Қазір жастар арасында бизнес, маркетинг туралы кітаптардың бәсі жоғары. Оған қоса, олар өмірді өзгертуге қадам жасауды үйрететін психологиялық әдебиетті оқуға құмар. Кейінгісі орта буын өкілдерін де қызықтырады. Бірақ мұндай саладағы кітаптың дені – аударма. Ал елімізде қашан бизнес, жеке даму жайлы түпнұсқа кітаптар жарық көреді? Осы турасында кітап авторлары мен оқырмандардың пікірін топтастырып көрдік.
Иә, «Екінші болма», «Құпия», «Лайфхактар», «Кайдзен», «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» кітаптары ел ішінде танымал. Арасында қайта басылып, бестселлер атанғандары бар. Бірақ кейбір қазақша іскерлік әдебиетті оқи қалсаңыз, шетелдік кітаптардың аудармасы екенін байқайсыз. Дизайнына дейін көшіріп басатындарды былай қойғанда, аффирмация, медитация жайлы кітаптардың ақша табудың амалына айналғаны ма? Өйткені кітап дүкендерінде «Бақытты әйелдің күнделігі», Aqsha , «Жақсы сөз – жарым ырыс» сияқты кітаптар көп. Ішіне үңіліп, қарпінің көлемі мен дизайнына қарап 1-сынып баласы оқитын «Әліппе» ме дерсіз. Ал кітап соңындағы «тәмсілдерді» көрсеңіз, еріксіз жымиясыз. Мысалы, Мұхит Сапарбаевтың Aqsha кітабының соңында «Ақшаның» он көмегі» жайында жазылған. Сонда «Ақшаның көмегімен бай боласыз», «Ақшаның көмегімен қарыздан құтыласыз» деп көрсетілген. Ал бұл оқырман білмейтіндей, жазып көрсететіндей қағида ма?Мұның да пайдасы бар
Қош, танымал кітаптар мен шетелдік әдебиеттен сілтеме беру жайына қайта оралайық. Жоғарыда жазылған «Кайдзен» кітабының авторы Ғани Байғалиұлы кітабының 10%-ы шетелдік әдебиеттен алынғанын мойындап отыр. Өйткені ол кайдзен термині қазақ қоғамына енді ғана енгенін, дамыту керегін айтты. Сондықтан негізі мен мәнін түсіндіру үшін шетел әдебиетіне жүгінген. Әрі кітап жазуына орыстілді аудиторияның «кайдзенді қазақша түсіндіру мүмкін емес» деген сөзі әсер еткен. «Кітаптың 90%-ы өз ойыммен жазылған. Қалған 10%-ын кайдзеннің түп негізін түсіндіретін кітаптан аудардым. Мысалы, жапонның атақты жазушысы, кайдзен терминінің негізін қалаған Масааки Имаи кітаптарынан дереккөз бар. Американың атақты психологінің кітабынан алғандарым жинақталған. Бірақ қай жерінен алғанымды сілтемемен көрсеттім. Қазіргі кітаптар жайлы «көшірме жазыпты, идеясын ұрлапты» деп жиі айтамыз. Алайда эксперттер жазатын кітаптар жиі жарық көре бастағанынан қазақтілді аудиторияның саны өсті. Өйткені олар орыс тіліндегі кітапты оқығанда іштей қазақ тіліне аударып, қорытатын. Енді сатып алған кітаптың өзі аударма, көшірме дегеннің өзінде қазақтілді оқырманға пайдалы. Себебі ол бірден ана тілінде керек мәліметін алып, ой түйеді», – дейді «Кайдзен» кітабының авторы Ғани Байғалиұлы. Кітап авторы эксперттердің кітап жазғанын қолдайды. «Жарық көріп жатқан бизнес, тұлғалық даму, медиа жайлы кітаптарды саланың басы-қасында жүрген маманның жазғаны дұрыс. Көркем әдебиеттей болмасы анық, бірақ бәрін жіктеп бере алады», – дейді ол. Бірақ Ғани Байғалиұлы да қазір авторлардың қулыққа барып, шетелдік авторлардың жазбасын аударып, онымен қоймай дереккөз көрсетпейтінін мойындап отыр.Аудармай-ақ әдеби қорға үңілсе...
Сценарист Жамал Сәбитқызы қолы қалт еткенде кітап дүкеніне барады. Өйткені фильмнің сценарийінің негізін, сөлін әдеби кітаптардан алғысы келеді. Мұндай кітаптар жоқтың қасы екеніне іштей күйзеліп жүргенін жасырмады. Ал көшірме кітаптарға келгенде жиі байқайтын дүниелерін айтып берді. «Кітап дүкеніне барсам, міндетті түрде қазақша кітаптар тұрған сөрені қараймын. Қазіргі қазақша іскерлік әдебиеттерден санаға қонымды дүние оқымадым. Шынтуайтына келгенде, біразына қазақша мотивациялық кітаптар ұнайды. Ал шетелдік әдебиеттерді жиі оқитын адам ретінде қазақша кітаптардың біразы көшірме екенін айта аламын. Тіпті, сөзбе-сөз көшіріп алғандары бар. Біздегі кейбір авторлар Луиза Хейдің кітаптарын, «Подсознание может все», «Красная таблетка» сияқты туындыдағы мағынаны қазақшалап береді», – дейді сценарист Жамал Сәбитқызы. Ал Назым Сапарова болса, авторлардың шетел әдебиетіне емес, өз әдебиетімізге үңілгенін қалайды. Педагогика саласында білім алатын ару М.Жұмабаевтың «Педагогика» кітабын оқыған сайын таңданатынын жасырмады. Ол баланы тәрбиелеу мен дамыту жайлы жапон әдебиетін аударуға, оқуға құмар жандарды «Педагогикаға» үңілуге шақырды. Әрі бизнес туралы кітаптардың тек кеңес беру мен нұсқаудың төңірегінде ғана екеніне қынжылады. «Бизнес жайлы кітаптарға келсек, біразы Арман Әлманбеттің «Билеттер бизнес сыры» деген туындысын көбі біле бермейді. Кітап Ерлан Әшім жайлы кәсіпкердің басынан кешкен оқиғаларына негізделген. Оқысаңыз, кәсіпкерлердің нені білуі керегі, кәсіп бастауда ненің кедергі болатыны ұғыныңқы әрі көркем тілмен жазылған. Бірақ бұл кітап оқырмандар арасында танымал емес. Өйткені жарнамасы әлсіз, кітап дизайны оқырманды тартпайтын сыңайлы. Қазіргі саммари әдісімен жазылған кітаптарға қарағанда әлдеқайда пайдалы. Аударма мәселесіне келсек, кез келген кітапты мәдениетке сай икемдесе дейсің. Мысалы, тұлғалық даму жайлы кітап жазатындар шетел әдебиетіне қарай жүгіреді. Ал олар Абайдың қара сөздері өзіңді тәрбиелеудің таптырмас құралы екенін біле ме екен? Авторлар хакімнің ілімін негізге алып, оқырманға түсінікті, еркін тілмен жеткізсе деймін», – дейді Назым Сапарова. Оқырман Абайдың қара сөздерін заманауи тілмен айтқанда, лайфхак ретінде алып, ойды да, өмірді де өзгертуге болатынын айтады. Сондай-ақ Назым Сапарова да автордың кітаптағы дизайн, қаріп мәселесіне мән бергенін қалайды. «Автор оқырманды тәрбиелейтін кітап екенін ұмытпаса екен» дегені бар. Сондықтан кітап жазарда «7 рет ойлап, 1 рет кескен» абзал. Өйткені жаңа заман жастары көшірме дүниені бірден байқайды. Әлеуметтік желі мен интернет те ісіңізді әшкере етуі мүмкін.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ