Ғалымдар «әлдеқандай жағдай бола қалса» деп, Жер ғаламшарына балама ретінде қарастырып жүрген Шолпан мен TRAPPIST-1d экзопланетасының беті парник эффекті кесірінен бірнеше жүз градусқа дейін қызып кеткен. Ол қызу түссе ғана Жердегідей өмірге жарамды бола түседі деп болжануда. Әйтпесе, оған аяқ басқан адамзат қып-қызыл табаға түскендей қуырылып қалады. Бұл – Жердегі парник эффектін ойыншық санайтындарға жауап.
Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен жиында Үкімет мүшелері Жер қызуының көтерілуіне тосқауыл қою бағытындағы жалпыадамзаттық қозғалысқа Қазақстанның үлесін талқылады. Әзірге қазақтың еншісі айтуға да тұрмайды, тым мардымсыз. Керісінше, республикадағы ескі технологияларды қолданатын көнерген алып зауыт-кәсіпорындар ауа мен айналасына миллиондаған тонна зиянды шығарындылар тастап ластауда. Еліміздегі қарапайым үй пештерінен бастап жылу-электр орталықтарына дейін көмір жағып, планетамыздағы парник эффектін күшейтуде. Мемлекетіміз әзірге бұл тәжірибеден бірден және үзілді-кесілді бас тарта алмайды. Тек қалатыны – жаңғыратын қуат көздерін өрістете беру.
Энергетика министрі Қ.Бозымбаев жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытуға едәуір инвестиция салынып жатқанын жеткізді.
Оның мәліметінше, бүгінде елімізде энергетиканың осы жаңа секторы және «жасыл» энергия нарығы қалыптасты. Қаржы-есеп айырысу орталығы құрылып, ол ЖЭК-тер өндірген қуатты сатып алатын бірыңғай операторға айналды. Орталық аукцион ұйымдастырып, тариф белгілеп, сол бойынша 15 жылдық келісімшарт арқылы жаңғыратын энергетика нысандарынан электр қуатын кепілдендірілген түрде сатып алады. Ғимараттар мен кәсіпорындарды таза қуат желілеріне қосуды қамтамасыз етуге де сол міндетті.
– Тарифтер жыл сайын инфляция мен доллар бағамының өзгеруін ескере отырып, ұдайы индексацияланады. Энергия өндірушілер электр энергиясын жеткізу бойынша энергия жеткізуші ұйымдардың қызметіне ақы төлеуден босатылады. Кәсіпкерлік кодексі аясында инвестициялық артықшылықтар да беріледі, – деді Қанат Бозымбаев.
Бірақ қарапайым бұқара да, бизнес те баламалы қуат көздеріне құлшынып отырған жоқ. Біріншіден, 90-жылдары электр тоғының тұрақсыз берілгені жадтан өшпеген. Ал ЖЭК-ке тұрақсыздық тән: жел тынып қалады, күн ұясына батады. Екіншіден, күн мен жел энергиясы көмірден алынғанға қарағанда қымбатырақ.
– Қазіргі кезде жел және күн электр энергиясының бағалары төмендеуде. Жаңартылатын энергия көздерін кеңінен қолдану үшін олардың дамуын ынталандыратын мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеуді тапсырамын, – деді Үкімет басшысы Асқар Мамин.
Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Париж келісіміне сәйкес міндеттемелердің орындалуын және қоршаған ортаға шығарындыларды азайту бойынша мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.