Міндетті тіркеу болмайды
Міндетті тіркеу болмайды
5,075
оқылды

Алматы қаласын да­мыту мәселелері жө­нінде кеңесте «Елі­міз­дің туристік тартым­ды­лығын арттырғымыз кел­се, жуық арада ше­тел­­­діктерді міндетті тір­кеу сияқты анахро­низ­м­­нен құтылу керек», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, бұл Қазақстанды көріп, салт-дәстүрімен танысып қайту үшін келетін туристерге біршама жеңілдік әкелетіні сөзсіз. Айта кету керек, Ұлттық экономика министрлігі Статистика коми­теті­нің ақпараты бойынша, 2019 жылдың бірінші жартысында елімізге келген туристер саны шамамен – 3 миллион 840 мың адамды құраған. Қазақстанға келген туристердің көшін ТМД елдері арасында Өзбекстан бастап тұр. 2019 жылдың қаңтар-маусым айларында бұл елден 1 702 743 адам келген. Екінші орында Ресей – 808 305,5 адам. Үшінші орында Қырғызстан – 663 502,5 адам. Қазақстанға Әзірбайжан мен Беларусьтен де адамдар салыстырмалы түрде көп келеді. Осы жартыжылдықта бұл елдерден тиісінше 44 мың және 41 мың адам келген. Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті шека­ралық қызметінің деректе­ріне сәйкес, Қазақстанға ТМД-дан тыс елдерден де адамдар саяхат­тайды. Олардың жалпы саны – 281 899 адам. Алғаш бестікті бастап тұрған – Түркия 53 мың адам, кейін Германия – 46 мың адам­­нан асады. Қытай мен Оң­түс­тік Кореядан 26 мыңнан аса және 17 мыңнан аса адам келген. Тізімде бесінші тұрған – АҚШ, жарты жылдық көрсеткіш шамамен 15 мың турист. Бұл елдерден бөлек Қазақ­станға Моңғолия, Ұлы­бри­тания, Үндіс­таннан 10 мың­нан аса турист келген. Өңірлер бойынша туристер ең көп келе­тін Алматы мен Нұр-Сұлтан қала­лары. Қаңтар мен маусым айла­рында Алматыны 206 мың­нан аса, елордамызды 112 мыңнан аса турист таңдаған. Шымкентке 14 мың адам келген. Атырау облы­сы­ның көрсеткіші 40 мың, Ба­тыс Қазақстан, Маңғыстау, Шы­ғыс Қазақстан облыстары­ның әрқайсына 10 мыңнан аса турист келген.

Бұл, әрине, жер көлемі бо­йынша әлемде тоғызыншы орын­да тұрған Қазақстан үшін аз көрсеткіш. Алматыдағы жиын­да «Егер біз еліміздегі ірі қалалардың, жалпы еліміздің инвестициялық және туристік тар­тым­дылығын шынымен арт­тыр­ғымыз келсе, жуық арада шетел­діктерді көші-қон поли­циясы органдарында міндетті тіркеу сияқты анахронизмнен құтылу керек. Шекара бақы­лауы­нан өтудің өзі – көші-қон тіркеуі емес пе?» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен бірге Президент: «Біз Алматыны халықаралық бизнес және ту­ризм орталығы ретінде көрсе­теміз. Сондықтан қала тұрғын­дары­ның өмір сүру сапасын арт­тыру жөніндегі барлық жұмыс халықаралық стандарт­тар­ға сай бейімделуі тиіс. Ең бастысы, азаматтарға қалада өмір сүру қолайлы әрі жайлы болуы керек. Бұған үйге баратын жолдың болуы, әлеуметтік инфра­құрылымның жақын әрі қолжетімділігі, сапалы ауызсу­мен, газбен, үздіксіз электр қуа­ты­мен және жылумен қамтама­сыз етілуі сияқты бірқатар факторлар әсер етеді», – деді.


2019 жылдың бірінші жартысында елімізге келген туристер саны шамамен – 3 миллион 840 мың адамды құраған. Қазақстанға келген туристердің көшін ТМД елдері арасында Өзбекстан бастап тұр. 2019 жылдың қаңтар-маусым айларында бұл елден 1 702 743 адам келген. Екінші орында Ресей – 808 305,5 адам. Үшінші орында Қырғызстан – 663 502,5 адам.


Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполистің туристік әлеуеті туралы айта келіп, туристік өнімдерді өте жоғары деңгейде дамыту үшін Алматының әлеуеті зор екенін атап өтті. Бұл тау, мәдени, этнографиялық туризм сияқты іскерлік туризмге де қатысты. Президент 2025 жылға дейінгі туристік саланы дамыту­дың мемлекеттік бағдарлама­сында Алматы өңірінің тау кластері басым бағыт болып белгіленгенін айтты.

Айта кету керек, Президент Үкіметке шетелдіктерді міндетті тіркеуді алып тастауды жаңа жылға дейін шешу керек деп тапсырған болатын. Ішкі істер министрі бұл өзгеріске дайын екенін, жыл соңына дейін бұл мәселе шешімін табатынын айт­ты. Бүгінгі күні Қазақстанға кел­ген шетелдіктер шекарадан өткеннен кейін бес күнде тіркелуі міндетті болатын. Алдағы күндері туристер тек кеденнен өткендегі тіркелумен жүретін болады.


Әділ БЕК