Шекарадағы елдің шешілмеген мәселесі не?

Шекарадағы елдің шешілмеген мәселесі не?

Біздің ел бес мемлекетпен шектеседі. Бес мемлекеттің мінезі бес түрлі. Сол бес мем­лекетпен түйісетін шекарамыздың бергі бетіндегі ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігі қалай? Бүгінге дейін естігеніміз ел іргесіндегі елді мекендерде халық қалмады дегенге саяды. Бұл мәселенің көтерілгеніне көп жыл өтті. Одан бері не өзгерді? Шекарадағы ағайынның жыртығы неге жамалмайды? Иә, ресми органдардың бұл сұраққа берер жауабын біліп отырсыз... Сондықтан біз көкейдегі сауалымызды шекаралық аумақта өмір сүріп жүрген халықтың өзіне қойдық. Ол туралы сәл кейінірек.

Баспана ала да, сала да алмайсың

Шекарадағы елді мекендер мәселесін жазуымызға сенатор Ольга Булавкинаның депутаттық сауалы се­беп болды. Ол шекаралық аумақтағы жастардың қа­лаға қоныс аударуы жергілікті кадрлардың қартаюы мен олардың біліктілік деңгейінің төмендеуіне әкеліп отырғанын көтерді. Ел іргесі елсіз қалса, мемлекет қауіпсіздігіне қатер төнетінін ескертті. Жөн-ақ. Бірақ біздің жақсы өмір аңсап көшіп жатқан жастарды жазғыруға құқымыз бар ма? Әрине, жоқ. Өйткені шекаралық өңірлердегі халық денсаулық сақтау мен бі­лім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді уақытылы ала алмайды. Олардың рухани өсуіне де жағдай жасалмаған. Бұл проблемалар жинала келе қиын әлеуметтік-психологиялық ахуалды қалыптас­тыруы, салдарынан қылмыстың көбеюі мүмкін ғой. Статистика дерегіне сүйенсек, осы жылдың бірін­ші жартыжылдығында республикадағы орташа жа­лақы 212 мың теңгені құрады. Ал шекарадағы тұрғын­дар­дың түсіне мұндай жалақы кірмейтін де болар. Олардың арасында жеткілікті кіріс пен кепілдің болмауынан баспанаға да қол жеткізе алмай жүргені қаншама? Сенатор Ольга Булавкинаның айтуынша, ол ауыл­дарда жиған-терген қаржысы болса да сатып ала­тын баспана табу қиын. Себебі «Нұрлы жер» мем­лекеттік бағдарламасында Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, облыс және аудан орталықтарында ғана тұрғын үй салу қарастырылған. Ал шекаралық және шағын елді мекендерде бағдарламаны жүзеге асыру назардан тыс қалған. Осылайша, халық саны 200 адамға жетпейтін 1 300 ауыл (ауыл) мемлекеттік қол­даусыз қалып отыр. Баспана салып алайын десе, жер алуда кілтипан көп көрінеді.
«Қазірдің өзінде тұрғын үйлер салынған ауылдық жерлердегі жер телімі мәселесі шешілмей жатыр. Өйткені үй салған азаматтар жер теліміне және тұрғын үйге меншік құқына рұқсат ала алмай жүр. Се­бебі жер телімінің тағайындалған мақсатында сәй­кессіздік бар. Жер кодексінің 44-бабы 5-3-тар­мағына сәй­кес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер теліміне құ­қық беру ережелері, тұрғындарының саны 5 мың адам­ға дейінгі елді мекендерде, құрылыс және құры­лыс схемасына сәйкес жер телімі сумен және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілуі керек. Алайда бірқатар аймақтарда инженерлік желі­лерді жобалауға бюджет қаражаты жоқ, бұл азамат­тардың жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу құқын бұзып отыр», – дейді.
Сондықтан сенатор шекара маңындағы аумақ­тарда мақсатты мемлекеттік қолдау мен экономикалық белсенділікке қолайлы жағдай негізінде тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамудың белдеуін құрған жөн деп санайды.

500 шақырым жолды жүріп өтсең тірі қаласың...

Мемлекеттік шекарамыздан 50 шақырымға дейін­гі аралықта орналасқан әкімшілік-аумақтық құры­лымдар мен елді мекендердің аумақтарын шекаралық аумақ­тар деп атайды. Сондай ауылдың бірі – Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданының Жәнібек ауылы. Батысында Ресейдің Волгоград (Паллас ауда­ны), солтүстігінде Саратов облыстарымен (Новоузен ауданы) шектеседі. Осы ауданның тұрғыны Ерлан Атаев шекарадағы ел-жұрттың аудан орталығына қоныс аударып жатқанын айтады. Себебі шалғайдағы халық­ты жол мәселесі титықтатып жіберген. Бұл ауданның халқы мал асырап күнін көреді. Басқа өндіріс ошағы мен өнеркәсіп орны жоқ. Ауданда 200-дей шекара қызметкері мен олардың отбасылары тұрады. Жалақысы жақсы, ауданға ақша түсіретін де со­лар көрінеді.
«Медициналық көмек қажет болса, 500 шақырым жол жүріп, Оралға барады. Бұрын шекара ашық кезде Ресейге бара­тын. Бізде интернет жылдамдығы өте баяу. Жуырда байланыс операторлары интернет тартамыз деп жүрген. Нағыз шекаралық ауыл деп Жәнібектен 100 шақырым жерде тұратын Борсы ауылын атауға болады. Ауыл мен Ресей шека­расының арасы 4-ақ шақырым. Міне, осы ауылға баратын жолды жол деп айтудың өзі ұят. Жаңбыр жауса батпаққа айналады. Бұл ауылға кезінде «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су жеткізілген. Бірақ оның өзін уақытпен береді. Себебі жұмыс істеп тұрған жап-жақсы үш ск­важинаның екеуін маман болмаған соң жас балалар бүлдіріп алды. Уақы­тын­да күтім жасалмады. Енді бір сква­жи­наның суын уақытпен алуға мәжбүр. Ол ауылда 60 шақты үй тұрады. Малдан басқа тіршілік көзі жоқ. Қалаға барсақ қалай өмір сүреміз деп, ешқайда қозғал­ғысы келмейді», – дейді Е.Атаев.
Жәнібек ауданындағы тұрғындардың арасында Атырауда вахталық режиммен жұмыс істеуге баратындар көп. Панде­миядан кейін жартысы қысқаруға ұшы­рады. Бүгіндері үйінде отыр. Жұмысқа шақырып қалар деген үмітпен телефо­нына телміріп қояды. Себебі 200 мың теңге жалақы алып үйренген олар Жәні­бектегі жалақыны місе тұтпайды.
«Біздің ауданның 500 орындық ауруханасы бар, бірақ хирургы жоқ. Операция жасау үшін көрші ауданға – Қазталовка немесе облыс орталығы – Оралға жібереді. Жағдайы ауырына санавиация шақырады. Көп жағдайда жедел жәрдеммен жібереді, ал ол көлік­пен 500 шақырым жолды жүріп жет­кені – тірі қалады, жетпегені жолда жан тапсырады. Жақында танысымның аяғын жылқы басып кетіп, аяғы салақ­тады да қалды. Аудан дәрігерлері ештеңе істей алмады, Оралдағылар өзі жетсін депті. Сосын такси жалдады. Оралға жеткенше ауырғанды басатын екпе сал­ғызып барыпты», – дейді ол.

Шекарадағы ел қанағатшыл келетін сыңайлы, көп мәселенің бетін ашқа­нымен, жолды ғана жөндеп берсінші, басқасын жөнге келтіруге болады деп отыр. Алайда мына бір мәселені өзіміз айтуды жөн көрдік. Мал шаруа­шы­лығы­мен ғана күнелтетін жәнібек­тік­терге осы өңірдегі киік басының көбеюі мәселе туындатып отыр, жайылымның бәрін жеп қояды, таптап өтеді. Киік санын шектеу немесе басқа өңірге ауыс­тыру туралы мәселе көтерген екен, нә­тиже шықпапты. Биыл бұл өңірге жаң­быр там­баған. Су арнасын сорғы арқылы толтырады. Ал оны киік ішіп тауысады, тауыспағанын лайлап бүлді­реді екен. Содан халық қолындағы ма­лы­на шөп таба алмай, су жеткізе алмай қиналып жүр.

Қазақстанда тұрады, Қытайдың уақыт белдеуімен өмір сүреді

Ал оңтүстік өңірде жағдай мүлдем басқаша. Мысалы, Өзбекстанмен ше­каралас ауылда тұратын Ербол Исламбек көрші елдегі отшашуды естіп жататынын айтады. Бұл өңірдегі байланыс опера­торлары шекарадағы жұрттың басын қатырып тұр. Ойламаған жерден Өзбек­станның роумингіне өткізіп жібереді. Оңтүстік өмір сүруге қолайлы өңір бол­ғандықтан, Өзбекстаннан қоныс аудар­ған қандастарымыз Солтүстікке берілген кво­тадан бас тартып, Сары­ағаштың маңынан өз қаржысына жер сатып алып тіршілік етуге көшкен. Енді олардың өзі емес, еккен қияры мен қы­занағы, болгар бұрышы мен баклажаны солтүстікке кетіп жатыр. Тіпті, Ресейге экспорттап үлгеріпті. Жер жаннаты – Жетісудың жұртын да жеміс-жидегі мен егін шаруашылығы асырап тұр. Әйтпесе, Алматы облы­сының Ұйғыр ауданына қарасты Үлкен диқан ауылының халқы көз ашқаннан Қытай арналарын көріп өседі.
«Тіліміз қытай қазақтарына ұқсап кеткені де содан ба деймін. Қытай қазақ­тары аударған фильмдерді көп көреміз, қытай қазақтарының радиосын тың­даймыз. Біздің ауылға келген адамның сағаты Қытайдың уақыт белдеуіне ауы­сып кетеді. Әйтпесе, өзіміз Қытайды көр­ген емеспіз, бірақ сол елдің уақыт белдеуімен өмір сүреміз», – дейді Үлкен диқан ауылының тұрғыны Арайлым Ботанқызы.
Оның айтуынша, шекарадағы ауыл­дардың жолымен жүріп өткен соң кө­лігіңізді міндетті түрде жөндеуге апа­расыз. Ал байланыс желісі арманға ай­налған.
«Қаладағы әріптестеріме ауылға кете­тінімді міндетті түрде ескертемін. Себебі ұялы байланыс ұстамайды. Қа­шықтан оқу басталғалы бері 1-2 жерге интернет орнатыпты. Оның өзін тау-тасқа шығып жү­ріп әрең пайдаланады. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл бола ма, ал менің туған ауылыма су былтыр ғана жетті. Оның өзі таудағы үйлерге жетпейді, тө­меннен тасып аламыз. Со­ған да қуан­дық. Біз жас кезімізде қалаға ағылып едік, қазіргі жастар ауылда қалып жатыр. Соған қуанамын», – дейді ол.

Елге ел қосылып жатыр

Ал Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына қарасты Марқакөл ауылдық округіне ел қосылып жатыр. Шекаралық аудандардың бәрі осындай болса, ел іргесінен ел көшіп несі бар? Биыл Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде аталған ауылдық округке қарасты ауылдарды дамытуға 1 млрд теңге бөлініпті. Көп жыл жөндеу көр­меген мектептер, ауыл клубтары, бір­неше жол жөнделген. Ауыл халқын толғандырған ауызсу мәселесі де ше­шімін тапқан. Кезінде бұл округте 7 мың халық тұрған. Бүгінде соның 3 700-і ғана қалған. Округке қарасты ауылдар мен ұжымшарларды қосқанда жалпы округтегі халық саны – 4 674 адам. Ең қызығы, бұл өңірде «Нұрлы жер» бағ­дарламасы шеңберінде тұрғын үй құрылысы басталған. Ауыл маңында ашылған алтын кеніне 20-дан астам адам жұмысқа орналасыпты. Алдағы уақытта комбинат салынса, тағы да жұмыс орны құрылады деген үміт бар.
«Енді Күршім өзені үстінен салы­натын көпір пайдалануға берілсе, бұл маңда тіршілік жанданады деп ойлай­мын. «Елге ел қосылса, құт» деуші еді, карантин басталғалы қалаға қоныс аударғандар ауылға қайта бастады. Біздің ауылға Қытайдан 400-ге жуық отбасы көшіп келді. Қызылордадан қоныс ау­дарған отбасылар да бар. Шағын ауыл­дардан қалаға көшу үдерісі тоқтады. Марқакөл ауылы кезінде аудан орталығы болған ғой. Сол заманнан қалған 12 көпқабатты үй бар, соның 4-5-і бос тұр. Терезесін жауып сақтап отырмыз, келесі жылы жөндеу басталады. Құжаты сараптамаға жіберіліп жатыр», – дейді Марқакөл ауыл округінің әкімі Рүс­тембек Кемешев.
Қытаймен шекарасы 2 шақырым ғана болатын ауыл халқы қауіпсіздігі үшін алаңдамайды. Себебі шекарамызда застава бар дейді. Біз Рүстембек Ке­мешевтің ауылдарды көркейту үшін аян­бай жүргенін сол өңірдің қарапайым тұрғындарынан білдік. Білдік те, қо­ңырау соқтық. Ол Өңірлерді дамыту бағдарламасы, «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы, «Нұрлы жер» бағдар­ламасы арқылы ауылдағы қордаланып қалған мәселелерді шешуге болатынын дә­лелдеп жүр. Демек, қалауын тауып, қар жандыруға болады. Ол үшін ықылас пен ниет керек. Біз сол ниеттің Үкімет мүшелерінде болғанын қалар едік. Се­бебі шекарадағы елді мекеннің бәрі оңтүстік пен шығыста орналаспаған. Еліміздің батысы мен солтүстігіндегі үде­ре көшкен елдің жұртын елеусіз қал­дыруға болмайды...

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ