Мақтанатын жағдай жоқ
Мақтанатын жағдай жоқ
162
оқылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің анықтап, көпшілікке жариялауы бойынша, жерге қатысты заңбұзушылықтар мен парақорлық жөнінде Алматы облысы еліміздегі басқа өңірлердің көшін бастап тұр. Әсіресе, жерге қатысты жөнсіздіктер Жетісуда тым жиілеп кеткен. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облыстық  департаментінде өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасының орындалуы бойынша брифингте облыс басшысының өзі ашық айтып, мойындағандай болды.

Амандық Баталовтың айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күресте «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасы басты бағыт болып отыр. Өңірде тұрғындардың   мемлекеттік қыз­метті бір ғимараттан алуына мүмкіндік жасалғанын, 15 аудан-қалада «Сервистік әкімдік» жұмыс істеп тұрғанын, жыл соңына дейін осындай сервистік әкімдіктер өңірдің қалған 5 ауданында ашылады. Жалпы, облыс әкімдігі ұсынатын мемлекеттік қызметтердің 83% автоматтандырылған. Сәуірден бастап бүгінге дейін облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл департаменті аудандық, қалалық әкімдіктермен бірлесіп ADAL KOMEK жобасы бойынша 169 тікелей эфир өт­кізген. Осы онлайн эфир арқылы облыс тұрғындарынан 1 486 өзекті сұрақ қойылып, барлығына жауап қайтарылған. Қазіргі уақытта облыста 323 кабинет Open space форматында жұмыс істейді. Сол сияқты облыста «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы жүргізілуде. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп, ведомствоаралық комиссия құрылған. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі және сыртқы талдау жүргізу барысында 100-ден астам тәуекел анықталыпты. Облыс әкімі бірінші кезекте жер қатынастарындағы жемқорлықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударғанын айтты. Алматы облысының жерлері, әсіресе Алматы агломерациясына кіретін аудандардағы жерлер өте құнды. Бір кездері жер телімдерінің  нысаналы мақсатын жеке қосалқы шаруашылық ретінде көрсетіп, бөлшектеп сатып жіберген талай жағдай анықталып, сондай сорақылықтар салдарымен  әкімдік әлі күнге күресіп келеді. «Талғар, Қарасай, Іле аудандарында жерге қатысты заңсыздықтар жетіп артылады. Су қорғау аймағынан, ұлттық парктен, жол бойынан жерлер заңсыз таратылған. Қазіргі кезде облыс аумағынан инвесторларға жер тауып беру мүмкін емес. Бәрінің иесі бар. Мәселен, америкалық инвесторлар жемдік база үшін 5 мың гектар жер сұраған, қазіргі кезде соны да орындай алмай отырмыз.  Жерге байланысты  заң­сыздықтардың жолын кесуде прокуратура органдары көп көмектесті. Аталған саладағы заңбұзушылықтарды болдырмау мақсатында  Интерактивті жер картасын жасауды тапсырдым. Бұл картада облыстың барлық жер телімдері  туралы толық ақпарат  анық көрінеді. Оны біз әлі де жетілдіріп, бұл жұмысты соңына дейін жеткізуіміз керек» деген облыс басшысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша өңірлік іс-шаралар жоспарын іске асыруда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментімен бірлесе жүргізілер жұмысты одан әрі күшейтуге де баса назар аударды.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы