Тұл жетім қалғандардың баспаналы болуы жыл өткен сайын қиындап барады. Заң бойынша, бірінші кезекте үйлі болуы тиіс азаматтар әлі күнге дейін барар жер, басар таусыз жүр. Заңға енгізілген өзгерістер бойынша, енді жетімдер үйді сатып алу құқығымен жалға ала алмайтын болды. Бұған наразылық білдірген олар басына баспана берілгенін қалап отыр. Тіпті, үйсіз-күйсіз, ата-анасыз қалғандардың ішінде өз-өзіне қол жұмсағандар да бар екен.
Руслан Тұрысбековтің үй кезегіне тұрғанына бес жылға жуықтады. Жеті жасында әке-шешесінен айырылған ол нағашы әжесінің қолында өскен. Бүгінде отыздан асқан азамат жеке бизнесін дөңгелетіп отыр. Жетім балалардың құқығын қорғау мақсатында «Не молчи Сирота» қоғамдық қорын ашқан. Енді өзінің де, өзі секілді жетімдердің де баспаналы болғанын қалайды. «2015 жылдың 26 қарашасында кезекке тұрдым. Осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне 46 рет хат жолдағам. Бірақ бәріне келген хаттың жауабы «үй кезегі келгенде беріледі, күтіңіз» деген болды. Министрліктер болса, «Нұрлы жер» бағдарламасымен ғана жұмыс істеп жатыр. Яғни, бізге сатып алу құқығынсыз ғана үй беріледі дейді. Ал кезекке тұрған кезде, сатып алу құқығымен тұрғанбыз. Енді тек жалға ала алатынымыз әділетсіздік деп ойлаймын», – дейді Руслан. Былтырға дейін жетімдерге сатып алу құқығымен жалға алынатын үйлер беріліп келді. Ал қазір олай емес. Заң бойынша, берілетін баспананың кемі 20 пайызы жетім балалар категориясына арналған. Мысалы, 100 пәтер болса, оның 20-сы жетімдерге беріледі. Ал қалған 80 пәтер кезекке тұрғандар арасында бөлінеді. Ал заңдағы өзгерістерге қатысты елордадағы «Тұрғын үй қоры» КММ директоры Нұрсұлу Қожахметова былай деп отыр: «Сатып алу құқығымен жалға берілетін үйлер биыл да, былтыр да болған жоқ. Кезектің басында тұрғандарға мұндай нұсқа ұнамай отыр. «Одан бізге пайда жоқ» дейді. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Ол жерде қанша тұрғысы келсе, сонша тұра береді». Қазақстанда бүгінде үй кезегінде тұрған 62 мыңға жуық жетім тіркелген. Оның 2 737-сі Нұр-Сұлтанда тұрады. Бізде бар деректер бойынша, 2018 жылы ресми хат арқылы – 35, 2019 жылы 127 пәтер берілген. Бұлардың бәрі – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлер. «Не молчи Сирота» қоғамдық қорының жетекшісі мынадай деректерді қоса келтірді. Осы уақытқа дейін өз үйінің кезегін күткеннен шаршап, өмірдің қиындығына төзе алмай өз-өзіне қол жұмсағандар да бар екен. «Жетімдер үйінен шыққан бір қыз өзін атып тастады. Енді бірі балалар үйінен шыққан соң өзін ешкімге керек емес сезініп, көпқабатты үйден секіріп кеткен. Тағы бір жағдайда бала инфаркт алып, жүрегі тоқтап қалған. Осы балалардың бәрі 2019 жылы қайтыс болса да, үй кезегінде әлі тұр. Инвентаризация жасалмаған. Жергілікті атқарушы орган жұмысын дұрыс істемей отыр», – дейді Тұрысбеков.Жадыра АҚҚАЙЫР