«Шаңырақтағы» салт-дәстүр
«Шаңырақтағы» салт-дәстүр
206
оқылды

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы­ның Astana musical мемлекеттік театры тағы бір керемет туындыға толықты. Ол – «Шаңырақ» атты экс­перименталды музыкалық қойылым. Мюзикл елорданың Qazaqstan орталық концерт залында арнайы қойылған киіз үйде өтті.

Тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықты қазақтың салт-дәстүрімен байланыс­тырып көрсетеді. Мысалы, жас босанған анаға қалжа беруі, сәбидің есімін азан шақырып қоюы, оны қырқынан шыға­руы, қыз баланың ұзатылуы, беташар, сыңсу – бәрі музы­калық ария, дуэт, трио, хор ар­қылы жеткізілді. Бір ша­ңырақтың келіні босануынан басталған мюзикл, сол үйдің қызы өзге отбасының түтінін түтетуге кетіп, қаза болуымен аяқталды. Мюзикл бастан-аяқ ұлттық әуен, төл музыкалық аспаптар, заманауи хореогра­фиямен, керемет үйлесіммен берілген.

– «Әр жердің салты басқа, иті қара қасқа» дегендей, әр қазаққа тән ортақ дәстүрді алдық. Онда да сахнаға келеді-ау дегенін жинақтап, сахна тілімен беруге тырыстық. Бұл классикалық спектакль емес. Ол жай ғана музыкалық пер­фомэнс. Ол дегеніміз – оқиға дәл көрермен алдында болған соң, олар соған кіріп, өзін со­ның бір бөлшегі ретінде қа­былдауы, – дейді мюзиклдің режиссері Есләм Нұртазин.


Сол үшін де арнайы жасал­ған қазақ үйде 70 шақты кө­рермен, 30-ға жуық актер бол­ды. Либретто авторы – белгілі драматург Әннас Бағдат болса, композитор – Болатбек Нұр­қасымов.

– Мұндай дүниені елор­далық театр көрсетпесе, басқа кім көрсетеді? Мұнымен келесі жылы шетелге шығу жоспарда бар. Әзірге әрбір облысты аралап көрсетпекшіміз, – дейді «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының бас­шысы Жеңіс Сейдолла.

Оның айтуынша, экспе­ри­менталды перфомэнс – жаңа бағыт. Бұл жастардың баста­ма­сымен жасалған дү­ние. Актер­лердің ойыны да, көрермен де қазақ үйдің ішін­де болады.