«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының Astana musical мемлекеттік театры тағы бір керемет туындыға толықты. Ол – «Шаңырақ» атты эксперименталды музыкалық қойылым. Мюзикл елорданың Qazaqstan орталық концерт залында арнайы қойылған киіз үйде өтті.
Тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықты қазақтың салт-дәстүрімен байланыстырып көрсетеді. Мысалы, жас босанған анаға қалжа беруі, сәбидің есімін азан шақырып қоюы, оны қырқынан шығаруы, қыз баланың ұзатылуы, беташар, сыңсу – бәрі музыкалық ария, дуэт, трио, хор арқылы жеткізілді. Бір шаңырақтың келіні босануынан басталған мюзикл, сол үйдің қызы өзге отбасының түтінін түтетуге кетіп, қаза болуымен аяқталды. Мюзикл бастан-аяқ ұлттық әуен, төл музыкалық аспаптар, заманауи хореографиямен, керемет үйлесіммен берілген.
– «Әр жердің салты басқа, иті қара қасқа» дегендей, әр қазаққа тән ортақ дәстүрді алдық. Онда да сахнаға келеді-ау дегенін жинақтап, сахна тілімен беруге тырыстық. Бұл классикалық спектакль емес. Ол жай ғана музыкалық перфомэнс. Ол дегеніміз – оқиға дәл көрермен алдында болған соң, олар соған кіріп, өзін соның бір бөлшегі ретінде қабылдауы, – дейді мюзиклдің режиссері Есләм Нұртазин.
Сол үшін де арнайы жасалған қазақ үйде 70 шақты көрермен, 30-ға жуық актер болды. Либретто авторы – белгілі драматург Әннас Бағдат болса, композитор – Болатбек Нұрқасымов.
– Мұндай дүниені елордалық театр көрсетпесе, басқа кім көрсетеді? Мұнымен келесі жылы шетелге шығу жоспарда бар. Әзірге әрбір облысты аралап көрсетпекшіміз, – дейді «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының басшысы Жеңіс Сейдолла.
Оның айтуынша, эксперименталды перфомэнс – жаңа бағыт. Бұл жастардың бастамасымен жасалған дүние. Актерлердің ойыны да, көрермен де қазақ үйдің ішінде болады.