Көрге де көк тиынсыз кіре алмайсың...
Көрге де көк тиынсыз кіре алмайсың...
325
оқылды

Қазір үлкен қалаларда жерлеу рәсімін өткізу — бизнес.

Пәтер жалдап, жерлеуге ақшасы жоқтардың мәйіті көшеден табылып жатыр. Туысын соңғы сапарға шығарып салу үшін кредит алып, төлей алмай жүргендер де жетерлік. Есесіне, мола басына кесене тұрғызу, жерлеу рәсімін аста-төк қылып өткізуден жарысатындар көбейді. Зираттың аумағы, қоршауы қандай болуы тиіс? Адам басына қанша жер бөлінуі керек? Сауал көп. «Өлінің тіріге азық» болатын себебін Ақмола облысындағы Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы Камал Әбдрахманов және қалалық зираттың қызметкерімен бірге іздеп көрдік.

Туысының қазасын жерлеумен айналысатын мекеме қызметкерінен естіген

Шырақшы Камал Әбдрахмановтың айтуынша, жерлеумен айналысатын мекемелер соңғы сапарға шығарып салу рәсімін бизнеске айналдырып отыр. «Қоршау орнату, кесене салу — табыс көзіне айналып кетті. Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалаларда 2 шаршы метр жерге адам жерлеу үшін 90 мың теңге төлейді. Жерлеумен жекеменшік фирмалар айналысып жүр. Бейіт басындағы жарысты жөнге салып, бірізділікке түсіру қиын. Себебі, жекеменшік фирмалар жұмысын жарнамалап жатыр. Тапсырыс бар жерде сұраныс та көп. Тіпті полицейлердің әртүрлі себеппен қайтыс болған азаматтар жайлы деректерді жерлеумен айналысатын фирмаларға сатқан деректер анықталды.  Масқара болғанда, ұл-қызының өлгенін ағайын-туысынан бұрын жерлеумен айналысатын фирманың қызметкерінен естіп, есінен танған азаматтар бар. «Бүкіл жерлеу жұмысын ойдағыдай атқарамыз?!» деп хабарласқанда, төбесіннен жай түскендей болған жағдайлар бар. Үлкен бизнеске айналып кеткен нәрсені тоқтату өте қиын», — дейді шырақшы.

машина.jpg

Фото: "Ақ Жайық"

Катафалк  — мәйітті тасымалдауға арналып жабдықталған көлік. Терезесі жоқ, табыты, салқындатқышы  бар. Жол алыс-жақын болса да, мәйіт иістеніп кетпейді. Сүйегі бұзылмайды. Катафалктың қызметі автокөліктің барып-келу жол шығынына байланысты төленеді.

 

Қайтыс болған адамдардың дерегін полицейлер сыйақы үшін сатқан

Елордалық полицейлер қаза тапқандар туралы деректерді жерлеу қызметтеріне сатқан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция департаментінің басшысы Анар Жарованың айтуынша, деректер базасын сыйақы үшін сатып отырған. 

«Жерлеумен айналысатын компаниялар өкілдерінің қайғылы оқиғадан кейін, қайтыс болған кісінің үйіне бірден үйге келетін жағдайлар жиі кездеседі. Ата-ана, туған-туысының қайғырып отырғанына қарамастан, қызмет бағасын ұсынады. «Бұлар қайғылы жай туралы қайдан білді?» деген заңды сұрақ туындайтыны анық. Анықталғандай, қаза болған азаматтардың жеке дерегін «102» деректер базасынан сыйақы үшін полиция қызметкерлері берген. Нұр-сұлтан қаласы Алматы және Сарыарқа аудандарының полиция басқармалары кезекші бөлімдерінің 9 қызметкері (көбісі, майор шеніндегі) қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін ішкі істер органдарынан қызметтен босатылды», — дейді ол.

«Зіркілдеп ұрсып, ақшасын төлемей кететіндер бар»

Есімін атамауды ескерткен қалалық зираттың қызметкері көр қазудың ауыртпалығын көбісі түсінбейді дейді. «Күніне қаншама көр қазамыз. Жаздың күні бір қабірді қазуға 3-4 сағат, қыста 5-6 сағат кетеді. Қыста боран, үскірік аяз, күз бен көктемде жаңбырда көр қазу қиын. Әсіресе, ерте көктемде жердің тоңы жібімейді. Қыста жерді қыздырып, топырақты «жылытып» аламыз. Кейде «тапсырыс бердім, тез қазып бітір (!)» деп зіркілдеп ұрсатындар бар. Ақшасын өз ризашылығымен айтқан бағасын беретіндер де, көр қазылып біткен соң, тиын ұстатып кететіндер де кездеседі», — дейді көр қазушы. Оның айтуынша, тағдырдың жазуымен қиын жағдайларда қайтыс болған, аты-жөні белгісіз, мәйітханадан келген мәйіттерді санмен нөмірлеп, басына ағаш белгі қойылады екен. Дерегі анықталып жатса, туыстары іздеп келеді дейді. 

«Боран, күннің ашық болуы марқұмға тікелей қатысы жоқ»

Оның айтуынша, ауа райының, жыл мезгілінің марқұмға қатысы жоқ. «Ел ішінде марқұмды жерлеу күні күн ашық, болмаса, жел тұрып, жаңбыр жауып, боран соқса, өмірден өткен кісіні мақтауға, жамандауға пенденің хақысы жоқ. Бәрі бір Аллаға аян. Ажал уақыт, жыл мезгілін таңдамайды», — дейді көр қазушы. 

пантеон 4.jpg

Қазаға алған кредитін партиялықтар төлеп берген

Жерлеу рәсіміне ақшасы жоқтар кредит алуға мәжбүр. Мәселен, Алматыда  зейнеткер бас-аяғы бір-екі айда қайтыс болған екі інісі мен ұлын жерлеуге ақша таба алмаған. Қайния Байбатырова жақындарын жерлеу үшін кредит алған.

ana.jpg

Фото: Astana TV

Зейнетақысы кредит төлеуге жетпегендіктен, қарызы көбейген. Амал таусылған соң, партияның филиалына көмек сұрап барған. «Екі інім мен жалғыз ұлым бірінен кейін бірі қайтыс болды. Банктен несие алдым. Алайда төлей алмағаннан кейін зейнетақы картамды бұғаттап тастады. Ақшасыз қалдым. Осы мәселемен Nur Otan-ға бардым. Партиялықтар жағдайымды түсініп, қажетті соманы жинап берді», – дейді Қания Байбатырова.

 «Табыт пен тақтың иесі болмайды»

Десек те, былтыр табыттың бағасы 6 процентке қымбаттаған. Жерлеу қызметі 4%-ке көтерілген. Орташа есеппен табыт бағасы — 15 мың теңге. Елордада табыт бағасы өзге аймақтардан қымбат. Нұр-Сұлтанда табыттың орташа құны 30-35 мың аралығында. Алтынмен аптап, күміспен қаптаған түрін шетелден арнайы алдырса, құны 2-3 миллионға дейін барады. Атырауда — 23 мың, Көкшетау — 19 мың, Павлодарда 17 мың теңгеден басталады. Жерлеу қызметі 4 процентке қымбаттаған.

Бірізділік ауылда сақталған

Қазір бейіт басын шарбақпен қоршау, кірпішпен қалау немесе кесене тұрғызу — бәрі бизнес. Астана қаласында күніне 10-15 адам өмірден өтеді. Қазір күз, енді бір 6 айдан соң, мола салудан жарыс басталады. Қарапайым құрылыс заттарынан бейіт басын тұрғызуға 400-600 мың теңгенің арасында қаржы кетеді. Ағайын-туғаны өмірден өтсе, қалалық жерде жерлеу рәсімін жөн-жосығымен өткізіп беру қызметі болғаны дұрыс та шығар. Бірақ зират қызметкерлері моланың басында бәсекенің болмағаны жөн деп санайды.

«Бір қызығы, бірізділік ауылдарда бар. Ауыл халқының тұрмысы бір-бірімен шамалас. Сондықтан, бірізділік бар. Шарбақ қойып жатыр. Елге есімі әйгілі тұлғалар болса, әрине, кесене салу керек. Ұлттық мақтанышқа айналған тұлғалар, батырлар, билер болса бір жөн. Төле, Қазыбек, Әйтеке биге кесене салғанның айыбы жоқ. Керісінше, басына барған адамдар бір уақыт тәу етіп, өткен өмірімізді еске алып, ұлы бабаларымыздың өмір жолынан үлгі алар еді.

Сондықтан, бұл екі мәселенің басын ашып алу керек. Бірінші ұлттық мақтаныштарымыз — олардың жөні бөлек болуы керек.

Екіншісі — әр ауылдың сыйлы, қадірлі адамдары бар, олардың жөні басқа. Жалпы бейітті әспеттеп асыра сілтеудің қажеті жоқ шығар. Негізгі жарыс қалалық жерде. Ең алдымен, мола басын көтерудегі жарысты тоқтату үшін жерлеуді бизнеске айналдырған жекеменшік компаниялардың жұмысын қадағалайтын заң керек», — дейді Камал Әбдрахманов.

пантеон 2.jpg

«Аруақ сыйлаған халықпыз»

Шырақшы бабалар зираты басына көкпен таласқан алып құрылыс салудың қажеті жоқ дейді. «Қоғамда «ұлттық пантеон» деген мәселе жиі талқыланады. Мысалы, Грузия, Армения, Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстандағы сияқты «пантеондарда кімдер жерленуі керек?» деген мәселені бізде де заңмен бекіту керек. Бізде Премьер-министр қаулы шығарды. Қаулы — заң аясында өзгертуге болатын акт. Оны қашан болсын бұзуға болады. Заң — бұрмалауға келмейтін нақты құжат. Пантеонға ең алдымен кімді қояды соны шешіп алу керек. Мәселен, қазіргі қаулыдағы түсініксіз факті — «президенттің нұсқауымен» деген сөз. Екіншісі — президенттің туыстары дейді. Сонда «президенттің нұсқауымен», «президенттің туыстары» дегенді қалай түсінуге болады? Туған-туыс деген қазақтың ұғымында өте кең мағына береді. Жеті атадан бастап, нағашы-жиен, құда-құдағи, келін, күйеу бала дегендей өте кең ұғым. Ең алдымен, осы мәселені шешіп алған абзал. 

Ал бейттің сырт келбеті қандай болу керек? Архитектуралық ерекшелігіне мән беру қажет. Қазір Қаракерей Қабанбайдың кесенесінің төңірегіне сегіз адам қойылды. Бәрінің басына қарапайым ғана құлпытас қойылды. Осыдан артық ештеңе керек емес. Аты-жөні, өмір сүрген жылдары ғана жазылған белгі ғана тұр. Монументальды құрылыстардың қажеті жоқ. Өздеріңіз көргендей бейіт жанында тек тұрмыстық техника, жерлеуге қажетті құрал-сайман тұратын шағын ғимарат тұр. 2013 жылдан бері артық қаражаттың бөлінбегеніне көзім жетті. «Қыруар қаржы бөлінді» деген бос сөз. Мұндай пікір қайшылығы Мәскеуден 45 шақырым қашықтықта Ресейдің ұлттық пантеоны ашылғанда да болған. Ол жерге ең бірінші Михаил Калашников жерленді. Сол кезде де орыстілді БАҚ «қыруар қаржы бөлінді» деп шулаған. Орыстілді БАҚ-тың дабырасына ерген азаматтар өлілермен айқаса бастады. Аруақ сыйлаған халықпыз. Осы мәселеге көңіл бөлу керек. Пантеонға архитектуралық ерекшеліктің қажеті жоқ. Кіреберісіне ресми тақтайшаға жазып қойса, жеткілікті» дейді Камал Әбдрахманов.

  kresty_img_0075 (1).jpg

Фото: Интернеттен алынды

Оқиға орнына құлпытас қою қажет пе?

Кесененің жолында жол жағасында көктас орнатылып, қоршалған жалғыз белгі тұр. Жол-көлік апатынан қайтыс болған азаматқа белгі қойылған. Оқиға болған жерге көктас орнату керек пе, жоқ па деген мәселе де бар. «Бұл — көптің көкейінде жүрген мәселе. Адам өлімі болған жерге белгі қоя беру дұрыс емес. Жолда келе жатсаң, жолдың екі жағында қоршалған құлпытастар тұрады. Ол жерде қайтыс болған кісінің сүйегі жатқан жоқ. Ең жаманы, ол жүргізушілерді алаңдатады. Алаңдаған соң, түбі апатқа әкеліп соғады. Кісі қайтыс болған жерге ескерткіш белгі қоюға тыйым салу жөнінде бір заң керек. Не болмаса, көзге көрінбейтін жерге апарып қою мәселесін шешкен жөн. Бірақ ешкім жол жиегінде тұрған адам қайтыс болғаны туралы белгіні алып тастай алмайды», — дейді Камал Әбдрахманов. 

Жалданып жоқтау айтатындар қанша табады?

Қалалық зират қызметкері жалданып жоқтау айту, айтқызу, әркімнің еркіндегі шаруа екенін айтады. Бірақ соңғы кездері «абыроймен» шығарып салайық» деу жаппай үрдіс алып кетпесе дейді. «Ақшаға жалданып жоқтау айтушылардың ақысы әртүрлі. Көбінде бергенін алады. Жақын-жуығының орнына «ой бауырымдап» жалданып жоқтау айтатындар да нәпақасын тауып жүр. Дауыс шығарып, жер тепкілеп жалданып «жылау», «жоқтау» не үшін керек екенін білмейсің? Қазаны шоуға айналдырудың қажеті жоқ», — дейді ол. 

«Жарысты» тоқтату үшін заң керек

Жерлеу рәсіміндегі «жарысты» тоқтатудың жалғыз жолы — заң қабылдау. Осыдан екі жыл бұрын сол кездегі  Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов жерлеу рәсіміне қатысты ереже жоқтығын айтқан еді. «Заң жобасы мақұлданса, жерлеу рәсімі ғана емес, адам о дүниеге аттанғаннан кейінгі процестер қандай тәртіпте қаралу керектігі, қай органдарға жүгініп, қандай шешімдерді қабылдау жалпы ережелер төңірегінде шешілетін болады. Кеңес дәуірінде бұған қатысты нақты ереже болған. Мәселені шешу үшін жергілікті органдарға құзырет берейік. Оны реттеу міндеті министрліктің аймақтық бөлімшелеріне жүктеледі» деп ұсыныс айтқан болатын. Ұсыныс әлі күнге қолдау таппады. Бейіт басындағы «жарыс» та жалғасып келе жатыр. Осы мәселеге қатысты пікір айтудан жерлеумен айналысатын фирма қызметкерлері ат-тонын ала қашты. Ал әзірге... Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов айтқандай, «Жаназаңды ақшасыз шығармайсың. Көрге де көк тиынсыз кіре алмайсың...».