Атырау аймағы климатының жайсыздығы болмаса, қойнауы толған тұнба байлық. Бұл – бізге берген табиғаттың сыйы. Бірақ осы байлықты игеріп, ел игілігіне жарату, өндірістің қарқынды дамуы, өңіріміздің экожүйесіне техногендік салмақ салып отырғаны да ащы ақиқат. Ірі өндіріс орындары шоғырланған Атырау өңірі үшін экология – маңызды мәселе.
Ал маңызды мәселені шешуге уақыт пен қаржыдан өзге жауапкершілік те керек екенін естен шығармаған дұрыс. Жерасты және жерүсті байлығын игерудегі табиғатқа залал, адамзатқа қауіп төндірмей шикізатты өндіруді «мақсатты» түрде естен шығарып жіберетін шетелдік және отандық компаниялардан өзге, жергілікті жердегі мекемелердің де жауапсыздығы аймақ экологиясына орасан зор қауіп төндіруде.
Жергілікті тұрғындар таңда тұрғаннан иісі қолқаны алып кететін иістерге үйреніп қалған. Мұнай-газ компанияларының ауаға жіберген лас ауасынан өзге Атырауда тағы бір проблема бар. Кәріз суы жергілікті халық «Сасықсай» деп атайтын булану алаңына жеткенше тазартудың толық сатысынан өтпейді. Облыс орталығының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына кері әсерін тигізетін бұл мәселені академик, эколог Мұфтах Диаров жиі айтып, халықпен бірге жанайқайын тиісті құрылым басшыларына айтудай-ақ айтып келеді.
Аймақ экологиясын назардан тыс қалдырмайтын ғалымның айтуынша, пайдалануға берілген 24 мың текше метр сұйық жинауға арналған «Сасықсайға» қазір кәсіпорындардан тәулігіне 60 мың текше метр сарқынды құйылады. Улы заттардың қорымына айналған полигон аумағы 8 есе ұлғайған.
Тұрғындарды зәрезап еткен булану алаңының жабылатыны туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев халыққа есеп беру жиынында айтқан еді. Қаланың сол жақ жағалауында салынып жатқан кәріз тазарту жүйесі құрылысының аяқталуын атыраулықтар асыға күтіп жүр.
Жуырда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Атырау қаласының сол жақ жағалауында кәріз тазарту жүйесінің құрылысы барысын бір шолып қайтты.
Атырау қаласының кәріз тазарту қондырғылары кешенінің құрылысы 2017 жылы басталды. Қазіргі уақытта негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып келеді. Келесі жылы аталған кешен өз қызметін толыққанды бастауы тиіс.
Аймақ басшысы жобаның ерекшелігіне тоқтала келіп, аймақтың экологиялық қауіпсіздігі маңызды екенін де атап өтті.
Кешен құрамында негізгі кәріз айдау стансасы, тазаланбаған ағын сулардың қондырғысы, кәріз тазарту қондырғыларының алаңы, тазаланған ағындардың коллекторы, биологиялық көлдер мен булану алаңдары бар. Тазартудың мұндай тәсілі Қазақстанның тек бірнеше қаласында ғана пайдаланылады. Жаңа кешен пайдалануға тапсырылған соң, «Сасықсайдағы» булану алаңдары жойылады.
Жаңа кешенді пайдалануға тапсырған соң ғана мүмкін болатын ағынды суларды тазалаудың жаңа түрі ең алдымен экология үшін аса маңызды. Тазаланған су көздері жер қабаттары мен жерасты суларының ластануына жол бермейді. Тағы бір ескерер жайт, ластанған су айналадағы экологиялық жүйеге кері әсерін молынан тигізеді.
Жаңа тазалау қондырғылары жұмыс барысының тиімділігін арттырады. Өйткені тазаланған ағынды суларды шаруашылық мақсаттар үшін қайтадан пайдалануға болады.
Қазірден-ақ мамандары осы нысанға келіп, іске кірісуі керек «Атырау Су Арнасы» КМК өкіліне облыс әкімі тосын бір ұсыныстар жасады.
– Осы нысанды кейін сіздің мекеме өз құзыретіне алады. Мамандарыңыз қазірден-ақ аталған кешенде жұмыс істей алуы үшін, қондырғының қыр-сырымен таныса беруі керек. Олар нысан пайдалануға тапсырылғанша қызметті бастап кететін дәрежеде болуы керек. Маусыммен қызмет жасауы үшін мұнда кем дегенде 20 шақты мамандарыңызды жіберулеріңіз керек. Жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп келеді, нысанды межелі уақытында тапсыруымыз керек», – деді Нұрлан Ноғаев.
Жобаны жүзеге асыру қала маңындағы көптеген проблеманы шешуге, әсіресе экологиялық ахуалды жақсартуға болады екен. Кейін кәріз тазарту кешенінің жүйесіне жеке сектордағы үйлерді қосу да жоспарланып отыр.
Осылайша, 1978 жылы салынған нысанның жаңа тынысы ашылады. Жаңа жүйе іске қосылған сәттен бастап, кәріз жүйелерінің экологияға теріс ықпал етуі мүлдем тоқтатылады.
«Қазгидрометтің» мониторингтік бақылауы нәтижесінде жасалған ауасы ең лас қалалар тізімін биылғы бірінші жартыжылдықта Ақтөбе бастап, Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларынан кейін Атырау жалғастырған. Мұнайлы аймақта бірінші санаттағы қауіпті кәсіпорындар саны жүз елуге жетіп қалды. Бұл қоршаған ортаны қорғау шараларын әлі де жетілдіре түсу керегін көрсетеді. Ал келер жылдан бастап іске қосылатын жаңа кәріз суын тазарту жүйесі Атыраудың лас ауасын тазартады деген үміт бар. Ендігі үміт аймақтағы ірі кәсіпорындар да өз істеріне жауапкершілікпен қараса, қазба байлығы мол жердің жергілікті халқының да өмір сүру қолайлығы жақсарары сөзсіз.
Атырау облысы