Атырау облысы тек мұнай астанасы ғана емес, сондай-ақ балық өнеркәсібін де жолға қойған аймақ. Қазіргі таңда облыста балық аулаумен және оны өңдеумен 18 балық шаруашылығы кәсіпорны айналысады. Бекіре балығын өсіретін екі зауыт тағы бар.
Бекіре балықтарының табиғи өсім көлемінің қысқаруына және Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында көмірсутек шикізатын өндіруді қарқындатуға байланысты Жайық өзенінің сағасында өтемдік нысан ретінде 1998 жылы Атырау бекіре балық өсіру зауыты салынып, пайдалануға берілді. Кәсіпорын қызметінің мақсаты – Жайық өзеніне жасанды тәсілмен алынған және өсірілген бекіре тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын шығару жолымен Каспий теңізі бекіре балық түрінің қорын толықтыру.20 жылда 90 миллиард шабақ өсірілді
Балық зауыты директоры Рашиден Қалидуллиннің айтуынша, жыл сайын зауытта 3,5 млн дана бекіре тұқымдас балықтардың шабағы қолда және тоғанда өсіріліп, Жайық өзені мен Каспий теңізі аумағына жіберіледі. 1998 жылдан бастап 2019 жылға дейін Жайық – Каспий бассейніне 89 млрд данадан астам бекіре тұқымдас балықтардың өміршең шабақтары жіберілді. «Біз Мемлекет басшысының тапсырмасын жүз пайыз орындап отырмыз. Шоқырдың 1 келі уылдырығынан 120 мыңға жуық шабақ, бекіренің 1 келі уылдырығынан 70-80 мыңдай шабақ, ал қорытпаның 1 келісінен 35-40 мыңдай шабақ өсіреміз. Инемен құдық қазғандай осы жұмыстың барлығын істейтін зауыттың жұмысшылары. Олардың барлығы дерлік балық шаруашылығының мамандары», – деді Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры Рашиден Қалидуллин. Бұл күнде балық шаруашылығы саласында 4 120 адам жұмыс істейді. Олардың дені маусымдық жұмыста. Биылғы қазан айында 7 312 тонна балық ауланды. Өткен жылмен салыстырғанда балық аулау көлемі 757 тоннаға өскен. Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, жыл сайын министрліктің тапсырысына сәйкес Жайық-Каспий бассейні бойынша балық аулаудың шектi көлемiн айқындау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Осы зерттеу қорытындысы бойынша биологиялық негiздеме дайындалады, балық аулау квотасы белгіленеді. Ауланған балықтың 6 500 тоннасы өңделіп, оның 5 900 тоннасы Ресей Федерациясы, Украина, Әзербайжан және Израиль елдеріне экспортталды. Бюджетке 118,0 млн теңге көлемінде биоресурс төлемдері төленді. Балық қорын көбейту мақсатында «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» мен «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» Жайық өзенінен биыл 329 дана бекіре балығын аулады. Жылдағы дәстүрмен бекіре тұқымдас балықтар қорын сақтау үшін оның санын молайту мақсатында аталған екі зауыт биыл Жайық өзеніне 7,5 млн-нан астам шабақ жіберді. Көктемде «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытының» балықшылары Жайық өзенінен 148 келі салмағы бар қорытпа балығын ұстады. Сайып келгенде, бұл балықтың уылдырығынан бірнеше мың шабақ өсіп, балық қорын молайту үшін өзенге, теңізге жіберіледі. Жайық өзенінде балықтардың еркін өтуіне, қауіпсіз жерде уылдырық шашуына жағдай жасау мақсатында өзенді 23,5 шақырым түп тереңдету, 16,9 шақырым жаңа арна құрылысын жүргізу және Қиғаш өзенінде 150,7 шақырым түп тереңдету жұмыстары өткен жылы басталып, әлі жалғасуда. Балық шаруашылығын дамытудағы соңғы талаптарға сәйкес облыс көлемінде тоғанды балық өсіру мәселесіне көңіл бөлінуде. Бұл мақсатта «Восток» және «Тілекші» ЖШС мен «Абдолов» шаруа қожалығы тауарлы бекіре және бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру жұмыстарын бастауда.Еріктілердің көмегі де көп тиді
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының, жергілікті атқарушы органдар мен табиғатты пайдаланушылар, сондай-ақ жастар мен еріктілердің белсенді қатысуының арқасында бөлінген су айдындарынан 55 млн 551 мың дана ұсақ қара балық шабағы құтқарылып, Жайық және Қиғаш өзендеріне жіберілді. Бұл жұмыстар Құрманғазы, Махамбет және Индер аудандарында қызу жүзеге асты. Әрі мұндай жұмыс қазіргі таңда жастардың бастамасымен жиі ұйымдастырылып келеді. Жастардың туған жерге, табиғи байлыққа деген көзқарастары балық қорын молайтуға септігін тигізіп, игі бастама одан әрі жалғаса беруі үшін жергілікті атқарушы билік түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Дегенмен де балыққа жаудай тиіп, оны тағылықпен аулаушылар тарапынан балық шаруашылығы залал тартып отыр. Биыл браконьерлікке қарсы жұмыстардың нәтижесінде табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 1 886 дерегі анықталып, оның ішінде бір мыңнан аса тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 5 қылмыстық іс қозғалып, 20 млн 724 мың теңге айыппұл салынды.Балық шаруашылықтарына да субсидия керек
Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, қазіргі уақытта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі арқылы тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер еңгізіліп, мемлекеттік қолдаулар қарастырылуда. Таратып айтқанда, құнды балық түрлерінің аналық табындарын сатып алуға және ұстауға кететін шығындарды, балық өсіру биологиялық негіздемесінің құнын 50 пайызға субсидиялау уақыт күттірмейді. Сондай-ақ балық жемінің құнын отыз пайызға дейін субсидиялау үшін балық түрлерінің тізімін кеңейту де көзделген. Қазіргі кезде субсидиялар бекіре, албырт және тұқы тұқымдас балық түрлеріне таралады. Бұл ретте, оларды жайын тұқымдастар, цихлидтер, лат, араван тұқымдас балық түрлері мен шаянтәрізділерді өсіру кезінде жұмсау жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы саласындағыдай балық шаруашылығы да Үкіметтен субсидия алу құқығына ие болғысы келеді. Себебі балық отырғызу материалының сатып алу құнын, барлық балық өсіру шаруашылықтары үшін тұтынылатын электр энергиясы және дәрілік препараттарды сатып алуға арналған шығындарды 50 пайызға дейін субсидиялау болмайынша, бұл сала табысқа емес, шығынға көп жұмыс істеу үрдісі жалғаса береді. Бұған қоса, балық өсіру кәсіпорындарына арналған кредиттер, флот және балық өңдеу жабдықтарын лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін 10 пайызға дейін субсидиялау осы саланың дамуына қарқын берері анық. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Атырау облысы әкімдігі берген ұсыныстарға тоқтала кетейік. Бұл алдымен елге қайта өңделген балық өнімдерін және балық өндіруші кәсіпорындар үшін жанар-жағармай материалдарын субсидиялау мәселесіне байланысты болып тұр. Сондай-ақ балық өндіруші және балық өңдеуші кәсіпорындар үшін жеңілдікті салық салу мәселесі пысықталуда. Жыл басынан бері атыраулық балықшылар 7 312 тонна балық аулап, оның басым бөлігі шетелге экспортталғанын жоғарыда жаздық. Өндірістік кооперативтер балықты терең өңдеумен айналысқысы келмей, оны тұздап, шетелге жіберуді жөн көреді. Егер мемлекеттік қолдау болып, жоғарыда жіктеп айтқан сала шаруашылықтарының субсидиялау шешімін тапса, жағдай бұлай болмас еді. Атырау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, егер мал өсірушілер көлік құралдарын, отынды, жемді сатып алу үшін белгілі бір субсидия алса, балықшылар қымбат жүзу құралы мен балық аулау құралдарын өздері сатып алуға мәжбүр. Мемлекет балықшыларға қаржылай қолдау көрсетпейді. Ал балық аулау кооперативтерінің көпшілігінде халықаралық нарықта бәсекеге түсе алатындай балықты терең өңдеуге және балық өнімдерін өндіруге арналған жабдықты сатып алуға қаражат жоқ. Дей тұрғанмен де, облыста балық саласының дамуы төмендеген емес. Атырауға іссапары кезінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Жергілікті экономиканың мұнай-газ және мұнай-химия кешендерінен басқа да салаларын дамыту қажет. Өңірдің балық өнеркәсібін қалпына келтіру және осы секторға инвесторлар тарту керек. Қабылданған шаралардың нәтиже бермей жатқанын көріп отырмыз. Біздің азаматтар нақты істер күтеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі және әкімдік бұл мәселеге баса назар аударуы керек» деген еді. Бұл тапсырма да орындалар деген сенім бар.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы