Жетімдер үйсіз жылап жүр
Жетімдер үйсіз жылап жүр
472
оқылды

Тұл жетім қалғандардың баспаналы болуы жыл өткен сайын қиындап барады. Заң бойынша, бірінші кезекте үйлі болуы тиіс азаматтар әлі күнге дейін барар жер, басар таусыз жүр. Заңға енгізілген өзгерістер бойынша, енді жетімдер үйді сатып алу құқығымен жалға ала алмайтын болды. Бұған наразылық білдірген олар басына баспана берілгенін қалап отыр. Тіпті, үйсіз-күйсіз, ата-анасыз қалғандардың ішінде өз-өзіне қол жұмсағандар да бар екен.

Руслан Тұрысбековтің үй кезе­гіне тұр­ғанына бес жылға жуық­тады. Жеті жа­сында әке-шешесінен айырылған ол нағашы әжесінің қолында өскен. Бүгінде отыздан асқан азамат жеке биз­несін дөңгелетіп отыр. Жетім ба­лалардың құқығын қорғау мақ­сатында «Не молчи Сирота» қо­ғамдық қорын ашқан. Енді өзі­нің де, өзі секілді же­тім­дердің де баспаналы болғанын қалайды. «2015 жылдың 26 қарашасында кезекке тұр­дым. Осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қа­ла­сы әкімдігіне 46 рет хат жолдағам. Бі­рақ бәріне келген хаттың жауабы «үй ке­зегі келгенде беріледі, күтіңіз» деген бол­ды. Министрліктер болса, «Нұрлы жер» бағ­дарламасымен ғана жұмыс істеп жатыр. Яғни, бізге сатып алу құқығынсыз ғана үй беріледі дейді. Ал кезекке тұрған кезде, сатып алу құ­қы­ғымен тұрғанбыз. Енді тек жалға ала ала­тынымыз әділетсіздік деп ойлаймын», – дейді Руслан. Былтырға дейін жетімдерге сатып алу құ­қығымен жалға алынатын үйлер беріліп кел­ді. Ал қазір олай емес. Заң бойын­ша, берілетін баспананың кемі 20 пайызы жетім балалар кате­гориясына арналған. Мысалы, 100 пәтер болса, оның 20-сы же­тімдерге беріледі. Ал қалған 80 пә­тер кезекке тұрғандар арасында бөлінеді. Ал заңдағы өзгерістерге қатысты елордадағы «Тұрғын үй қоры»  КММ дирек­торы Нұрсұлу Қожахметова былай деп отыр: «Сатып алу құқығымен жалға берілетін үйлер биыл да, былтыр да болған жоқ. Ке­зек­тің басында тұрғандарға мұндай нұсқа ұна­май отыр. «Одан бізге пайда жоқ» дейді. Бұ­дан қорқудың қажеті жоқ. Ол жерде қан­ша тұрғысы келсе, сонша тұра береді». Қа­зақстанда бүгінде үй кезегінде тұрған 62 мың­ға жуық жетім тіркелген. Оның 2 737-сі Нұр-Сұлтанда тұрады. Бізде бар деректер бо­йынша, 2018 жылы ресми хат арқылы – 35, 2019 жылы 127 пәтер берілген. Бұлардың бәрі – сатып алу құқығынсыз жалға бе­рілетін үй­лер. «Не молчи Сирота» қоғамдық қорының жетекшісі мынадай деректерді қоса келтірді. Осы уа­қытқа дейін өз үйінің кезегін күт­­кеннен шаршап, өмірдің қиын­дығына төзе алмай өз-өзіне қол жұмсағандар да бар екен. «Жетімдер үйінен шыққан бір қыз өзін атып тастады. Енді бірі балалар үйінен шыққан соң өзін ешкімге керек емес сезініп, көпқабатты үйден секіріп кеткен. Тағы бір жағдайда бала инфаркт алып, жүрегі тоқтап қалған. Осы балалардың бәрі 2019 жылы қайтыс болса да, үй кезегінде әлі тұр. Инвентаризация жа­салмаған. Жергілікті атқарушы орган жұ­мысын дұрыс істемей отыр», – дейді Тұрысбеков. жетім Жалпы алғанда, мемлекет не ұсынады? Тұрғын үйге мұқтаж жандар есебінде тұр­ған­дарға са­тып алу құқығынсыз тұрғын үй бе­ріледі. Бірақ бұл ретте кезектің дұ­рыс сақталмай жатқанын әрі бірнеше жыл­дан бері үй ала алмай жүргенін айтып шағым­данушылар көп. Одан бөлек, ипотекалық бағдарламаларға қатысуға бо­ла­ды-мыс. Яғни, «7-20-25», «Жас отбасы», «Өз үйім», «Бас­пана-хит», «Орда» және т.б. Бұл жер­дегі пара­докс сол – аталған бағ­дарламалармен же­тім­дер тұрмақ, ата-анасының қолдауы бар, жұмыс істейтін азаматтардың өзі үй ала алмай әлек болып жүр. Мұны не­ліктен ес­кермегені белгісіз. Әйтсе де, Білім және ғы­лым министрі жетім балаларды жұмыспен қам­туға қатысты квоталар бөлінгенін айтып отыр. Одан бөлек, «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламасы арқылы жұмысқа орналасып, күн көруге болатын нұсқа бар. Дегенмен ол жұ­мысқа орналасқанның өзінде артында тірегі жоқ жандардың қа­рызға батып, кредит алуы — үлкен тәуекел. Әрі қарыз алушыға ғана емес, қарыз берушіге де. Қостанайдағы жетім балаларға ар­нал­ған №2 мектеп-интернатында тәрбие­ленген Мұхтар Нұрқанов та – үй алуды аңсайтындардың бірі. 1988 жылы дүниеге келген ол 1996-2004 жылдар аралығында балалар үйінде тұрған. Кейіннен Жасөспірім­дер үйіне ауысқан. Ол жерде кәсіптік білім алған. «Балалық шағым оңай болған жоқ. Әкем алты жасымда көлік апа­тына түсіп, қайтыс болды. Анам бол­са, араққа салынып, артынша ата-ана құқығынан айырылды. Тағ­­дырым солай болды екен деп жа­ман жолға түспедім. Адал на­нымды тауып отырмын. Қазір жол қыз­меткерімін. Арманым — бас­паналы болу. Осы күнге дейін пәтер жалдап келемін. «Қожайын қашан пәтер ақысын көтерер екен, қуып жібермес пе екен?» деп отырамын. Жалақым — 65 мың теңге. Оның 20 мыңын жалдайтын пәтеріме беремін. Тамаққа тағы 20 мың ке­теді. Ал киім, жол жүріс, басқа да қажеттіліктеріме бар болғаны 25 мың теңге қалады. 2011 жылдан бері үй кезегінде тұрмын. Басында 3 169-кезекте болғам. Қазір 387-орындамын. Жасым болса 32-де. Үйленіп, үй болу керек.  Ал ол үшін ертеңге деген сенімділік қа­жет. Заңды жолмен үй алғым келеді», – дейді Мұхтар мұңын ай­­тып.   Негізі, еліміздегі жетім балалар санына қатысты статистика нақты болмауы мүмкін. Себебі балалар үйінде өскендерден бөлек, ата-әженің қолында қалғандар да бар. Олардың ішінде кейбірі әлі күн­ге дейін құжат жүзінде бұл ка­те­гория­да жоқ. Әлеуметтік бейімделу машық­тары болма­ғандықтан, балалар үйінің тәрбиеленушілері түлеп ұшқан соң қайда барарын, не істерін білмей қалады. Сөйтіп, кей жағдайда кри­минал ортаға тап болуы да ғажап емес. 2017 жылы «Қайсар» қоғамдық қоры жасаған зерт­теудің нәтижесінде үйі мен жұ­мысы жоқ жетім балалар адам сау­дасы мен құлдыққа қатысты қыл­­мыс құрбаны болуы ықтимал еке­ні белгілі болған. Бұдан шы­ғатын қорытынды: жетімді жы­лат­пағанның пайдасы күллі қо­ғамға тиеді.

Жадыра АҚҚАЙЫР