Барсегянның әрекеті ескерусіз қала ма?
Барсегянның әрекеті ескерусіз қала ма?
126
оқылды

Әлем елдерінде кез келген спорт түріне саясатты араластыруға қатаң түрде тыйым салынған. Яғни, спорттық ойындарға ешқашан  саясат ықпал етпеуі керек. Мұндай жағдай бола қалған уақытта дер кезінде шешім шығарылып, спортшылар мен бас­шылыққа да қатаң сөгіс беріліп келді. Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) мен Еуропа футбол қауым­дастықтары одағы (UEFA) талай мәрте жасыл алаңға саяси көзқараспен шық­қан спортшыларды жазалады. Оның ішінде біз сөз еткелі отырған футбол­шылар да бар. Мұндай жағдай жақында елімізде қайта­ланды. Футболдан Қазақстан біріншілігінде «Астана» мен «Оқжетпес» командалары арасындағы кездесу өтті. Сол ойында арме­ниялық жартылай қорғаушысы Тигран Бар­сегян Әзербайжан – Армения қақтығысын жасыл алаңға алып шықты. Футболшы «Оқжетпес» қақпасына гол соққаннан кейін трибунаға қарап әскери сәлем берді. Сондай-ақ ол бұл әрекетін соғысып жатқан отандастарына арнағанын ашық түрде мәлімдеді. Бұл туралы БАҚ беттерінде бір емес, бірнеше рет жарияланды. Қызық...

«Астана» футбол клубының ресми сайтында армениялық  футболшымен сұхбат та шығыпты. Онда ол өзінің бұл әрекетін былайша түсіндірген.
– Өздеріңіз білетіндей, қазір менің Отанымда, Арменияда әскери іс-қимылдар жүріп жатыр. Мен осы қимыл арқылы қиын жағдайға тап болған барлық отандастарыма голдарымды арнағым келді. Жақын арада менің елімдегі барлық нәрсе жақсарып, адамдар қайтадан тыныш өмір сүре алады деп үміттенемін! – депті Барсегян.
Осы жағдайға қатысты пікір білдірген спорт шолушысы Нұрғазы Сасаев өз кезегінде қазақ футболының саяси сахна емес екенін ерекше атап өтті.
– «Астананың» сенім үдесінен шыға алмай жүрген легионерінің бірі 2 гол соғып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болды. Ол 14 ойында 3 гол соққан – Тигран Барсегян. Соққан голдарын Армениядағы отандастарына арнапты. Біздің футболды саясиландырудың қажеті қанша –осы?! Гол бағыштағыш болса, өзі елінің ұлттық құрамасы сапында соғып, соны бағыштамай ма? – деп Тигран Барсегянның жасыл алаңдағы әрекетінің жауапсыз қалғанына көңілі толмайтынын жеткізді.
Барсегян Біз аталған келеңсіз оқиғаны сөз етіп, мәселе көтерген Abai.kz ақпараттық пор­талының тілшісі Қуаныш Қаппаспен тілдестік.
– Қазақстан билігі бұл қақтығыста бейтарап позиция ұстанады. Аталған екі елмен де одақтастық қатынасымыз бар. Сол үшін де бір жағын ашық қолдап, бір жағын қаралаудан бас тартып отырғаны сөзсіз. Ендеше «Астана» клубы не үшін Арменияның жарнамасын жасап, жақтасып отыр? Бұл жағдайда, ең алдымен Тигран Барсегян жазаға тартылуы керек. Өз елінің саяси жағдайын бейтарап елдің футбол алаңында ашық көрсетуін спортқа тән емес мінез-құлық деп санауға толық негіз бар. Сол үшін бұл мәселеге Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) мен Кәсіпқой футбол лигасы (ҚКФЛ) реакция білдіруі керек. Футболшы қалайда жазаға лайықты. Сонымен қатар ойыншының саяси көзқарасын ресми сайтында жарнамалаған «Астана» футбол клубының әрекетіне де баға берілуі қажет, – дейді ол.
Иә, әлемдік қағидаға қайшы әрекет еткен спортшылар бұдан бұрын да бірнеше рет жазылғанын жоғарыда атап өткен болатынбыз. Енді сол жайтқа қысқаша тоқтала кетейік. Жуырда әзербайжандық «Карабах» футбол клубына UEFA қатаң сөгіс жариялады. Еуропа лигасы аясында өткен польшалық «Легия» командасымен өткен ойыннан кейін «Карабах» ойыншылары мен бас бапкер Гурбан Гурбанов «майданда соғысып жатқан сарбаздарға және бүкіл Әзербайжан халқына» арнап әскери сәлем жолдады.  UEFA бұл қимылды «саяси мәні бар» деп танып, клубқа қатаң түрде ескерту жасады. Осыған ұқсас жағдай 2018 жылы Ресей жерінде де қайталанды. Швейцария құрамасы әлем чемпионатында Сербия құрамасын 2:1 есебімен жеңді. Аталмыш кездесуде Косоводан шыққан қос албаниялық фут­болшы Гранит Джака мен Жердан Шакири гол соққанда екі қолын айқастырып, Албания туындағы екі басты бүркітті бейнелейді. Футболшылардың бұл әрекетіне сербиялық жанкүйерлер наразылық білдірді. Осыдан кейін футболшылар өз әрекеттерінің ешқандай саяси астары жоқ екенін, тек жақындарын қолдау үшін ғана осылай істегенін айтып ақталды. Бірақ FIFA қос ойыншыға 10 000 доллардан астам айыппұл салып, ескерту жасады. Міне, осы екі оқиғаның өзі біз сөз етіп отырған Тигран Барсегянның әрекеті мүлде орынсыз екенін дәлелдейді. Тіпті, алғашқы екі оқиғадан да ауыр. Себебі «Карабах» өз елінде отырып, өз халқына қолдау көрсетті, ал Джака мен Шакири өздерінің ұлттық құрамасында осындай әрекет жасады. Армениялық футболшы болса біздің елде жүріп, өз еліне қолдау білдіріп отыр. Демек, оның әрекеті FIFA-ның «футбол мен саясатты араластырмау» ұраны мен Қазақстанның бейтараптық ұстанымына қайшы келуде. Осы әрекетті қолдап, саяси мәндегі фотосуреті мен сұхбатын ресми сайтында жариялаған елордалық клубқа да ескерту жасалуы керек. Бірақ бұл жайттың әлі күнге дейін жабулы қазан күйінде қалғаны біз үшін таңсық жағдай болды.

Әбілмансұр ЖАСАН