Тамыз айынан бері Алматы әкімдігі мұғалімдерге педагогикалық шеберлік бойынша үстемеақы төлемеген. Әкімдіктің 15 мың мұғалімге 2 млрд теңгеге жуық берешегі болған. Жауаптылар 10 қарашаға дейін тиісті соманы аударамыз дегенімен мұғалімдер шырылдап отыр. Өйткені олар ипотека, кредит және тағы басқа қажеттілікке ақша таппай дал болып жүр. Мәселенің тереңіне бойлай келе, кей өңірлерде педагогтердің жалақысын 3-ке бөліп беру белең алғанын байқадық.
Педагогтердің сөзіне сүйенсек, қосымша ақы дауы қаладағы әр ауданда әртүрлі. Бірі педагогикалық шеберлік бойынша, бірі республикалық бюджеттен бөлінетін 25% үстемеақыны алмаса, ендігісінің дәптер тексеру мен сынып жетекшілікке төленетін ақы қолына тимеген. Сондықтан ипотекасын төлей алмағаннан ломбардтың көмегіне жүгінген ұстаздар бар.8 100 мұғалімге қосымша ақы төленген
«260 мың теңге жалақы аламын. Соның 170 мың теңгесі түсті. Педагогикалық шеберлік бойынша қосымша ақымды ала алмай отырмын. Жалақым біреуге көп болып көрінуі мүмкін. Алайда мегаполис тұрғыны үшін бұл қаражат жоспарлы жұмсағанда ғана жетеді. Қосымша ақы уақытылы түспеген соң, алтындарымды ломбардқа өткізуге мәжбүр болдым. Өйткені несиені төлеу мерзімі өтіп кетті. Білесіздер, төлем мерзімі өтсе, үстіне ақша төлеу керек. Сондықтан әлеуметтік желіде оқыған ақпаратыма сеніп, 10 қарашаны күтіп жүрмін», – дейді Алматы қаласының тұрғыны Жібек Т. (есімі өзгертілді – авт.)Ал тарих пәнінің мұғалімі Сұлтан Сүлеев тамыз айынан бері республикалық бюджеттен мұғалімдерге берілетін 25% үстемеақыны алмаған. Ұстаз бұған түсіністікпен қарап, шешімін күтіп жүр. Өйткені бұл мәселенің астарында карантин шарасы тұр.
«Шаһардағы мұғалімдерге қосымша ақы әртүрлі санат бойынша түспеген. Өйткені Алматыда бірнеше аудан бар. Кейбірі педагогикалық шеберлік бойынша, бірі бюджеттен бөлінетін 25% үстемеақысын алмаған. Мәселен, мен де үстемеақымды алмадым. 3 айдың ақшасы шамамен 90-100 мың теңгенің арасында болуы керек. Иә, педагогикалық шеберлік бойынша ақша мөлшері мүлдем бөлек болуы мүмкін. Себебі санат, тәжірибе және тағы басқалары есептеледі. Мұғалімдердің біразын несие төлеу, ипотека жайы қинап жатыр», – дейді педагог Сұлтан Сүлеев.Мұғалімдер әлеуметтік желіде бас көтеріп, шағым айтқаннан соң Алматы қаласы білім басқармасы мен әкімдік шешім табу үшін министрлікке жүгінген. Нәтижесінде, қала әкімдігі БҒМ-мен бірлесіп, аталған мәселенің шешімін тапқан. Білім басқармасы хабарлағандай, республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді. Ал осыған дейін қаладағы 8 100 мұғалімге жергілікті бюджеттен қосымша ақы төленген.
«Мұндай тапшылық педагогикалық мөлшерлеменің айтарлықтай өсуіне байланысты қалыптасты. Педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы төлеуге бөлінетін қаражат республикалық бюджетте қаралып жатыр. Қаланың білім басқармасы республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуге өтінім берді. Өтініш расталды. Жақын арада, 10 қарашаға дейін қалған мұғалімдер тамыз-қыркүйек айларына қосымша ақы алады», – деп хабарлады Алматы білім басқармасы.Оңтүстік астанада жалақыға қатысты дау туғасын, елордадағы ахуалды білгіміз келді. Білім басқармасына хабарласып, қосымша ақының жайын сұрадық. Басқарма өкілі Алтынай Зарлыққызы Нұр-Сұлтан қаласында ұстаздар тарапынан мұндай шағым түспегенін айтты.
Жалақы қолға «бүтіндей» тимейді
Қосымша ақы жайын сұрастырып жүргенде тағы бір мәселенің шеті шықты. Өңір мұғалімдері біраздан бері жалақыны 3-4-ке бөліп алып жүр екен. Педагогтер жалақы есептеу жүйесіне наразы. Олар айлық есептерде жергілікті бюджет, республикалық бюджет деп бөліп қарастырудан шаршаған. Әрі бұл механизмді түсінбей бас қатырған мұғалімдер жағдай қалыпқа келмесе бас көтеруге бар. «Бөліп-бөліп берген айлықтан берекеміз кірмей тұр. Қолда бар айлықты ипотеканың несиесіне құйып отырмыз», – дейді мұғалімдер. «Жетісай ауданында үнемі жалақыны кеш аламыз. Несиені ай сайын айыппұлымен қосып төлейміз. Айлықты бөліп бергесін не алып, не қойғанымыздың есебін білмейміз. Неге білім саласына қатысты республикалық бюджет пен жергілікті бюджетті біріктірмеске? Бөліп алғасын ба, жалақының көбейгенін де сезбедік», – дейді Айнұр Алтуреева.Негізінен, мұғалімдерге жергілікті бюджеттен берілетін жалақы мен республикалық бюджеттен түсетін қосымша ақы бөлек беріледі. Бірақ педагогтердің айтуынша, ақшаның банк карточкасына аударылу арасы 1 сағаттан аспайтын-ды. Кейінгі кезде аударым уақыты сағат емес, күн бойынша өзгеріп кеткен. Ал мұның салқыны баспана ақысын төлеуге, үй алуға өтініш беруге тиген. Кейіпкеріміз Салтанат Туралина «Баспана хит» бағдарламасы арқылы үй алуды жоспарлаған. Бағдарлама шарттарымен танысып, енді үйге қол жете ме дегенде айлықтың зейнетақы қорына аударымдары дұрыс болмаған. Оның айтуынша, бір ай аударып, екінші ай толық сомасын аудармағаннан бағдарламаға қатыса алмаған. Ол тезірек жалақы аударымы мәселесінің шешілгенін қалайды. Оған қоса мұғалімдер несиеге, бөліп төлеуге зат алу жағы да қиындап кеткенін айтады. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Зәуре Бексұлтанқызы жалақыны «жырымдап» аударудың зиянын айтып берді.
«Мәселен, бізге кейінгі кезде айлықты 4-ке бөліп түсіреді. Бөліп аударудың мұғалімге төмендегідей кесірі тиеді. Бізге қомақты сомада несие алу қажет болса, банк 4 аударымның орташа бір бөлігін ғана «жалақының максималды бөлігі» деп қабылдайды. Өйткені банк дәптер тексеру, республикалық бюджеттен берілетін қосымша ақы мен педагогикалық шеберлік ақысын емес, негізгі жалақыны есептейді. Содан қажетті сомада несие ала алмаймыз. Сондықтан айлықты бөліп-жармай беру механизмі енгізілсе екен», – дейді ол.Ұстаздардың қалауы – осы. Олар маңдай тер, табан ақымен алатын жалақысының қолға бүтін тигенін қалайды.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ