Брексит тағы шегерілді...
Брексит тағы шегерілді...
109
оқылды
Ұлыбритания тағы Еуро­о­дақ құрамынан шыға ал­ма­ды. Соңғы келісім бо­йын­ша 31 қазан күні бұл ел Еуропаны тастап кетуі тиіс еді. Жаңа премьер-ми­нистр Борис Джонсон қыз­мет­­ке келгенде ұзаққа со­­­зыл­ған Брекситке қара­ша­ға дейін нүкте қоюға уә­­де берген. Алайда оның бар­­лығы бекер болып шық­­­ты. Британ Парламенті Еуро­одақпен жасалған құ­жат­ты қолдамады.

Еуроодақ мүшелері амалсыз Ұлыбританияның ұйымнан шы­ғу уақытын тағы шегерді. Ке­лесі межелі мерзім – 31 қаң­тар. Алдағы жылдың басына де­йін брит елі өзара Брексит келі­сімі бойынша ортақ мәмі­ле­ге келуі тиіс. Алайда ол оңай­ға соқпасы белгілі. Оппо­зи­ци­ядағы лей­бо­рис­тер партия­сы­ның қарсылық қарқыны күшті. Бұл қарсылық үшінші үкімет­басын ауыстыруға әкеліп отыр. Сондық­тан арадағы үш ай ішін­де премьер Борис Джонсон кезектен тыс Пар­ла­мент сай­лауын өткізіп, жақтас­тары – Консервативтік партия­ның үс­тем­дігін арттырып, өз елін Брек­­­сит дағдарысынан алып шық­пақ.

Б.Джонсонның жоспары бо­йын­ша сайлау 12 желтоқсан күні өтуі тиіс. Кезектен тыс сай­лауға келі­сім алу үшін үкі­мет Қауымдар пала­тасының үштен екі бөлігінің қол­дауына ие болуы керек. Алғаш­қы қаралымда Парламенттен қол­дау таппады. Алайда 29 қазан күні Қауымдар палатасының 438 өкілі жыл соңында сайлау өткізуді мақұл көріп, дауыс берді. Бұл сайлау ар­қыл­ы Борис Джонсон өз мақ­са­тына жету-жетпеуі белгісіз. Себе­бі экс-премьер Тереза Мэй де дәл осы әдіске басып, Брексит ке­л­і­­сі­мі­не қол қоймақ болған. Алай­да сай­лауда басым дауысқа ие бола алмай (42%), ол да отстав­каға жіберілді.

Дегенмен премьер-ми­нистр Джонсонның алдағы сай­­лауға үміт артатын жайы бар. Біріншіден, бас қарсыласы лейбористердің жетек­шісі Джереми Корбинге қарағанда оның танымалдығы анағұрлым жо­ғары. Екіншіден, қазіргі сауал­на­ма бойынша, Консерва­тив­­тік партия елдің 35% қолда­уына ие, бұл оппоненттерінен 10%-ға көбі­рек. Үшіншіден, ел 2016 жылдан бері Брексит дауы­нан шаршады. Олар да бұл процестің ертерек аяқ­тал­ғанын қалайтын шығар. Олай болма­ған жағдайда Лондон мен Брюс­сель арасындағы саяси сауда әлі қашанға дейін жалға­сары белгісіз.

Ұлыбритания неге үш жылдан бері Еуроодақтан шыға алмай келе жатыр, халық 2016 жылғы ре­фе­рен­­думда ұйымды тастап шығуға дауыс берді емес пе деген сауал туындай­тын шығар. Алайда оның өз себеп­те­рі де бар. Еуропадан бар­лық жұрт кеткісі келмеді. Мәсе­лен, сол рефе­рен­думда Бри­тан хал­қының 51,9%-ы Еуроодақ­тан шы­ғуды қолдаса, 48,1%-ы қар­сы дауыс берді. Жоба­лап алған­да дауыс тең түсті. Осы қазан айында Еуропа құрамында қалуды құп көретіндер­дің Лондонда кезекті үлкен шеруі өтті. Бұл брит қоғамы аталған мәселеде әлі де қақ жары­ла­ты­нын көрсетіп отыр. Оған қоса, оппозициядағы лейбористер­дің Пар­ламенттегі орны көп. Олар үкі­­­меттегі консерватор­лардың өз діт­тегеніне жетуіне барынша қар­сы­лық танытуда. Егер консерва­тор­лар Брекситті жүзеге асырып, елді Еуроо­дақ­тан шығарса, онда Консер­вативтік партияның мерейі үстем болуы мүмкін. Бұл келесі сайлауда лейбористердің жеңуі екіталай дегенді білдіреді. Сондық­тан оппозиция өзінің ертеңін ой­лап, саяси ұстаны­мын нығайта түсу­де. Бұдан бөлек, референдум алдында айтылмаған бірнеше мәселе шешімін әлі таппай отыр. Со­ның бірі – Ирландия Республи­касы мен Британия құрамын­дағы Солтүстік Ирландия арасындағы шекара. Еуроодақ келіссөздерде қос Ирландия арасында шекара болмасын деген талап қойып, оны өзгерт­педі. Яғни, Ұлыбритания Еуро­о­дақтан шықса да, Солтүс­тік Ирландия Еуропаның кеден юрис­дик­циясында қалуы ке­рек. Басқаша айтқанда, Лон­донның бақылауы­нан шығады деген сөз. Парламент мүшелері көтерген ең өткір мәселе­нің бірі осы болды. Себебі Солтүс­тік Ирландияда ше­кара болмай, кедендік еркін­дік­ке қол жеткіз­се, ертең осындай эко­но­мика­лық артық­шылықты Шот­лан­дия, Уэльс те Англия­дан талап етуі ғажап емес. Бұл Ұлыбрита­ния келе­шек­те ел ретінде ыды­рауы­на әкелуі мүмкін деген сөз. Сондық­тан бұл елдің Парла­мент мүшелері Еуроодақтың талабына келіспей отыр.

Жалпы Брекситке қатысты рефе­рендум өтпес бұрын Еуро­паны тастап шықсақ, егемен­дігіміз арта­ды, өз қолымыз аузымызға жетеді, мол ақша үнемдейміз деп айқай­ла­ған саясаткерлер аз болмады. Бірақ 2016 жылдан бергі жағдай мүл­дем басқаша өзгеріп шыға кел­ді, қайта Брекситке қарсы бол­ған, Еуропа құрамында қалуды қолда­ған азаматтардың болжа­мы орын­да­ла бастады. Мәсе­лен, ағылшын жерінде жайғас­қан Панасоник, Дайуа, Номура секілді жапонның компания­лары мен банктері Еуро­па­ға көшіп кетті. Bank of America 200 жұмыс орнын Лон­до­н­нан Па­риж­­ге көшірді. Деутч Банк Лон­дон­­дағы меке­нін Фран­кфурт­қа ауыс­­тырды. Ал Брита­нияның Ллойдс, HSBC және басқа банктері бір­қатар филиа­лын Еуропаға жет­кізді. Мыңда­ған жұмысшысы бар Airbus пен BMW компа­ния­лары Брита­ния­дағы зауыт­та­рын жауып, Кәрі құрлыққа аттана­мыз деп қор­қы­тып отыр. Ал тек былтыр ғана еуропалық 2 300 про­фессор Анг­лиядан көшіп кетті. Басым бөлігі Окс­форд пен Кем­бридж ұстаз­дары. Олар өз келе­ше­гін Британиямен байланыс­тыр­май отыр. Осы уа­қыт­­та Ұлы­брита­ния эконо­мика­сы 2,2 пайыз­ға азайды. Егер Еуро­одақ­ты тастап шық­сақ, онда бюд­жет аптасына 350 млн фунт үнем­дей­ді деген сая­сат­керлер­дің бол­жа­мы орын­дал­мады. Соңғы зерт­теу­л­ер оның орнына Брекситтің кесі­рінен Британия аптасына 500 млн фунт жоғал­тып жатқанын көр­сетті.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА