Жабық есік
Жабық есік
693
оқылды
Бастықтың қабылдау бөлмесі. Көзін сүрмелеп отырған сұлу қыздың үстінде іліп алар лыпа жоқ. Кірпіктері-найзадай. Тырнақтары-қылыштай. Тілі-салақұлаш. Шашы-ұйпа-тұйпа. Қабылдау бөлмесіне бір ересек кісі кірді. – Не шаруамен жүрсіз? Хатшы қыз келушіге қадала, қатулана қарады. – Бастығыңызға кіріп-шық­пақшы едім. – Бос емес. – Мені тап осы уақытқа шақырып еді... – Бос емес дедім ғой... – Ендеше, күте тұрайын. – Ықтиярыңыз білсін. – Рахмет! Келуші орындықтардың біріне жайғасып отырды. Хатшы қыз ересек кісіні тергеудің астына алды. Құтты бір Әңкүр-Мүңкір дерсіз. – Қандай бұйымтайыңыз бар? – Онда сенің қандай шаруаң бар? Бастығыңның өзіне ғана айтамын. – Менің білуім керек. Өйткені, бастық «Не шаруамен келіпті?» деп сұрайды. Екіншіден, бүгін басекеңнің қабылдау күні емес. Ол кісі әр жұмада сағат 15:00 мен 18:00-ге дейін азаматтарды жеке өтініштерімен қабылдайды. Міне, жазылып тұр емес пе? Соқыр емес шығарсыз. – Соқыр емес едік. – Онда жұма күні келіңіз. – Бастығың бүгін, дәл осы уақытта кел деген. – Бүгін кел десе, не жұмыспен келгеніңізді айтпайсыз ба? – Япырай! Соншама өкшелеп қоймадың ғой. Бастығыңа «жеке шаруамен келіпті» деп айта қойшы, шүкірім сол. – Көке! Бастық бүгін жеке өтінішпен қабылдамайды. Жұма күні, онда да түс қайта келіңіз дедім ғой.  Өзіңіз бір сөз ұқпайтын жан екенсіз. – Мен бе? Сен бе? – Сіз! – Шырағым, осы жасыма дейін мұндай сөзді естімеген едім. – Естімесеңіз, естідіңіз. Өзіңіз сұрап алдыңыз. Екіншіден, мен сіздің шырағыңыз емеспін. – Сонда кімнің шырағысың? – Оны басекеңнен сұраңыз. – Ендеше бастығыңа жібер­сеңші. Кімнің шырағы екеніңді де сұрап шығайын. – Сіз сонда мұнда сол үшін келдіңіз бе? – Қарағым, өзің емессің бе, «бастықтан сұра» деп отырған. Хатшы қыз орынынан жұлқы­нып ұшып тұрды. – Барыңыз! Кетіңіз! – Қарағым, мен «кет!» дейтін ит емеспін. – Сонда кімсіз? – Адаммын! – Адам емес, надансыз! – Өзің надансың.  Кіргелі бері айтпағанын қалған жоқ. Соқыр дедің, Көндік. «Түк ұқпайтын жан екенсіз» дедің. Төздік. Енді мұныңа шыдай алмаспын. – Сонда не істемексіз? Келуші кілт тоқтады. Қызымен жасты мына бойжеткенге не істей қоюшы еді. Төбелесетін еркек емес. Жұлысатын әйел емес. Дұрысы-құтырғаннан құтылған. Осылай ойлап тілін жұтып қойған келушіні хатшы бұқтырдым деп  отыр. Осы кезде есік сарт етіп ашылып, іштен бастық шыға келді. Жалғыз екен. Ол қонақты көріп құшағын жая ұмтылды. – Көке, келген бетте кіре бермедіңіз бе? – «Бос емес» деген соң... – Сізге қашан да есігіміз ашық қой. Хатшы қыз қипақтады. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» деген, хатшы  өзінше жол тауып кетпек болды. – Басеке, бұл кісіге келгелі «кіре беріңіз» деп отырмын. Өзі ғой,   «осында күтемін» деген. Ағаңыз ілтипатты жан екен... Қонақ інісіне бір қарап, хатшы қызға бір қарап алып, ішке кіріп бара жатты. Ішіне не түйіп кеткені белгісіз. Жабық есіктің арғы жағы жым-жырт.

      Сабырбек ОЛЖАБАЙ