Шетелдік зерттеушілер тобы вируспен күресте қандай материалдан жасалған масканың әсері мықтырақ екенін зерттеді. Кембридж университетінің ғалымдары маска жасалатын барлық материал түрін зерттеп шыққан. Нәтижесін сіздермен бөліскенді жөн көріп отырмыз.
Материалдың қаншалықты әсерлі екенін олар 0,02-ден 0,1 микрометр өлшемді ұсақ бөлшектерді фильтрлеу арқылы анықтаған. Нәтижесінде қарапайым күнделікті маталардың дәл медициналық маскалардыкіндей әсері бар екені белгілі болған. Бірақ медициналық қорғаныш маскалары арқылы ауа жұту әлдеқайда оңай. Одан бөлек, материалдар тиімділігін ылғал кезде де сақтайтыны анықталып отыр. Яғни, бір жуып алғаннан кейін де әсері кемімейді деседі. Дегенмен солай екен деп бір масканы мәңгі бақи тағып жүре беруге болады деп ойламаған жөн. Оны ауыстырып отыру қажет. Бұған дейін америкалық ғалымдар материалдардың әсеріне байланысты рейтингті жариялаған болатын. Әлемнің 194 елінде жасалған алдын ала анализ нәтижесінде маска тағуды міндеттеп, қатаң режим ұстанған елдерде адам өлімі аз болғаны белгілі болып отыр. N99 және N95 типіндегі медициналық маскалар вирус бөлшектерін фильтрлеуде ең мықты маска түрі екені анықталды. Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, бұл маскалар жұғу қаупін 94-99 пайызға азайтады екен. Сонымен бірге бетке жабысып тағылатындықтан, бөлшектердің енуіне мүмкіндік бермейді. Бұдан кейінгі орында хирургиялық маскалар тұр. Олар жіптер мен талшықтардан жасалады. Ал оларды байланыстыру үшін механикалық өңдеу жүргізіледі. Егер үйден өзіңіз жасағыңыз келсе, гибрид маскалар қолайлы. Ол үшін мақта мата өте ыңғайлы. Одан басқа жібек, шифон, фланельден де тігілген маскалар жақсы деген байлам жасалып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үш қабаттан тұратын, ортасында фильтрі бар маскаларды тағуға кеңес береді.Жадыра АҚҚАЙЫР