықтан негізі мен мәнін түсіндіру үшін шетел әдебиетіне жү­гінген. Әрі кітап жазуына орыстілді аудито­рияның «кайдзенді қазақша түсіндіру мүмкін емес» деген сөзі әсер еткен. «Кітаптың 90%-ы өз ойыммен жазылған. Қалған 10%-ын кайдзеннің түп негізін түсіндіретін кітаптан аудардым. Мысалы, жапонның атақты жазушысы, кайдзен тер­минінің негізін қалаған Масааки Имаи кі­таптарынан дереккөз бар. Американың атақ­ты психологінің кітабынан алғандарым жинақталған. Бірақ қай жерінен алғанымды сілтемемен көрсеттім. Қазіргі кітаптар жай­лы «көшірме жазыпты, идеясын ұр­лапты» деп жиі айтамыз. Алайда эксперттер жазатын кітаптар жиі жарық көре баста­ғанынан қазақтілді аудиторияның саны өсті. Өйткені олар орыс тіліндегі кітапты оқығанда іштей қазақ тіліне аударып, қорытатын. Енді сатып алған кітаптың өзі аударма, көшірме дегеннің өзінде қазақтілді оқырманға пайдалы. Себебі ол бірден ана тілінде керек мәліметін алып, ой түйеді», – дейді «Кайдзен» кітабының авторы Ғани Байғалиұлы. Кітап авторы эксперттердің кітап жаз­ғанын қолдайды. «Жарық көріп жатқан биз­нес, тұлғалық даму, медиа жайлы кітап­тарды саланың басы-қасында жүрген маман­ның жазғаны дұрыс. Көркем әдебиеттей болмасы анық, бірақ бәрін жіктеп бере алады», – дейді ол. Бірақ Ғани Байғалиұлы да қазір ав­тор­лардың қулыққа барып, шетелдік ав­тор­лар­дың жазбасын аударып, онымен қой­май де­реккөз көрсетпейтінін мойындап отыр.

Аудармай-ақ әдеби қорға үңілсе...

Сценарист Жамал Сәбитқызы қолы қалт еткенде кітап дүкеніне барады. Өйткені фильм­нің сценарийінің негізін, сөлін әдеби кітаптардан алғысы келеді. Мұндай кітаптар жоқтың қасы екеніне іштей күйзеліп жүр­генін жасырмады. Ал көшірме кітаптарға кел­генде жиі байқайтын дүниелерін айтып берді. «Кітап дүкеніне барсам, міндетті түрде қазақша кітаптар тұрған сөрені қараймын. Қазіргі қазақша іскерлік әдебиеттерден санаға қонымды дүние оқымадым. Шын­туайтына келгенде, біразына қазақша моти­вациялық кітаптар ұнайды. Ал шетелдік әдебиеттерді жиі оқитын адам ретінде қазақ­ша кітаптардың біразы көшірме екенін айта аламын. Тіпті, сөзбе-сөз көшіріп алғандары бар. Біздегі кейбір авторлар Луиза Хейдің кітаптарын, «Подсознание может все», «Крас­ная таблетка» сияқты туындыдағы мағы­наны қазақшалап береді», – дейді сценарист Жамал Сәбитқызы. Ал Назым Сапарова болса, авторлардың шетел әдебиетіне емес, өз әдебиетімізге үңіл­­генін қалайды. Педагогика саласында білім алатын ару М.Жұмабаевтың «Педа­гогика» кітабын оқыған сайын таңда­на­тынын жасыр­­­мады. Ол баланы тәрбиелеу мен дамыту жай­лы жапон әдебиетін аударуға, оқуға құмар жан­дарды «Педагогикаға» үңі­луге шақырды. Әрі бизнес туралы кітап­тардың тек кеңес беру мен нұсқаудың төңі­регінде ғана екеніне қын­­­жылады. «Бизнес жайлы кітаптарға келсек, біразы Арман Әлманбеттің «Билеттер бизнес сыры» деген туындысын көбі біле бермейді. Кітап Ерлан Әшім жайлы кәсіпкердің басынан кешкен оқиғаларына негізделген. Оқысаңыз, кәсіп­керлердің нені білуі керегі, кәсіп бас­тау­да ненің кедергі болатыны ұғыныңқы әрі көркем тілмен жазылған. Бірақ бұл кітап оқырмандар арасында танымал емес. Өйт­кені жарнамасы әлсіз, кітап дизайны оқырманды тартпайтын сыңайлы. Қазіргі саммари әдісі­мен жазылған кітаптарға қара­ғанда әлдеқайда пайдалы. Аударма мәсе­лесіне келсек, кез келген кітапты мәде­ниетке сай икемдесе дей­­­сің. Мысалы, тұлға­лық даму жайлы кітап жазатындар шетел әдебиетіне қарай жүгіреді. Ал олар Абайдың қара сөздері өзіңді тәрбие­леудің таптырмас құралы екенін біле ме екен? Авторлар хакімнің ілімін негізге алып, оқыр­­­манға түсінікті, еркін тіл­мен жеткізсе дей­мін», – дейді Назым Са­парова. Оқырман Абайдың қара сөздерін зама­науи тілмен айтқанда, лайфхак ретінде алып, ойды да, өмірді де өзгертуге болатынын ай­тады. Сон­дай-ақ Назым Сапарова да автор­дың кі­таптағы дизайн, қаріп мәселесіне мән бергенін қалайды. «Автор оқырманды тәр­бие­лейтін кітап екенін ұмытпаса екен» дегені бар. Сон­дықтан кітап жазарда «7 рет ойлап, 1 рет кес­кен» абзал. Өйткені жаңа заман жас­тары кө­шірме дүниені бірден байқайды. Әлеу­­­меттік желі мен интернет те ісіңізді әшкере етуі мүм­кін.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ