ІІМ дерегінше, Қазақстан ТМД елдері арасында бейбітшілік рейтингінде 1-орын алады.
Global Conflict Tracker дерегінше, бүгінде төрткүл дүниеде шамамен 30 ірі соғыс жүруде. Олардың арасынан Сирия мен Ливиядағы азаматтық соғыс жайы адамзатқа жақсы таныс. Мәселен, Нигерияда ресми билік пен Боко Хорам террористік тобы арасында қанды тайталас ұзап бара жатқанынан көпшілік хабарсыз. Бірақ бейбітшілік берік орнаған ел атану үшін соғыстың жоқтығы аздық етеді. Рейтинг құратын халықаралық ұйымдар этносаралық кикілжіңдерге, тіпті қылмыстық деңгейге назар аударады. Сарапшылар бұл ретте peacefulness ұғымын қолданады, оның аясында тыныштық та қамтылады. Нәтижесінде, Қазақстан қауіпсіздігі жоғары мемлекеттер тізімінде биыл 163 тәуелсіз мемлекеттің ішінде тек 70-орынды иеленді. Бұл деректі Президент Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жария етті. Ведомство басшысының мәліметінше, Global Peace Index жаһандық бейбітшілік рейтингі әр елдің ішкі қауіпсіздік деңгейі, әлеуметтік тұрақтылығы, қоғамдық тәртібі сияқты көрсеткіштерін бағалайды. Карта бойынша Қазақстан Батыс Еуропаның көптеген елі сияқты бейбітшіліктің «жасыл» аймағында орналасқан. Исландия – әлемдегі ең бейбіт мемлекет болып қалуда. Ол рейтинг шыңында 2008 жылдан бері тапжылмай тұр. Көшбасшылар бестігінде, сондай-ақ Жаңа Зеландия, Аустрия, Португалия, Дания бар. 80 елде жағдай нашарлапты. Ауғанстан – екінші жыл қатарынан әлемдегі тыныштығы кеткен, соғыс жағдайындағы ел ретінде танылды. Одан кейінгі орындарда – Сирия, Ирак, Оңтүстік Судан және Йемен. Йеменнен басқасы тұрғындары бейбіт емес мемлекеттердің қатарынан көп жылдан бері шыға алмай келеді. Өзгелерімен салыстырғанда анағұрлым бейбіт аймақтар көшін Еуразия (Қазақстан, Ресей, Түркия және басқасы) бастап тұр. Одан кейін Солтүстік Америка келеді. Жалпы, биыл 9 өңірдің тек екеуі ғана «негізінен бейбіт» деп танылды. «Қазіргі уақытта жаһандық бейбітшілік деңгейі осы рейтинг құру ісі басталған кезден бері әлдеқайда нашарлай түсті. 2008 жылдан бастап бүкіл елде бейбітсүйгіштік деңгейі 3,76 пайызға құлдырады. Кейінгі 12 жылдың 9-ында қақтығыстар тек өршіп келеді. Бейбіт пен бітімге бірнеше фактор нұқсан келтіруде, оның арасында террористердің белсенділігінің артуы, Таяу Шығыстағы қақтығыстардың өршуі, Шығыс Еуропада және Солтүстік-Шығыс Азияда шиеленістің туындауы, босқындар легінің артуы, АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей арасында саяси тайталастың өрістеуі бар», – дейді Global Peace Index сарапшылары.Айхан ШӘРІП