Шаруасы біткен «Шатқал»
Шаруасы біткен «Шатқал»
242
оқылды

2017 жылдың басында, яғни қақаған қыстың орта­сын­да Шымкент қаласын­да­ғы бос жат­қан сай-сала­ны жасыл ор­­­манға айнал­ды­ру мақса­тын­да сол кез­де­гі Оңтүстік Қазақстан об­­лысының әкімі Ж.Түй­ме­баев­тың бастамасы­мен Шым­­кент қаласында «Шат­­­­­қал» бағ­дар­ламасы қа­­бы­л­­­данған-ды. Бұл жоба қа­ла­­ның эколо­гия­лық ах­уа­лын жақ­сартып, ішкі ту­ризмді да­мы­­туға да себеп болады де­лін­г­ен.

Түркия мемлекетінде бірнеше жыл Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі болған Жансейіт Қан­сейітұлы шыны керек, Шым­кент­те әрбір шешім қабылдарда Түркияның тәжірибесіне сүйене­тін. Туризмі дамыған Түркияның жері тау-тасты, шатқалдары жасыл желекті саябақтарға айналған. Ал миллион тұрғыны бар Шымкент қаласында Дендробақтан басқа саялы мекеннің жоқ екені белгілі. Сондықтан сол кездегі өңір бас­шы­­­сы­ның мал жайылымы үшін ғана кәдеге асып жүрген қыраттар­ды жасыл желекке айналдырамыз деген бастамасына шымшаһардың тұрғындары ғана емес, бүкіл облыс жұрты қолдау білдірген. Тіпті, қыз­ды-қыздымен «Шатқал» бағ­дар­ламасы жүзеге асқанда 47 шатқал іске қосылып, Шымкент­тегі жал­пы орманды алқап 16 мың гектарға жетеді деп жоспарланып, бекітіліп те кетті.

Әрбір шатқалға Шығыс әде­бие­ті­нің көрнекті өкілдерінің ата­уы беріліп, ғұламалардың өсиет сөз­дері тасқа қашалып жазылмақ болған. Әрине, аталған жобаның жұрнақтары сол кезде жүзеге асып жатты да. Облыстық мәслихаттың депутаттары бастаманы қолдап, тал-терек егіп, ол жерлерді гүлден­діру үшін арнайы жер бөлісіп алды. Олард­ың қатарында облыстық мәс­лихаттың хатшысы Қ.Бала­биев­ке – 8 гектар, кәсіпкер Р.Ос­па­н­­ә­ливаға – 10 гектар және өңір­дегі ірі оқу орындарына 10 гектар жерден бөліп беріп, шатқалдың картасы мен сертификатын салта­натты түрде табыстаған.

Осылайша, қараусыз қалған шат­қалдарды көгалдандырып, инф­ра­құрылым жұмыстарын жүргі­зіп, субұрқақтар, аяқжолдар, ашық театрландырылған сахналар, шах­мат пен дойбы алаңы, тағы бас­қа да халыққа қызмет көрсету орын­дарын салып, демалыс кеше­ніне айналдырамыз деген қадау-қадау уәделер, тапсырмалар сол жылдың басынан бастап бұқара­лық ақпарат құралдарында, аудан-ауданның мәжіліс залында гу-гу әңгіме арқауына айналып, рес­ми түрде күн тәртібінен түспей мін­дет­теліп, жүктеліп жатты. Ма­ңыз­ды шарадан ешкім де қалыс қалған жоқ.

Бағдарламаның бірінші кезе­ңін­де салынатын 5 шатқалдың ал­ғаш­қысы Тассай тұрғын алабын­да осы жылдың 14 қаңтарында-ақ жүзеге асты. Қыстың суығына қара­мастан 25 гектар жерге 1 718 түп қарағай, арша, емен, шаған, тал­шын секілді ағаш егіліп, ол жер­ге «Шымсая» деген атау беріл­ді. Оған студенттер, мемле­кеттік мекеме қызметкерлері, мұғалімдер, БАҚ өкілдері жұмылдырылды. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында қаланың дамуы кенжелеп қалған шеткі ауданындағы сай-салада тал егу шаралары қызу қарқын алып, аймақты абаттандырып, саябаққа айналдыру жұмыстары жүрді. Апта сайын көшет егу жұ­мыс­­тарына барлық мекеме қыз­меткерлері жұмылып жатқанын көз көрген. Билік басындағы баз­бі­реу­лер алғысхаттармен де мара­пат­тал­ды. Не дейсіз, әйтеуір, сұм­дық бел­­сенді жұмыс болған. Ал енді бү­гінде сол шатқалдардың халі не­шік?

Бір жылдан кейін-ақ, 124 гек­тарды алып жатқан 7 шатқал, оның ішінде «Самал» – 34, «Шымсая» – 25, «Юнус Эмре» – 25, «Депу­тат­тар» шатқалы – 10 гектар, «Нұр Отан» – 8, «Қ.Балабиев» – 8, «Н.Әбі­шев, Р.Оспанәлиева» шат­қа­лы 10 гектар болатын шатқал­дың сыры белгілі бола бастады. Осынша жерге отырғызылған 11 мыңнан астам көшеттің 25 пайызы жерсінбей қурап қалғанын облыс басшысының өзі де көрді. Бұл шаралар жүзеге асамын дегенше ағаштарға суару жүйесін жүргізу үшін 27 су сақтайтын ыдыс қойылып, 17 жерден тік су ұңғы­ма­сы қазылған. Одан бөлек 46 шақырым жерге тамшылатып суару жүйесі жүргізіліп, 4 жарық трансформаторы орнатылған 26 мың шаршы метр жер көгалданды­рыл­ған. 16 шақырым жер қорша­лып, саябақты күтіп-баптау үшін 5 адам тұрақты түрде жұмысқа тартылған болатын. Жалпы, 80 мың түп ағаш егіліп, осы жұмыс­тарға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Алайда бүгінде құрылғанына екі жылдан асқан шатқалдың жағ­дайы мүсәпір күйді кешіп тұр. Тіп­ті, жуырда Шымкент қалалық мәс­лихатының депутаты Н.Бұхар­бай бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шатқалдар туралы жанай­қа­йын да жеткізді. Онда «екі жыл бұрын бастау алған «Шатқал» бағ­дар­ламасына бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Оның бүгінгі жағдайы қалай? Тіпті, ол жерлерді жекеменшіктікі деп естідім. Қала аумағындағы ең үлкен шатқалға барып көрдім, есігі жіппен бай­лаулы, егілген ағаштар қурап тұр. Сонда миллиардтаған ақша қайда кетті?» деген болатын. Халық қа­лау­лысы айтса айтқандай, жағдай дәл осындай. Жуырда біз де қала­дағы шатқалдың біріне барып қайттық. Бір кездері қызу жұмыс болған бұл аймақ өлі тыныштықта. Қоршаудың есігі жіппен байлаулы. Алыстан әр-әр жерден қылтиып 5-6 тал көрінеді. Кіреберісіне күл-қоқыс төгілген. Заманауи желім үйшіктер құлап жатыр.

Ал 10 гектарды алып жатқан «Н.Әбіш, Р.Оспанәлиева» шатқа­лын­дағы егілген тал-теректер сүрі­ліп, құрылыс жұмыстары жүрген. Онда 9 қабатты 21 үй салынып жатыр. Бұдан басқа да шатқал­дың иесі бар болып шықты.

Мамандар тал-теректің өнбей-өспей қалуы суғарудан емес, дұрыс егіл­мегендіктен деген сылтау айта­ды. Қалай болғанда да «сен салар да, мен салар, атқа жемді кім с­а­лар» болған сияқты. Уақытша ұран­дату, науқаншылықтың соңы сиыр­құйым­шақтанып кетті. Об­лыс Түр­кіс­танға көшті, бұрынғы басшылар кетті. Сонымен, мұны «Қу кетті, іс бітті» дейміз бе, әлде, «Жаны ашы­мас­тың қасында басың ауырмасын» дейміз бе, әйтеуір, бү­гінде Шым­кент әкімдігіне қа­рас­­ты шаруасы шат­қаяқтаған шат­қал­ға бас ауыр­тып отырған жан баласы жоқ.

 

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы