Мортон Шапиро: Басшы өз күнтізбесін бақылауы керек
Мортон Шапиро: Басшы өз күнтізбесін бақылауы керек
294
оқылды

Мортон Шапиро – 2009 жылдан бері АҚШ рейтингінде 9-орын алатын Солтүстік-батыс университетінің президенті. Бұған дейін бірнеше ЖОО-да факультет деканы болып қызмет еткен. Сондай-ақ ол экономика, көшбасшылық, менеджмент саласында дәріс оқитын профессор. «Айқын» АҚШ-тағы белгілі маман Мортон Шапироның сұхбатын жариялап отыр.

– Сіз өзіңіздің көшбасшылық стиліңізді қалай сипаттар едіңіз?

Мортон Шапиро: Өзімнің негізгі қызметімді экономика профессоры деп қа­рас­­тырамын. Сол себепті менің көш­­басшылық стиліме көп жыл­дар бойы зерттеп келе жатқан са­лам әсер етті. Мен қатаң, орта­лық­тандырылған басқару жүйе­сі­не сенбеймін. Мен де, әріп­тес­те­рім де индивидтер өздеріне не қа­жет екенін жақсы біледі әрі олар­ды ынталандырудың жолда­рын табуымыз керек деп ойлай­мыз.

Көшбасшы ретінде әрдайым әркім маңызды жауапкершілігін се­зінетін, өзара бірлесе жұмыс іс­тей алатын топ құруға тырыса­мын. Маған тікелей есеп беретін 14 әріптесім бар. Менің мінде-
тім – оларға өз жұмыстарын шама-шар­қынша мүлтіксіз орын­дауға көмектесу.

Әріптестеріммен жиі кездесіп тұрамын. Ол апталық топтық не­ме­се тұрақты жеке кездесулер бо­луы мүмкін. Әр кездескен са­йын олардан: «Саған қалай кө­мектесе аламын? Менің көме­гім немесе кеңесім керек пе?» деп сұрай­мын. Сонымен бірге әріп­тес­­терімнің өз саласын маған қа­­рағанда артық білетінін жақсы тү­сінемін. Бұған құрметпен қа­рай­­мын, сол себепті оларға не істеу керектігін тәптіштеп жат­пай­мын. Әріптестерімнің жұмыс істеуіне жағдай жасап, көшбасшы ретінде өсуіне қолдау көрсетемін.

– Сіздің көшбасшылық сти­лі­ңіз­­ге ерекше әсер еткен тұлғаны атай аласыз ба? Ол кісі сізге қалай әсер етті?

Мортон Шапиро: Менің Уи­льям Боуэн есімді керемет менто­рым болды. Мықты экономист. Боуэн мырза кезінде Принстон университеті мен Эндрю Меллон қорын басқарған. Біздің стилдері­міз әртүрлі. Ол шеңберге сыймай­тын жан еді. Бәлкім, ол менің көш­­басшылық стиліме әсер етпе­ген шығар, бірақ өміріме ерекше ықпал етті.

Ол болмағанда, Солтүстік-ба­тыс университетінің президенті ре­тінде қызметке келмес едім. Бас­тапқыда президент болу ұсы­нысынан бас тарттым. Бірақ Бо­уэн мырза әйеліме қоңырау ша­лып, екеуі екі жақтан мені прези­дент болуға көндірді. Осылайша, Боуэн мырзаның зор ықпалы ар­­қа­сында Солтүстік-батыс уни­вер­ситетінің президенті атандым.

Рас, өмірлік ұстанымдары маған қайшы келетін адамдармен де жұмыс істеуге тура келді. Кейде барлық ментор оң бүйрегін бұра бермейтінін студенттердің есіне салып тұрамын. Ондай адамдар­дан не істемеу керек екенін үйре­не­сің. Мен де бір заманда өктем­шіл адамдардың қол астында жұ­мыс істегенмін. Айталық, он­дай басшылар қарамағындағы адамдарды бір-біріне айдап салу арқылы оларды уысынан шығар­мау­ға тырысатын. Сондай жағым­сыз ортадағы жиналыстарда отыр­­ған кезде «Күндердің күнінде мен де президент болармын. Сол кезде мұндай бассыздыққа жол бермеймін, басқаша боламын. Бірнәрсе қиыс кетсе, кінәні өз мойныма аламын. Ал барлығы ойдағыдай болған жағдайда, бі­реу­дің еңбегін бағалауға тыры­са­мын» деп іштей өз-өзіме серт беретінмін. Демек, басшым­ның жағымсыз қылықтары позитивті стилімді қалыптастыруға кәдімгі­дей көмектесті.

– Әрбір көшбасшыда болуы керек бір қасиетті айтыңызшы?

Мортон Шапиро: Сайып кел­ген­де, ең маңызды қасиет – тиім­ді­лік. Табыс табуды көздейтін ком­­мерциялық саланың ережесі бе­сенеден белгілі. 25 жылдан бері түрлі компаниялардың директор­лар кеңесінде мүшемін. Нарық­та­ғы үлесіңді арттырып, ком­па­ния иелеріне лайықты табыс әкел­месең, сені қызметтен қуады. Мұнысы қате дей алмайсың. Бизнестің заңы солай.

Алайда коммерциялық емес салада нәтижелерді өлшеу сәл қиын­дау. Әйтсе де, менің ойым­ша, бәрібір бір нәтижені көздеп, сол үшін жауапкершілік арқа­ла­уың қажет. Мәселен, кеше Сол­түс­тік-батыс университетінің Ди­ректорлар кеңесінің атқарушы ко­митетімен кездестім. Оларға даму бағытымыз бен жетістікте­рі­міз­ді баяндап бердім: «Осын­ша­ма қаражат тарттық, студенттерді қабылдау бойынша көрсеткіш­те­рі­міз осындай, зерттеуге тартыл­ған демеушілік қаражатымыз мы­на деңгейге жетті» дегендей. Мен өзге президенттер сияқты: «Біз керемет білім береміз, осы ар­қылы адамдардың өмірін өз­гер­­туге өлшеусіз үлес қосып жа­тыр­мыз» деп көлгірсігім келмейді. Мен эконометристпін, сондық­тан кез келген прогрестің ілкімді көр­сеткіштері болғанын дұрыс санай­мын. Сонда ғана сен ұйы­мың­ды алға сүйрейсің. Тиімділік туралы сөз қозғағанда менің меңзегенім – осы.


Мортон Шапиро, басшы, күнтізбе, рейтинг

Менің ойымша, тиімді көш­бас­­шылықтың тағы бір кілті – эмпатия сезімін дамыту. Эконо­мист ретінде мұның барлығы адам­дарды ынталандыруға келіп тіре­летінін жақсы білемін. Кез кел­ген мекеменің игілігі үшін ешкім қадағалап тұрмағанына қарамастан, еңбекқор жандарды ынталандырғың келеді. Ол үшін оларды не ынталандыратынын түсіну керек: эго ма әлде ақша ма? Мүмкін, билік шығар? Содан соң оларды мекеменің игілігіне жұмыс істету үшін ынталандыру жол­дарын ойластыруың қажет. Адам­дарды тыңдамайынша, олар­­дың әңгімелеріне құлақ түр­мей, жеке индивид ретінде баға­ла­­майынша, оларды ешқа­шан түсіне алмайсың. Қорқытып, эгосына әсер етіп, қысқамерзімді жетістікке жетуің мүмкін. Ондай­ды спорт жаттықтырушы­лары мен кейбір солақай басшылардан көр­генбіз. Жеме-жемге келгенде адам­дар сенен теріс айналады. «Ко­­манданы жоғалту» дегені-
міз – осы. Мұндай жағдай универ­си­тет­­терде де кездеседі.

Мен өздерін университеттің ба­ғына тап болған президент сияқ­ты көретіндерді білемін. Олар университетпен синоним бол­­ғысы келеді. Мұның артында эго жатыр деп ойлаймын. Ақыр ая­­ғында адамдар ондай басшы­лар­ға жұмыс істегісі келмей, кетіп қалады. Мұндай басшылар бас­қа­лар­дың еңбегін ешқашан ба­ғаламайды. Олар әрдайым бас­қаларды кінәлауға дайын тұра­д­ы әрі әріптестерінен олар­дың мүм­кін­­­дігінен тыс дүниелерді талап етеді. Мұндай президенттердің «Жылына қарамағымдағы бір-екі қыз­меткерді жұмыстан шығарып жіберсем, қалғандары етек-жең­де­­рін жинап, ширыға жұмыс істейді» деп мақтанғанын талай естігенмін. Бұл – адамгершілікке жат. Мұнымен ұзаққа бара алмай­сың. Өйткені сенен жәбір көрген адамдар түбінде беделіңді түсіріп, абыройсыздыққа ұшыратады.  

– Көшбасшылардың алдын­дағы ең үлкен қиындық қандай деп ойлайсыз?

Мортон Шапиро: Ең үлкен қиын­дық – әлеуметтік желі. Осы­дан бірнеше жыл бұрын бұл жө­нін­де авторлық бағанымда жаз­ған­­­мын. Ол жерде жаңа тех­но­ло­гия­лар мен коммуни­ка­ция­­лық революция нәтижесінде универ­си­теттер мен бизнестегі басқару қиындай түсетінін болжағанмын. Сенесіз бе, айтқаным дәл келді.

Көшбасшылар нарративті қада­ғалауы қажет. Алайда әлеу­мет­тік желінің жылдамдығы мен таралу ауқымы нарративті қадаға­лау­ды еселеп қиындатып жіберді. Себебі біз енді медианы қадағалай алмаймыз. Жалған ақпаратпен күресу қиындап барады. Интер­нет­тің осыншама жиіркенішті болып кететіні ойыма кіріп шық­пап­ты. Әлбетте, әлеуметтік желі­нің пайдасы орасан, оған дауым жоқ. Бірақ жалпы алғанда интер­нет­тің әсерінен қарым-қатынас мәдениеті төмендеп кетті. Бұған көбіне Twitter, Facebook ықпал етті деп ойлаймын.

– Көшбасшылардың жиі жі­бе­ре­­тін қателігі қандай?

Мортон Шапиро: Менің ойым­ша, эгоизмге ерік беру – ең үлкен қателік. Басшының өзін ұйым­мен қатар қоюы теріс әре­кет­­тер­ге итермелеуі мүмкін. Жеке бас­қа табыну барлық жерде кез­де­седі – академиялық ортада, биз­­несте, ал саясатта әуелден со­лай. Алайда біз ұйымның бас­шы­лығына, меңгерушілігіне бел­гі­лі бір уақытқа ғана тағайын­дал­ға­нымызды ұмытпауымыз керек. Са­ған дейін басшылар болған, ке­йін сенің де орныңа біреу ке­ле­ті­­нін естен шығарма. Қарым-қа­бі­летің жеткенше қызмет ет, алай­­да өзіңді ұйыммен шатасты­рып алма. Ондайға бой алдыру өте оңай.

– Жаңадан басшы болып таға­йын­­далғандарға қандай кеңес берер едіңіз?

Мортон Шапиро: Жаңа бас­шы­­ларға әріптестерінің айтқа­ны­на құлақ асып, оларды жақы­ны­­рақ білуге тырыс дер едім. Бұ­ған қоса айтарым, кішіпейілдік – әлсіздік­тің белгісі емес. Өзіңнің шама-шарқыңды, қабілет-қа­ры­мың­ды мойындап, команда­ңа өзің аса біле бермейтін бағытты бес сауса­ғын­дай білетін мықты ма­мандар­ды қос. Басшылар өзде­рі үстірт білетін саласына араласа­мын деп, араңдап қалады. Оларға өз­дері мейлінше жақсы білетін ша­р­уамен айналысқан абзал. Мы­­салы, мен студенттерді қа­был­­­дауды ұйым­дас­тыруға, қаржы мә­селесін рет­теу­ге маманданған­мын.

Бірақ біздің брэндинг, марке­ти­нг, жаһандық маркетингті де қоса алып жүруіміз керек. Сол са­ла­ларды реттеуге жауапты адам­­дар бар. Олар кейде менен ке­ңес сұрап тұрады. Бірақ ақыл-ке­ңе­­сімді айтқаннан кейін, мен олар­­дың істі дұрыс атқаратынына то­лық­тай сенім артамын.

Алайда сен өзіңе сенімсіз бол­саң, онда сен біреудің саған жөн сілтегенін қаламайсың. Сол се­беп­ті барлық шаруаны өзің тын­­дыруға тырысасың немесе айна­ла­ңа жұмысын онша білмейтін мамандарды жинайсың. Сөйтіп, өзіңді басқалармен салыстыр­ған­да, ақылдырақ көрсеткің келеді.


– Қазіргі лауазымды ұсынған кез­де өзіңізге сенімсіз болдыңыз ба?

Мортон Шапиро: Экономист болған соң математика мен ста­тис­­тиканы жақсы білеміз деп ой­лаймыз. Сондықтан кейде бәрін білетіндей күй кешеміз де, өз-өзімізді тым сенімді ұстап ке­теміз. Осыдан 26 жыл бұрын Оң­түстік Калифорния универси­те­тінің деканы болып тағайын­дал­дым. Мен басқарған факультетім тұтас Солтүстік-батыс универ­си­те­­­тінен әлдеқайда үлкен болатын. Ешқашан жұмысты игеріп кете­ті­німе күмәнданған емеспін. Алай­да бүгінгі күннің биігінен қарап, қаншалықты қиын болға­нын енді түсініп отырмын. Менің тәжірибем жоқ еді.

Ол кезде жұмыстың қанша­лық­ты қиын болатынын толық түсінбедім. Төңірегіме өзім сияқ­ты жастарды жинап алдым. Бәрі­міз жас едік, лауазымымыз талап еткен көп міндетті жете білген жоқпыз. Қатты қиналдық. Бірін­ші жылы әбден әуре-сарсаңға түстік. Уақыт өте жағдайымыз жақсарды. Сол кезде тәжірибелі жандарға көбірек арқа сүйеу керек екенін түсіндім.

– Басшылардың кемшілігін қалай анықтайсыз?

Мортон Шапиро: Егер ол кісі мені­мен бірге жұмыс істейтін болса, онда оның артықшылықта­рын анықтай аламын. Біздің бас­шылық қызметтегі бірқатар әріп­тесіміз бар, олар кейбір нәр­се­­лер­ді жақсы біледі, ал кейбір нәрсе­лер­ден мүлде хабары жоқ. Алайда кей кездері олар барлық нәрсені өздері істеуге тырысады. Маған тікелей есеп беретін әріптестерім­нің қабілеттерін анықтағаннан кейін мен олармен отырып сөй­ле­­семін. «Менің ойымша, мына тұс­тарыңды дамыта түссең, жақ­сы болады» деп кеңес беремін. Егер сен оларға шындықты ай­тып, ақыл-кеңесіңді бермесең, он­да олар дамымайды. Басында әріп­тестеріме шындықты айтуға ыңғайсызданатынмын – осылай­ша мен бірнеше адамды жұмыстан шы­ғарып жібердім. Кейін олар ме­нің бетіме қарап: «Неге маған қате жұмыс істеп жатқанымды ба­сында айтпадың? Неге сен ма­ған көмектеспедің» деп сұраған кездері болды. Сол себепті әріп­тес­­терімізге шынайы баға бе­ру – біздің борышымыз. Олар­дың ар­тықшылықтары мен кем­ші­лік­те­рін анықтап, ары қарай қалау дамуға болатынын бірге талқы­лауы­мыз керек.

– Қа­ра­мағыңыздағы өзіңізге тікелей есеп беретін адамдарды жа­ңа­­шылдыққа қалай ынталан­ды­ра­­сыз?

Мортон Шапиро: Жаңашыл­дық­қа ұмтылу үшін әріптестеріме қате­лесуге ерік беремін. Талпы­нып көрсін. Сәтсіз талпыныста тұр­ған ештеңе жоқ. Адам қате­лес­пей тұрмайды. Ал ойдағыдай бол­маса, әріптестерім жауапкер­ші­лікті мен алатынымды жақсы біледі – ол үшін олар жаңашыл қа­­дам­дарға батыл барады. Маған ті­келей есеп берген тоғыз әріп­те­сім кейін түрлі ұйымдардың бас­шы­лығына тағайындалды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Менің ойым­ша, менің адамдарды жұ­мыс­қа алып, тұлғалық өсуіне кө­мектесіп, оларға қажет дүниеге қол жеткізуіне септігім тиетіндей репу­тациям бар. Әрине, әріптес­те­­рімнің барлығы бірдей прези­дент болғысы келмей­ді. Алайда олар­­дың кемінде 9-ы президент болды.

– Ұйымыңыздың мәдениетін жаңа қызметкерлерге қалай түсін­ді­ресіз?

Мортон Шапиро: Жаңа қыз­мет­кер маған тікелей есеп беретін болса, мен тек ол кісінің өзгелер­мен қарым-қатынасын бақылай­мын. Маған тікелей бағынышты қызметкерлер тобымен аптасына бір рет кездесемін. Одан тыс ша­ғын жұмыс топтарымен тұрақ­ты кездесіп тұрамын. Олар менің жұмыс барысымды көреді. Кезде­су­лер емен-жарқын, бейресми жағдайда өтеді. Шынымды айт­сам, мен күн тәртібіндегі мәселені алдын ала белгілемеймін. Мен жай ғана өз ойымды, әріптестерім өз ойын айтады.

Әріптестерімнің отбасына кө­бі­рек уақыт бөлуіне, жеке өмі­рін ұмытпай, күнделікті жұ­мыс­қа «ба­сымен кіріп кетпеуіне» қолдау білдіремін. Олар әрдайым көбірек демалыс алып, жұмыстың жай-күйін қатты уайымдамаса екен деймін. Жұмыстағы дүрмекті, тра­­гедияны жеке басқа қабыл­да­мауын өтініп, қайткенде де мәсе­ле­нің шешімі табылатынын айта­мын. Басқалармен сыпайы сөй­лесу, шектен тыс салмақты болмау – біздің мәдениетіміздің негізі. Мен әріптестерімді өзін еркін ұс­тауға шақырамын. Дұрыс ше­шім қа­был­дау үшін басқалар­мен ты­ғыз жұмыс істеуге, бір-бірімен бә­се­келеспеуге ынталандырамын.

– Сіз көшбасшы ретінде ары қа­рай өсу мен даму үшін не істей­сіз?

Мортон Шапиро: Көшбасшы ретінде қалай дамып жатқанымды білмеймін. Алайда профессор ретіндегі аяқ алысым жаман емес. Кәсіби тұрғыдан айтқанда, мен бірінші кезекте профессормын. Ынталы студенттерге сабақ беріп, үнемі педагогикалық шеберлігімді шыңдауға тырысамын. Әлі күнге дейін ғылыми мақалалар жария­лап, рецензиялар жазып тұрамын. Авторлық баған, кітап жазуды тоқ­татқан емеспін. Сонымен қа­тар кампустағы академиялық ша­раларға қатысып, интеллек­туал­ды шабыт аламын.

Көп президенттер маған: «Мо­рти, осы сен кітаптың үстіне кітап жазуға қалай уақыт табасың? Менің тіпті сабақ беруге уақытым жоқ» деп қапалана сұрақ қоя­ды. Оларға: «Уақыт тап, сен пре­зи­дент емессің бе? Кім сенің күн­­тізбеңді анықтайды? Басшы­лық қызметке келгендегі ең бірін­ші үйренетінің – өз күнтізбеңе ие болу. Өзге біреудің сенің күнтіз­бең­ді қадағалауына жол берме. Бұл – сенің өмірің», – деп жауап беремін. Басшылық қызметте болу­дың ең ұтымды тұсы – сені еш­кім бірдеңе істеуге мәжбүрлей алмай­ды. Тіпті, директорлар ке­ңе­сі де. Кейде директорлар кеңесі сен­бі күні таңертеңге жиналыс қо­йып қояды. Менде ол күні – Шаббат. Сол себепті мен: «Сау болыңыз» деп кетіп қаламын. Олар аңтарыла қарауы мүмкін. Алай­да маған не істей алады? Жұ­мыс­тан шығарып жібере ме?

Сондықтан басшылық лауа­зым­­ға тағайындалып жатсаңыз, алдымен күнтізбеңізді реттеп алыңыз. Бөтен біреуге қай кезде қандай шаруа атқаратыныңызды айтуға жол бермеңіз. Ойлаңызшы, өзіңіз президент бола тұра, «Олар маған сабақ бергізбей жатыр», деп қалай айтасыз? «Олар» деген кімдер? Сен – басшысың, ендеше сабақ бер!

Күнтізбемді бақылау арқылы мен өмірімдегі кейбір жайттарды өткізіп алмауға тырысамын. Дә­ріс­­терімнен қалмаймын. Кейбір семи­нарлардан қалмаймын. Си­на­­гогадан қалмаймын. Өмірімдегі кейбір нәрселердің өз орнында болғанын қадағалаймын. Бұдан шығатын түйін мынау: егер сен бақытты болмасаң әрі іс-әреке­тің­­нен интеллектуалды ләззат ал­масаң, онда бұл қызметтен бас тар­туың керек.


Сұхбаттасқан 
Нұрбек МАТЖАНИ